«Кешікпей келем деп ең…»
«Қарғайын десе – жалғызы, қарғамайын десе – жалмауызына» пара-пар қоғамдық көліктің жұрттың қарақотыр бір жарасына айналғаны қашан. Әйтеуір, бір тезге түспейтін тентек болды. Содан қоғамдық көлікке қараша халықтың өкпесі – қара қазандай. Иә, кейінгі жылдары автобустар біршама жаңарды. Жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ, құда күткендей сарылудан бұқараның көзі ашылған жоқ. Әсіресе, көз байлана Қарағандының қоғамдық көліктері күттіре-күттіре діңкеңізді құртады. Күндіздің өзінде көзіңізді талдыратын олардың ымырт үйіріле, қарасы батқан күнмен қоса өшеді.
Жергілікті билік жаяу жүріп те, қоғамдық көліктерге мініп те көрді. Көптің айтатын арызының жаны барына және көз жеткізді. Қабақ түйіп, қатаң ескертулер де айтылды. Жолаушылар тасымалындағы автопарктер «түзелеміз» деп тәртіпсіз оқушыдай желкесін қасығаны да рас. Сөйтіп, бірер кем-кетіктерін жойды. Алайда, іңірде автобустардың кілт тоқтауы әлі тыйылған жоқ. Автобустағы кондуктор, жургізушілердің бейәдебін сөз етпегеннің өзінде.
Қала ортасындағы кей аялдамаларға олардың жүру жиілігін көрсеткен кесте де ілінген. Онда аралық уақыттың ұзақтығы 7-10 минут шамасында. Десек те, уақытында келіп жеткен автобус жоқ. Демек, кестелер өтірік айтады. Автобус жоқ, ендеше ол не көзбояу?
Маусым айында облыс әкімінің бұл мәселені реттеу үшін арнайы тапсырмасымен тексерістер жүргізілгені де шындық. Бір ай мұғдарында мәселенің оңтайлы шешілуін талап еткен-тін. Сол кезеңде ай көлемінде автобустар «тәртібін» аз-кем «түзеген». Тексеріс барысында қоғамдық автобустардың тек күнделікті 45 пайызы ғана бой көрсететіні де мәлім-тін. Қазір сол кепті бұқара қайта киген сыңайлы.
Кешкі 8-ден кейін көшеге шықсаңыз «далада» қаңғып қаласыз. Діттеген жеріңізге жете алмай, жүйкеңіз автобус күтумен жұқарады. Екі көзіңізді төрт қылған қоғамдық көліктердің бұл «жыры» қашан тәмамдаларын билік те, бұқара да, оның қожайындары да тап басып айта алмай келеді.
Марал, қала тұрғыны:
– Жексенбі күндері автобус күтуден қажисың. Одан қалды кешкілік автобустар 8-ден соң азаяды. Баратын бағытыңызға көлік таппай қиналасыз. Қоғамдық көліктердің жүру уақыттарын ұзартса, жақсы болар еді.
Салтанат, «Шапағат» ықшам ауданының тұрғыны:
– Біздің ықшам ауданға автобус атымен келмейтініне бой ұсынып, көндіккенбіз. Тиімсіз болғандықтан әзірге ол бағытқа қоғамдық көлік шығарылмайтынын айтқан. Оны да қойшы. Біз одан берірек келіп, қалаға жету үшін №7-ші автобусқа отырамыз. Ал, енді №7 автобустың кестесі «ерте тұрып, кеш қалған» кесте. Әбден күдеріңізді үзгенде, «өлдім, жан шықты» дегенде зорға жетеді. Оған жиналған жұрт жапа-тармағай таласып-тармасып ілініп-салынып әзер ілігеміз. Бір аяқтап тұрып, қаланың шетіне іліккен соң көздеген жерімізге жетпей түсіп те қаламыз. Келесі бір автобусқа отыру үшін. Басқаны қайдам, біздің ықшам аудандағы қоғамдық көліктің ахуалы осындай.
Сенбі мен жексенбіден соң аптаның жұмыс күндеріндегі автобуспен жылап көрісесіз. Ал, демалыс күндері автобус көпшілік шыдамының шегін сынап бағады. Естуімізше, тендерлік құжаттамада қызмет көрсетуге ынталы тасымалдаушы күніне 17 автобус шығару міндетін мойнына алады. Дегенмен, бейресми деректердің айтуынша, сапарға шығатыны осының жартысына жуығы ғана екен. Сонда қоғамдық көлік қожайындарының мұнысы «судан өткенше қызыңды алайын, судан өткенше қызыңды ұрайын» ба?
Бұқара кешқұрым қоғамдық көліктің жүруін өтініп отыр.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА