Кептелістен құтылар күн жақын
Майқұдық күре жолының жөнделе басталғанына – екі жыл. Бір қарағанда 10 шақырымнан сәл астам аумақты жөндеу үшін бұл көп уақыт сияқты. Оған бұл жолдан тәулігіне 200 мыңға жуық адам қатынайтынын қосыңыз. Бірақ, сапа тұрғысынан бағамдасақ, бұл көп уақыт емес. 2 метр тереңдікке дейін қазып, бірнеше қабат түрлі тас төсеп, екі ауысыммен тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмыскерлер қазан айының аяғына дейін межеленген 10,8 шақырымның 10 шақырымын аяқтамақ. Қалған 800 метрі келесі жыл еншісінде. Бұл туралы Қарағанды қаласы коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем ҚОЖАҚАПАНОВ жұмыс басына жасалған сапар барысында айтып берді.
Бір топ журналист Сырдария аялдамасы жанына барғанда қызу жұмыс жүріп жатты. Кеншілер аялдамасынан Сырдарияға дейін асфальт төселген. «Восток-5» ықшам ауданы аумағындағы төрт тарапты жолдың тоғысқан тұсы да дайын. Заманауи түрде ыңғайлы жасалыпты. Яғни, еш қиындықсыз Сырдарияға дейін келесіз. Арғы жағы бір тарапты жол. Бұл тұстың жұмысы да аяқталуға жақын. Кептеліс тек таңертең һәм кешкі уақытта болады. Карл Маркс пен Магнитогорск көшелері бойынша, 10 шақырым жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Ол «Завод Сто» кәсіпорыны маңынан қаланың Оңтүстік Шығысына кететін бұрылысқа дейін деген сөз. Ал, Сантехническая көшесінен бастап, Сырдария аялдамасына дейін жарықтандыру, ағаш отырғызу, бағдаршамдар орнату, жиектастар мен жол бойындағы көлік тұрақтарын жаңарту жұмыстары толық қамтылады. Келесі жылы қалған 800 метрге тас жол төселіп, Сырдария аялдамасынан қала орталығы мен Майқұдықты жалғап тұрған көпірге дейін толық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл құрылыс аумағына 200-ден астам жұмыскер мен 150-ге жуық техника жұмылдырылған. Мақсат – қар түспей межелі жерге жетіп жығылу. Қазан айының соңына дейін тасжол төсеу жұмысын аяқтап, қараша айының аяғына дейін абаттандыру жұмысын тиянақтамақ. Жұмыс істеп жатқан мамандардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Бұған қоса жол құрылысына пайдаланылып жатқан барлық өнім Қазақстанда жасалған. Бұл – отандық өнімге сұранысты арттырып, экономикамызды көтеруге үлес қосары анық.
– Суағарлар да қарастырылған. Жоғарыда аталған аумақта 4,7 шақырым суағар орнатылған. Әзірге жаңбыр кезінде жиналған суды байқамадық. Өйткені, су жиналмай бірден тұс-тұстан орнатылған құдықтар арқылы өз арнасын табады. Құдықтардың қақпақтары әдейі торлы темірмен жабылған. Адам өміріне қауіпсіз әрі судың сіңіп кетуіне ыңғайлы. Ал, осы аралыққа 21 бағдаршам мен 24 жаяу жүргінші жолағы орнатылады. Негізі әр бағдаршамның жанына бір жолақтан жасалуы тиіс. Біз адам көп өтетін жол бөліктеріне жоба бойынша тағы 3 жолақ қосып, 24-ке жеткіздік. Мәселен, «Горняк» аялдамасында екі жаяу жүргінші жолағы бар. Өйткені, мұнда халық тығыз орналасқан. Сонымен қатар, аялдамалар да жылжытылып жатыр. Мұның барлығы адам өміріне қауіпсіздікті күшейтіп, тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін жасалуда. Сондай-ақ, адамдар ықтап, көлеңкелеп тұратын аялдама павильондары жаңартылады. Қазірге 3 павильион орнатылған. Барлы жұмыс алдын ала жоспарланып, саланың ең білікті мамандарының сараптап, зерделеуінен кейін ғана жүзеге асырылады. Сондықтан, мұның бәріне түсіністікпен қарау керек, – дейді Рүстем Қожақапанов.
Майқұдықта жер асты сулары көп болғандықтан, жолдың қазылған ең төменгі қабатынан жоғарғы бетіне дейін 1 метр, 50 см. Кей тұстары 2 метрге дейін барады. Бүгінгі таңда жоспар бойынша биылға қарастырылған жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Қазанның аяғы қарашаның басында 10 шақырымдық үш қабат асфальт төсеу жұмысы аяқталып, жол пайдаланылуға беріледі. Қалған абаттандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін ауа райына байланысты жалғаса бермек. Осылайша, Майқұдық күре жолындағы кептелістен арылар күн жақын қалды. Ал, осы ауқымды жұмысты жемісті жүргізіп жатқан «Казахдорстрой» ЖШС жобасы басшысының орынбасары Махамбет Оқашевтің айтуынша, жолдың сапасы өте мықты болмақ. Өйткені, онда отандық өнімдер қолданылуда. «Әрбір қолданылатын құрылыс материалы арнайы экспертизаға жіберіліп, зерттеуден өтеді. Ең төзімді, сапалы дегендері таңдалып, жұмысқа пайдаланылады. Бұл өте жауапты жоба. Барлық жұмыс қатаң бақылауда. Жасалған жол ұзақ жылдар халық игілігіне қызмет етері сөзсіз. Үш қабат асфальттың жоғарғысы – 5 см, ортаңғысы – 7 см, үшіншісі – 10 см. Жол түрлі салмақтағы көліктер жүруге арналған. Өйткені, мұнда жолаушы тасымалдайтын көліктер жүреді және олардың салмағы да әжептәуір. Егілген талдарды күту һәм жөнделген жолдың сапасына 5 жыл кепілдік бар. 5 жылдан кейін де бұл жол оңайлықпен бүліне қоймайды» дейді ол. Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Біріншісі – жүріп тұратын садақасы, екіншісі – тастап кеткен пайдалы білімі, үшіншісі – өзіне дұға етіп отыратын соңына қалдырған ұрпағы, – деген (Мүслим).
Хадистегі «жүріп тұратын садақа» – адамдар алғыс айтып, күнделікті пайдаланатын көпір көтеру, жол салу, мешітпен бірге құдық қазу, су құбырын жүргізу, қайырымдылық мақсатта емхана, асхана, мектептер салу және тағы басқа. Адамдар бұл ғимараттарды пайдаланған сайын, сауабы солардың көтерілуіне демеушілік қылған азаматтарға, иелеріне, құрылысшыларға, жалпы соған себепші болған кісілерге жетіп отырады. Бұлардың сауабы мен марапаты осы дүние мен ақыретте беріледі екен. Ендеше, осындай қайырлы һәм игілікті істің сапалы һәм уақытылы аяқталғанын тіледік.
Жәлел ШАЛҚАР.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.