Жаңалықтар

Кенжеболат Жолдыбай: “Жақсылыққа жаға жыртысып емес, ой жарыстырып жету керек”

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі (А.Байтұрсынұлы). Бәсекеге қабілеттілікке, озық өркениетке туған тілі, ұлттық дәстүрі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бұл – адамның емес, уақыттың өзі дәлелдеген құбылыс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылған дүние де осы: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын». Орайы келіп, осы тақырыптар төңірегінде саясаттанушы Кенжеболат жолдыбаймен әңгімелескен едік…

  • Аға, тілді дамыту үшін қандай шаралар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
  • Мемлекеттік тілді дамыту үшін сана керек, намыс керек, жігер керек, ал, бірақ адамның өзінде түйсік болмаса, мемлекеттік тілді дамыту өте қиын. Мәселен, 1989 жылы Тілдер туралы Заң қабылданды. 1993 жылы Конституциямен оны бекіттік. 4-бапта “мемлекеттік тіл – қазақ тілі” дедік. 20 жыл өтсе де әлі ештеңе өзгеріссіз. Екі тілді де, үш тілді де біл, бірақ, мемлекеттік тілді білу міндет. Егер қоғамдық сананы жөндей алсақ, мемлекеттік тілді жөндеуге жағдайымыз бар.Мемлекеттік тілге мемлекеттік деңгейде көңіл аударылмай отыр деп айта алмаймыз. Неге? Айтып өткенімдей, Ата Заңымызда 7-бапта “мемлекеттік тіл – қазақ тілі” деп белгілеп берді. 93-бапта 7-бапты орындауды тиісті орындарға міндеттеді. Мәселе – өзімізде. Осыдан 10 жыл бұрын Ақселеу Сейдімбек «Шынның жүзі» хабарында біздің министрлеріміздің 95 пайызы «Елім-айды» білмейді деп айтқан болатын. «Елім-айды» білмеген соң, ол қазақты білмейді деген сөз. Қазақты білмейді деген – қазақтың жанын ұқпайды деген сөз.
  • Ұлттық кодқа қандай анықтама берер едіңіз?
  • Ұлттық код – қазақтың тілі, ділі. Яғни, егер ол қасиеттер болмаса, өзіңді қалай қазақ деп санайсың? Мысалы, код деген уақытта ойға «пин-код» келеді. Оны ұмытсаң, ақша ала алмайтын тәрізді, өзіңнің кодыңды ұмытып қалсаң, қайда барасың? Орыс дейін десең, түрі – қазақ. Қазақ дейін десең, тілі – орыс. Міне, үлкен трагедия бұл. Осыдан айығуымыз керек. Бүгін өзге ұлт өкілдерін емес, қазақтың өзін қазақша сөйлету керек, қазақтың өзін қазақ тілі – мемлекеттік тіл екенін мойындату керек. Сондықтан, сана неге керек? Ол соны түйсініп, менің тілім – қазақ тілім деп ойлау керек, екіншіден, мен осы тілді қалай алға жылжытамын деп ойлау керек. Тілдің қолдану аясын қалай кеңітемін, қалай басқаға мойындатамын деп ойлау керек.
  • Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы алты бағытқа тоқталсаңыз…
  • Головкин қазақты әлемге танытты. Қазақ білімімен, дүниеге деген көзқарасымен, өзінің жасампаздығымен жұртты мойындату керек. Жапондарды неге мойындаймыз? Көлігін мінеміз, олар салт-дәстүрін керемет ұстанатын халық. Балалар да жапон тілін үйренуге құштар. Себебі, олар елін дүниежүзіне таныта білді. Қазақтың қолынан ештеме келмейді деген империялық саясатты санамызға бізге құйып қойды. Біз өзімізден өзіміз ұялатын болдық. Қазақ деп айтуға, қазақша сөйлеуге ұялдық. Осы қазақ қазаққа оқы деп неге насихаттай береді деп айтуы мүмкін. Қазақты оқыту керек, оны күшпен емес, санамен жасаған дұрыс. Екі адам дұрыс сөйлеп, сол екеуінің сөзіне басқалары ден қойып жатса, өзге ұлттардың өздері-ақ үйренгілері келеді, ізденеді. Ал ізденуге, үйренуге үкімет барлық жағдайды жасап отыр. Ілгерілеу бар. Біреулер орыс тілін оқымау керек деп ойлауы да мүмкін. Бұл – жаңсақ пікір. Орыс тілін орыстан артық білу керек. Орыс тілінен бас тарту – өзімізді кері тарту. Қазақ тілін дамытып, алға қойып, орыс тілін біліп, басқа тілдерді меңгеріп, әлемде кез келген жерде еркін жүретіндей, сол тілдегі білімді бойға сіңіріп, дарыта отырып, өзің олардан алға кетіп қалатындай болу керек. Бәсекеге қабілеттілік деген – осы. Рухани жаңғыруда айтылатын прагматизм, білім көкжиегін кеңейту, ұлттық біртектілік – осы. Жақсылыққа жаға жыртысып емес, ой жарыстырып жету деген осы. Революция емес, эволюция керек. Жұмыс істесең – ешкім қолыңды қағып жатқан жоқ.
  • Ұлттық бірегейліктің мызғымас негізі неде деп ойлайсыз?
  • Қазақтың небір мықты қасиеттерін қайтару керек. Мәселен, кезінде уәдеге берік болған. Шетелден келген этнографтар қазақтарда бүкіл тағдырлы шешімдер уәдемен-ақ шешіле беретінін естіп, таң қалған екен. Айтты, бітті, орындайды. Ұлтты сипаттайтын, ұлттың ұлылығын көрсететін қасиеттерді қайтару керек. Ал, екінші мәселе – ұят. Қазір «без комплексов» дегенге мақтанатын болып жүр. Бұл – ұятсыздық. Оны естігеннен адам жерге кіріп кетсе керек. Одан не ұттық? Өзіміздегі барды сырып тастап, әркімге жүгірдік. Әркімнен әр нәрсені ала бердік. Біздің өз жолымыз бар, өз мүдделеріміз, құндылықтарымыз бар. Өзіңнің асылың тұрып, басқаны ақтарудың қажеті жоқ. Жастар халықтық мүдде, елдік мүдде тұрғысынан ойласа дейсің. Мәселен, Әлихан Ермеков қазіргі біздің мемлекеттілігіміздің аумағын сақтап қалды. Оны кезінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың арқасында тұңғыш рет заңды түрде бекіттік. Бұл – мықты шешім.

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button