Руханият

Кесене қайта жөнделеді

Қабырғасы қақырап, күмбезі шайқалып тұрған Дүзен кесенесінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлытау ауданы Қаракеңгір өзенінің оң жақ жағалауындағы Қарақұдық сайында орналасқан бір жарым ғасырлық тарихы бар ғұрыптық ескерткішті 1866 жылы халық шебері Сералы ЕЛАМАНҰЛЫ Дүзен САНДЫБАЙҰЛЫНЫҢ қабірінің басына тұрғызған болатын.

Дүзен кесенесі – республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне алынған мұра саналады. Сондықтан да қаржы республикалық бюджеттен бөлініп, жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланып отыр. Биыл кесененің іргесін шегендеп, ескі порталды қайта көтеру шаралары жүзеге аспақшы.

Дүзен кесенесінің негізгі көлемі күрделі пештақты-күмбезді текшеленген құрылыс болып есептеледі. Ғимараттың бүрмеленген күмбезі он қырлы мойындықпен көтерілген. Ал – іргесінің сыртқы өлшемі – 8,5х10,2 м, ішкі өлшемі – 5,4х5,4 м. Кірпіштері (26x26x6 см) қалың майбалшық ерітіндісімен өрілген. Пештақтың жалпы биіктігі – 10 м. Бас қасбетінде есік ойығы (1,70х0,77 м) алдында беларқалы қуысы бар. Оның айналасы үш жолақты жақтаумен қоршалған. Ортадағы жолақ шаршы өрнектеліп ойылған тақтайша кірпішпен әрленген. Ал, қалған 3 қасбетінің қабырғасы “ромб” пішінді қалаумен өрілген. Қасбеттерінің жоғары жиектерінде биіктігі 60 см дөдегесі бар. Дөдегенің шаршы қалыпты тақтайшалары сегіз қырлы жұлдызбен оюланып, үстінен көк түсті жыланкөз шыңылтырмен көмкерілген. Дөдегеден жоғарғы екі қатар қалауы тіс тәрізді әдіспен өріліп, ең шетін бұғат жиектеп шыққан. Ғимараттың оңтүстік-батыс жағындағы ішкі бұрышта төбеге шығатын сатысы бар. Ол тар галерея (1,8х1,6 м) тәрізді қабырғаларды айнала бойлап барып, пештақтың үстіндегі шағын алаңға және әрі төбежабынның үстіне шығарады. Дүзен кесенесінің еденіне шаршы тақта кірпіш төселген. Бүрмелі күмбездің ұшар басында бір-бірімен қиылыса орнатылған ағаш діңгектері бар.

Кесененің ескі кірпіштерін алу үстінде оның арасынан көне жазбалар табылыпты. Өз заманында Дүзен батырдың діндар адам болғанын ескерсек, бұл жәдігердің құран аяттары болуы әбден ықтимал.

Әзірлеген: Рауан Қабидолдин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button