Бас тақырып

Кеншілер өлкесі көркейеді

Бейсенбіде өткен брифингте облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы аймақтағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жайына тоқталды. Басқарма мамандарының сөзіне сүйенсек, биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда. Іске қосылатын тұрғын үйдің 80%-ға жуығы коммерциялық тұрғын үй болғандықтан инвестицияға тәуелді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– 2024 жылдан Өнеркәсіп және құрылыс минис­трлігі дайын тұрғын үй сатып алу арқылы халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы кезекте тұрғандарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. Сол тетікке байланысты жалға берілетін тұрғын үй құрылысының жобалары қаржыландырылмайды. Жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынады. Әлеуметтік мақсаттағы тұрғын үй сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сай жайлылықтың ІІІ-IV сыныптарына сәйкес келуі тиіс. Тұрғын үйдің бір бірлігінің жалпы ауданы 80 шаршы метр шегінде болады. Рұқсат етілген ауытқуы 5 пайызға дейін, – деп атап өтті облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин.

Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарында жеке құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізуде. Аудандарда 2, 4, 6, 12 пәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Нысандар дайын болған кезде тұрғын үйді сатып алу мақсатында конкурстық рәсімдер өткізіледі. Ағымдағы жылдың шілде айында кезекте тұрғандар үшін 17 пәтер (Қарағанды қ. – 3 пәтер, Бұқар жырау ауданында – 2 пәтер, Шет ауданында – 12 пәтер) сатып алынды.

Биыл сондай-ақ, несиелік тұрғын үй құрылысының 8 жобасын іске асыру жалғасуда. Несиелік тұрғын үйді сату кезектегілерге салымдағы бастапқы жарна сомасы болған кезде Отбасы банкі арқылы жүзеге асырады.
Әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу да назардан тыс қалмаған. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы облыс бойынша 90-ға жуық елдімекенді қамтиды. Бүгінгі таңда 14 нысан пайдалануға берілді. 27 нысанның құрылысы жүргізілуде.

– Ауыл-аймақтарда денсаулық сақтау нысандарын салудан бөлек, облыстық нысан салу басым бағыттардың бірі. Биыл Қарағандыдағы бұрынғы балалар ауруханасының корпусын медициналық жатақханаға қайта жаңарту аяқталды. 94 жас маман қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Теміртау қаласының орталық ауруханасы үшін Бас ғимаратқа қосымша құрылыс жүргізілуде. Осындай жобаны Балқаш қаласында бастау жоспарлануда, нысанды іске қосу 2025 жылға жоспарланған, – деді Мұрат Мағзин.

Ал, білім беруге келсек, биыл Бұқар жырау ауданы Новостройка ауылында және Күнгей шағын ауданында мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Осылайша Новостройкадағы апатты мектеп мәселесі толықтай шешілмек. Ал, Күнгейде мектеп алғаш есігін ашатын болады.

Басқарма биыл жаңа мектептер салудан басқа, қолданыстағы мектептерді қайта жабдықтауға баса назар аударды. Мәселен, мектептерді жаңғырту мақсатында 3 қосымша ғимаратты, 1 спортзалды (Нұра ауданы) пайдалануға беру және №1 мектепті (Осакаров ауданы) қайта жабдықтауды аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, Қарағандыдағы №50 мектеп ғимаратының құрылысын бастау да биылғы жоспарға енгізілген.
Биыл республика бойынша білім беру саласындағы инновациялық жоба Пришахтинск қаласындағы шығармашылықты дамытатын қосымша білім беру ғимараты пайдалануға берілді. Алдағы уақытта дәл осындай жоба Майқұдықта басталмақ. Оған қоса «Жайлы мектеп» аясында облыста 12 500 оқушыға арналған 18 мектеп салынады деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button