Кеншілер талабы қолдау тапты
Екі апта бұрын 6 адамның өмірін қиған «Абай» шахтасындағы қайғылы жағдайдан кейін шахтерлер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына бірқатар талаптар қойған еді. Облыс әкімдігінің бастамасымен құрылған үшжақты келісу комиссиясы сол талаптардың жайын саралап, ортақ шешім іздеді. Шешім табылған да сияқты. Кеше өңірлік телекоммуникациялар орталығында өткен брифингте облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аталған комиссия жұмысын қорытындылады.
Қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан кеншілердің жақындары мен отбасыларына тағы бір мәрте көңіл айтқан аймақ басшысы қажетті психологиялық, материалдық және басқа да көмектер көрсетіліп жатқанын сөз басында айтып өтті.
– Қарашаның 11-нен 19-ы аралығында келісу комиссиясы белсенді жұмыс жасады. Оның құрамына барлық 8 шахтаның, «Қорғау» және «Жақтау» кәсіподақтарының өкілдері, кәсіподақ комитеттерінің, «Өркен-Атасу» мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді. Жалпы, кеншілер көтерген мәселелер шешімін тапты, – деді Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімі айтылған 12 талап көмір департаментінің жұмысына тікелей қатысты екенін баса айт ты. Мәселен, оның ішінде, қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету, апаттардың болу себептерін жою, қолданылатын құрылғылар мен техниканың жай-күйі, көмір департаменті бөлімшелерінің штаттық санын бекіту, жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру әрі еңбекақыны индексациялау және басқа да әлеуметтік мәселелер мен төлемдерге қатысты талап бар. Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан кеншілердің зейнетке шығу жасын қысқарту мәселесі де көтерілген болатын.
– Кеше, алдыңғы күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшыларымен, кәсіподақ өкілдері мен келісім комиссия мүшелерімен барлық шахта ұжымдарын аралап шықтым. Әр талап бойынша түсіндірдік. Оның барысында кеншілер тұратын елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымына қатысты басқа да сұрақтар туындады. Оларды шешу бойынша жоспар қолға алынды. Оның орындалуы назарда болады, – деді аймақ басшысы.
Жеңіс Махмұдұлы келісу комиссиясы қол жеткізген қорытындыларға тоқталды.
– Әкімдік бастамасымен облыстың шахтерлері мен металлургтері үшін Отбасы банк арқылы 5%-бен ипотекалық несиелендіру қолға алынды. Оны жүзеге асыру жолдарын банк қазір қарастырып жатыр. Біз өз тарапымыздан 2022 жылдың бюджетіне бұл мәселені енгіздік. Бағдарлама алдағы 5 жылға бағдарланады, – деді ол.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жыл сайынғы инфляция деңгейіне байланысты жұмыскерлердің еңбекақысын 100% көтереді. Бұған дейін еңбекақы 50%-ға ғана көтеріліп келген. Сонымен қатар, еңбекақы келесі айда 1517%-ға артатын болады. Бұдан бөлек, компания басшылығы желтоқсан айында барлық жұмыскерлерге 13ші жалақы төлеуді өз мойнына алып отыр.
– 13-ші жалақы бұған дейін көктемде берілетін. Оның өзі жоспардың орындалуына байланысты болатын. Енді өндірістік жоспардың орындалуы немесе орындалмауына қарамастан бұл еңбекақы тұрақты түрде жыл соңында берілетін болады, – деп түсіндіріп өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, компания кадр тапшылығын жоюды міндетіне алды. Ол үшін желтоқсан айының соңына дейін нормативті сандық және штаттық кесте әзірленіп, ол толық қамтылғанша ай сайын кемінде 100 адамды жұмысқа алатын болды. Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндерінің санын көбейту және ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парағындағы төлемдерді 50 АЕК-ке дейін арттыру жұмыстары келісілді. Аймақ басшысы 2017 жылғы меморандумда айтылған жұмыскерлерді тасымалдау мәселесінің де оң шешілетінін жеткізді. Оның айтуынша, жұмыскерлерді тасымалдауға қолданатын автобустар желтоқсанның біріне дейін ауыстырылмақ. Ал, келесі жылдан бастап тасымалдау үшін Сарандағы автобус шығаратын зауыттың өнімдерін алатын болып келісілді. Шешімін таппаған 3 мәселе, атап айтқанда, жер астында еңбек ететін шахтерлердің зейнетке шығу жасын азайту, қайғылы жағдайларды тергеу кезінде жәбірленушінің кінәсін анықтау және регресниктер төлемін арттыру – әкімдік пен компания басшылығының құзырынан тыс.
– Бұл 3 мәселені біз 12 қараша күні Үкіметке жолдадық. Бүгінде олар орталық мемлекеттік органдардың талқысында. Бұл мәселелердің шешілуі заңнамалық өзгерістерді талап етеді. Бұл жұмыстар басталды. Біз де оған атсалысамыз, сонымен қатар, бұл мәселеге кәсіподақ өкілдері де қосылатын болады, – деді Ж.Қасымбек.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген облыс әкімі көмір департаментінің әр жұмыскері еңбекақысын көтерген кезде қанша алатынын білетінін, кездесу барысында түсіндірілгенін жеткізді. Бұл ретте еңбекақының көтерілуі тек жұмыскерлерге қатысты екенін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Наир Бирджу да атап өтті.
– Ұжымдық келісімшартпен істейтін барлық жұмыскерлердің еңбекақысы көтеріледі, – деген бас директор компания былтырғы қазан айынан бастап қолданыстағы құрылғыларды жаңарту бойынша жұмыстар жасап жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жұмыстар бірден алдағы 10 жылға жасалмақ. Аймақ басшысы алдағы уақытта шахталарға аудит жүргізілетінін де мәлімдеді.
– Аудит ақпанның соңына дейін жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша құрал-жабдықтардың жағдайы, заманауи техникаларды алу сияқты мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар, компания әр шахтаның жұмысы, болашақтағы перспективалары туралы ақпарат беруге міндеттеледі. Қазір «Абай» шахтасының болашағына қатысты сұрақтар көтеріліп жүр. Сондықтан, біз әр шахтадағы кен қорын, оның қанша уақытқа жететінін білуіміз керек. Соған сәйкес әрекет етеміз. Мәселен, кен қоры 10-15 жылда бітеді десе, халықты жұмыспен қамтудың басқа жолдарын іздестіруіміз қажет, – деді Ж.Қасымбек.
Брифинг соңында Жеңіс Махмұдұлы келісу комиссиясының жұмысы әлі аяқталмағанын, аталған шешімдердің іске асуын ай сайын тексеретінін ескертті.
Жансая ОМАРБЕК.