Поэзия

“КЕНТАВР” КАРТИНАСЫ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ

“КЕНТАВР” КАРТИНАСЫ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ

“Құлагермен болады сөйлесуге…”

(Ақан сері)

“Құлагермен болады сөйлесуге…”

Деген бір сөз түседі кейде есіме.

Қазақтікі – басы осы Кентаврдың,

Қалған жағы –

Жылқының бейнесінде.

Арғымақты тек Алаш жыр еткен ғой,

Сонда күллі дүние дір еткен ғой;

Жылқыны біз қолға әкеп үйреткенде,

Жаяу-жалпы жүрген бұл –

Гректер ғой!

Жылқы менен қазақта пейіл – біреу,

Ол басқадан біздерге бейімділеу;

Қазақ еді басында

оның басы!

… Реставрация жасады кейін біреу…

Бұ Кентавр – қазақтың Қарагері!

Ат үстінде асқақтап барады елі;

Басқа ел болса,

Атты емес,

Доңызды алып,

Дөңайбат қып өз басын салар еді!

“Құлагермен болады сөйлесуге…”

Деген бір сөз түседі кейде есіме:

Қазақтікі –

Басы осы Кентаврдың,

Қалған жағы –

Жылқының бейнесінде…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button