Бас тақырып

Кенді өлке – көш басында

Үкімет еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын жариялады. Деректерге көз жүгіртсек, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже баршылық. Орайы келгенде айтайық, республикадағы басты индустриалды аймақ қатарындағы Қарағанды облысының үлесі қомақты екені даусыз. Мәселен, өңдеуші өнеркәсіп өнімі экспортының 25 пайызы – көмірлі өлкеге тиесілі. Қарағанды көш бастап тұр.

Бүгін облыстың даму көрсеткішін айқындайтын барлық салалардағы мәліметтерді қысқа-нұсқа назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

 

ӨНЕРКӘСІП

Қарағанды облысы – еліміздің басты индустриалды аймағы. Облыс экономикасының жартысы өнеркәсіпке тиесілі. Биыл бұл саладағы негізгі жұмыс өндірісті жаңғыртуға, өңдеуші сектордағы кәсіпорындарды қолдауға, инвестиция есебінен тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.

11 айда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі өңдеуші өнеркәсіптегі қарқынның 6 пайызға артуы есебінен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға өсіп, 3,5 трлн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің 76 пайызы өңдеуші сектордың үлесіне келеді.

Негізгі капиталға инвестиция көлемі 11,2 пайызға өсті. Яғни, 595,2 млрд. теңге. Оның ішінде, 547,6 млрд. теңге инвестиция бизнестен тартылды.

Тоғыз ай қорытындысында өңдеуші өнеркәсіп өнімінің экспорт көлемі 4 млрд. АҚШ долларынан асты. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға өсім бар.

Ел аймақтары арасында экспорт бойынша бірінші орынға шығып, 25 пайызды еңсерді. Облыс өнімі 40-тан астам елге экспортталады. Бұлардың қатарында Ресей, Қытай, БАӘ, Ұлыбритания, Өзбекстан, Украина, Қыр¬ғызстан сияқты елдер көш бастады.

Шикізаттық емес экспорттың басым бөлігі металл және металл бұйымдарының, химия өнімдерінің, құрылыс материалдарының, машина жасау саласының еншісінде. Металл прокаты, шақпақталған мыс, карбид полимері, стирол, жағар майлар, пластмасса құбырлар, фитингтер, резина ременьдер, электр сымдары сынды өнімдерді ерекше атап өтуге болады.

Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға 15,8 мың долларды көрсетті. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 3,7 пайыз өсім тіркелді.

Жалпы алғанда, өңдеуші өнеркәсіптегі өсім 6 пайызды немесе 2,6 трлн. теңгені құрады. 11 айдың қорытындысында түсті металлургия – 25,1 пайызға, машина жасау – 31,9 пайызға, өзге де металл емес өнімдер – 3,3 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 2,4 пайызға, резина және пластмасса бұйымдар өндірісі – 49,9 пайызға, химия өнеркәсібі 4,5 пайызға өсті.

Машина жасау саласы кез келген индустриалды аймақ экономикасының маңызды бөлігі саналады және өнеркәсіп дамуының технологиялық деңгейін көрсетеді. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді және өзге де салаларды дамыту арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткішін көтереді. Облыс¬тағы өңдеу өнеркәсібінің 6,1 пайызы аталған салаға тиесілі. Қарағанды облысы тау-кен-металлургия саласына мамандануына байланысты тау¬-кен-шахта қызметіндегі жабдықтар жасау бағыты айтарлықтай дамыған.

Облыста 106 машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді. 11 айда 163 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Өсім – 31,9 пайыз.

Кәсіпорындардың жартысы машина мен жабдық жөндеу секторына маманданған. Бұлардың қатарында Kazakhmys Maintenance Service, БорусанМакина Казахстан, Курылысмет, Мэйкер сынды алып кәсіпорындар бар.

22,4 пайызы – Каргормаш-М, Инкар-1, Бемер Арматура, Мэйкер кәсіпорындары тау-кен өндірісі, карьерлер мен құрылыс техникасының бөлшектерін жасайды.

15,2 пайызы негізінен электр жабдықтарын, сымдар мен кабельдерді өндіреді. Бұлардың қатарында Казцентрэлектропровод, Казахмыс Смэлтинг сияқты компанияларды атап өтеміз.

Сонымен қатар, өңірдегі кәсіп¬орындардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа жобалар, жаңғырту жұмыстары көптеп қолға алынуда. 2010 жылдан бері Индустрияландыру картасы шеңберінде 64 млрд. теңгеге 14 жоба іске қосылды. 1100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Шарлы крандар, көтеру-тасымалдау жабдықтары, жарықдиодты шамдар, ауа фильтрлері сияқты жаңа өнім түрлері пайда болды.

Елімізде алғаш рет шина зауытының құрылысы қолға алынды. Саран индустриялық аймағында орналасқан бұл зауытқа 171 млрд. теңге инвестиция тартылды. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт толық қуатына шыққанда ішкі нарықты шинамен қамтиды және экспортқа жөнелтіледі.

Зауытты сапалы кадрмен қамтамасыз ету мақсатында Саран гуманитарлы-техникалық колледжінде жаңа техникалық мамандықтар ашылды. Сондай-ақ, Татарстанның Нижнекамск қаласында мамандар оқыту ісі жолға қойылды.

Индустриялық аймақта Yutong автобус жасау зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл зауыт та шетелдік инвестиция есебінен салынған.

Келешекте тағы бірнеше ірі жобалар жоспарланып отыр. «Хуатун» компаниясы 2025 жылы қытайлық инвестормен бірге кабель өнімдерін шығаруды қолға алады. Жоба құны – 13,7 млрд. теңге. 258 адам жұмысқа алынады.

2024 жылдан бастап HOWO жүк көлігі де индустриялық аймақта құ¬рас¬тырылады. 3 млрд. теңге инвестиция құйылатын зауытта жылына 1200 арнайы техника шығарылады. 180 адам жұмыспен қамтылады. Бұл өндіріс ошақтары, тек, моноқаланы ғана емес, облыстың да әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін бермек.

ЭНЕРГЕТИКА

Ең алдымен, энергетикада елді елеңдеткені – газ. Оның Арқа жеріне жеткені жалпыға белгілі. Ендігісі үйді-үйге жету. Биыл осы ғасыр жобасына пара-пар газ магистралінің игілігі бұқараға бұйыра бастады. Санаулы уақыта Сыр жерінен Арқаға дейін төселген газ құбырынан көгілдір отынның көпшіліктің үйіне тікелей тартылуы біршама қарқын алды. Атап айтқанда, Барыс жылы Қарағанды және Теміртау қаласының 2 мыңға жуық үйі газға қосылып, бейнеттен құтылды.

2022 жылдың соңына дейінгі жоспар – төрт мың үй. Бүгінде осы 4 мың үй орталық газға қосылу мүмкіндігі бар. Келесі жылы Шахтинск, Саран, Осакаров және Абай аудандарында газбен жабдықтау желілерінің құрылысы басталады деп күтілуде.

Жалпы, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларымен қатар, 120 елді мекенге газ беретін магистральдің құрылысы аймақтағы ірі жобалардың бірі екені мәлім. Жоба арқылы 29 528 тұрғын үй табиғи газға қосылады.

Сонымен қатар, облыста тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қатаң бақылауда. Мәселен, 2025 жылға дейін бұл қызметті тұрғындардың 100% алуы тиіс. Қазір орталықтандырылған сумен жабдықтауға қала халқының 98,2%-ы және ауыл тұрғындарының 91,4%-ы қол жеткізген.

Айталық, облыс халқын сапалы ауыз сумен және су бұрумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен 27 жобаны іске асыруға 13 132 740 мың теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыс¬тырғанда бюджеттік инвестициялар көлемінің 15,9 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Осы бөлінген қаражатқа 234 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілерін салу, реконструкциялау жоспарланған екен. Оның 104 шақырымы қалаларға, 129 шақырымнан астамы ауылдарға тиесілі. Су құбырының жаңғыруы жұртшылықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жылудан тапшылық көрмеу үшін де жобалар қолға алынды. Мысалы, 3-ші жылу электр орталығынан тұрғын үй құрылысы қаулап бара жатқан Оңтүстік-Шығысқа жылу жеткізу үшін жылу магистралі салынуда. Орталықтан тартылатын жылу трассасының ұзындығы – 22 шақырым. Жобаға 22, 7 млрд.теңге бөлінген. Бүгінде аталған қаржыға шақталған жұмыс толық атқарылды. Алдағы уақытта тағы қаражат беру жоспарда. Былтыр магистральдің 8, биыл 6 шақырымы төселді. 4 сорғы стансасының 3 стансасы салынып бітті. Қаражат уақытылы бөлінсе, жергілікті билік өкілдері 1 жарым жыл ішінде жобаның сәтті аяқталарына сенімді.

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ

Қарағанды секілді түгін тартса, майы шығатын өндірісті өңірдің ауыл шаруашылығы да өзгелерден көш соңында қалып көрген жоқ. Индустриалды Қарағандыны аграрлы Қарағандыға айналдыру идеясы көп жылдан бері айтылып та келеді. Аумағы басқа облыстармен салыстыр¬ғанда біршама көлемді Қарағанды аймағының ауыл шаруашылық саласында соңғы жылдары жағымды жаңалықтары жоқ емес.

Мәселен, биыл облыста жалпы өнімін өндіру көлемі 17,6%-ға өскен екен. Соның ішінде, аймақ жұмыртқа өндірісінде ел бойынша үздік үштікті тұйықтап тұр. Оған қоса, ел ішінде «екінші нан» аталған картоп өсіруде озық.

Биылғы ауа райының қолайсыздығы да диқандарға дән жинауда кедергі бола алмапты. Құзырлы орындар, ауыл шаруашылығы басқармасы дәнді дақылдардан жақсы өнім жиналғанын айтады.

Дәлірек айтсақ, 886 мың тоннадан астам жоғары сапалы астық бастырылған. Жиналған картоп – 292 мың тоннадан артық. Бұдан бөлек, 58 мың тонна басқа да көкөніс алынды.

Экономиканың бұл бағытында еңбектің өнбектігі техникаға да тікелей байланысты. Осы күні шаруашылықтар техникаларын жаңартуы да жіті назарда. Оған мүмкіндік бар. Айталық, биыл 800-ден астам ауыл шаруашылық техникасы сатып алыныпты.

Әлбетте, ауыл шаруашылығы дегенде, баяғыша қарадүрсін шаруашылық жүргізуді техникасы мен технологиясы күрт дамыған 21 ғасыр көтермейді. Дүниенің бәрі ақылды технологияға жүгініп, цифрлық техниканың тілін меңгеріп жатқанда, аса таяғына сүйенген ежелгі қалыптың ертеңі жоқ. Сондықтан да, шаруашылықтарда жерге дәнді сіңіріп қойып, оның шығымын күн мен бір жаратқаннан ғана сұрап отыратын заман өткен. Инвестиция құйып, жердің июіне, суды көктен ғана сұрамауға үйретті уақыт. Тың жобалар арқылы ауыл шаруашылықтарын дамыту – осы күні басты мақсат. Биыл сондай отыздан астам жоба іске қосылды. 400-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Осылайша өндірілетін өнім көлемі де өсті.

Статистикалық деректер облыста 11 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 102 пайыз екенін мәлімдейді. Бұл – 438,2 млрд. теңге. Мал шаруашылығы өнімі өндірісі 1,3 пайызға, өсімдік шаруашылығы 2,6 пайызға өскен.

Мал басының артуы да өнім алуда ықпалы зор. Мәселен, он бір айдағы көрсеткіш ірі қараның 4,8 пайызға, жылқының 10,4 пайызға, қойдың 4,1 пайызға, ешкінің 2,1 пайызға, құстың 10,8 пайызға өскенін көрсетті. Сөйтіп, ет өндірісі де жоспардан аса орындалды.

ҚҰРЫЛЫС

Құрылыс жұмыстарының көлемі 275 млрд. теңге деңгейінде қалыптас¬ты. Иә, көзіқарақты жанға анағұрлым кемдік байқалғанмен, бұл 2021 жылы жолдар мен газ тарату желілерін салу жөніндегі жобаларды іске асырумен тікелей байланысты. Бұған соңғы уақытта күрт шарықтап кеткен нарық бағамын қосыңыз. Құрылыс материалдарының мұншалық қымбаттауына қатысты жобалау сметалық құжаттаманы түзету қажеттілігіне байланыс¬ты мемлекеттік және жеке қаражат есебінен инвестициялар көлемін азайтуға тура келген. Қаржыны игеру мәселесінің өзектілігі күн тәртібіне шыққан соң, құрылысқа межелеген қаражаттың едәуір бөлігі өзге салаларға бағытталды. Әйткенмен, қарқын бәсеңдемейді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 487 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 9,5 пайыздық өсім. Мұнымен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандар тізімі бар. Негізгілеріне тоқталып өтсек. Қарағанды қаласында 200 орындық балалар ауруханасы, облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық бөлігі, позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография ғимараты, хайуанаттар бағына арналған жаңа ғимарат, «Qaz Carbon» өндіріс аймағына электрмен жабдықтау желісі құрылысы аяқталуға жақын. Ұзын ырғасы 70-ке тарта нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» секілді мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асуда.

Есесіне құрылыс индустриясы бес пайызға жақындады. Облыс аумағында 200-ден астам құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Цемент, темірбетон металлопластика бұйымдары, раковиналар, радиаторлар, сортты прокат металл және пластик құбырлар, кірпіштер, табиғи құмдар, қиыршық тас, құрғақ құрылыс қоспалары сияқты тауарлық өлшемдер бойынша өндірістік бірлестіктер аз емес. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша сала өндірісінің көлемі 167 млрд. теңгені құрады.

КӘСІПКЕРЛІК

Жалпы ұлттық жоба аясында бизнесті қаржылай қолдауға биыл 14 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде субсидиялау құралы барлық бөлінген қаражаттың 74%-ын құрайды. 19%-ы кредиттерге кепілдік беруге және 7%-ы бизнес-жобаларды гранттық қаржыландыруға тиесілі. Ағымдағы жылдың 11 айында жалпы сомасы 32 млрд. теңгеге 4 мыңнан астам бизнес жобасы қаржыландырылды. 2 715 жобаға, оның ішінде 24,5 млрд. теңге кредит сомасына 715 жаңа жобаға субсидиялар берілді. 6,7 млрд. теңге сомасына 685 бизнес жобасының кепілдіктерімен қамтамасыз етілді. 809 млн. теңге сомасына 663 өтеусіз грант берілді. Барлық гранттардың орташа түбіртегі 1,2 млн. теңгеден асады. Облыстың барлық өңірлері осы қолдау құралдарымен қамтылған. Жалпы, бизнестің іскерлік белсенділігі артып келеді. Жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,2%-ға өсіп, 90 мың бірлікке жетті. Көрсеткіштің өсуі облыстың барлық өңірлерінде байқалады. Бизнес өнімін шығару 17,9%-ға ұлғайды және бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана орта есеппен 1 трлн. теңгені құрады.

Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 6%-ға өсті. Осы секторда 222,4 мың адам жұмыс істейді. Бұл облыстың барлық жұмыспен қамтылған халқының 42%-ы. Жұмыспен қамтылғандар саны бойынша Қарағанды облысы рес¬публика бойынша төртінші орында тұрғанын атап өткен абзал. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асырудың әсері орасан. Осы жылдың 10 айында облыста 9,6 мың жаңа бірегей компания құрылып, 28,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналас¬тырылды. Мұның бәрі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы қаржылық қолдауға қатыстысы ғана…

ЭКОЛОГИЯ

Өндірісті өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту – Мемлекет басшысының назарындағы маңызды мәселе. Ағымдағы жылдың 16 қарашасында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевпен Теміртау шаһарындағы кездесу барысында «Арселор Миттал Теміртау» компания¬сына қатысты экология заңнамасын өрескел бұзғаны үшін сотқа материалдар жіберілгені аян. Бұдан бөлек, салалық министрлік 2023 жылға арналған жобалық материалдары экологиялық рұқсат алу үшін жіті қарастыру үстінде.

Зиянды шығарындыларды едәуір азайту мақсатында алға тартқан дәйектер сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган экологиялық рұқсат беруден бас тартады. Еске салып өтейік, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Kazakhmys Smelting» ЖШС және «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындары бойынша зиянды шығарындыларды 215,35 мың тоннаға дейін қысқарту жоспарлануда.

Айтпақшы, осыдан келіп өнеркәсіптік кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамту қылаңытады. Жалпы, ірі кәсіпорындарды жаңғырту өндірістегі адами факторды барынша азайта отырып, автоматты интеграцияланған жүйені кезең-кезеңімен құруға бағытталғаны абзал. Өз тарапынан «АрселорМиттал Теміртау» қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндірістік қуаттарды орнықты дамыту жөніндегі ірі жобаларды іске асыруға инвестиция салуды мақсат етті. Сондай-ақ, «Күзембаев» пен «Қазақстан» шахталарында өнімділікті арттыруға және еңбек қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған «Тау-кен жұмысшыларын ынталандыру» жобасы іске асырылуда. Бұл жобаны Көмір департаментінің қалған кен ошақтарына да енгізу көзделді. Зейнеткерлік жасты төмендету, регрессиялық төлемдер мәселелері бойынша Үкіметтік комиссияның жұмысы жалғасуда.

Су – тіршілік көзі. Өткен жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі «Балқаш көлін сақтау жөніндегі арнайы жоспарды» бекіткен-ді. Онда 26 іс-шараны іске асыру тапсырылған. «Балқаш көлінің суы тартылып жатыр» деген алаңға толы жазбалар әлеуметтік желінің бетін жаулап алып еді жазда. Түрлі деңгейдегі экобелсенділер де халық-аралық деңгейде үн қатқан болатын. Осыған орай, көл аймағының экожүйе¬сін кешенді зерделеу мақсатында 2023-2024 жылдарға жергілікті бюджет есебінен «Экожүйені қалпына келтіру ұсыныстарын әзірлей отырып, Бертіс шығанағы ауданындағы экологиялық жағдайды зерттеу» жоспарлануда. Сараптау жұмыстары шеңберінде Шашубай кентінен Приозерск қаласына дейінгі жағалаулар зерттелетін болады.

Биыл Сәтбаев каналы арқылы су беру бойынша қызмет көрсетуге 51 шарт жасалды. Арна гидротехникалық құрылыстарды, гидромеханикалық, энергетикалық және сорғы-қуат жабдықтарын уақтылы жөндеу жұмыстарының арқасында 55 жыл бойы жемісті пайдаланылуда.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста биыл алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 3 мекеме ашылды. Қарағанды қаласындағы №15 емхананың филиалы, Теміртаудағы жаңа емхананың филиалы мен сол жақтағы №3 қалалық орталық емхана келушілерді қабылдауға дайын.

Ал, келер жылы ауылдық елді мекендерде 6 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылмақ. Олардың құрылысына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 862 млн. теңге бөлінген. Жаңа жылда жалпы саны 42 медициналық нысан салу жоспары бар.

Жаңа медициналық мекемелердің құрылысы, олардың заманға сай жабдықталуы, сәйкесінше сапалы көмек көрсету қаржыландыруға келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың орны бөлек. Жыл сайын сақтандырылған азаматтардан түсетін аударымдар артуда. Мәселен, медициналық сақтандыру қорына биыл облыс тұрғындарынан 45,8 млрд. теңге аударылған. Оның жартысынан көбі жұмыс берушілерден. Жалпы қор жұмыс істей бастаған 2017 жылдан бері біздің аймақтан 118,5 млрд. теңге аударылғанын да айта кеткен жөн.

Медициналық қызметтерді қар¬жыландыру өскен сайын қарапайым халық көретін көмек аясы да ұлғайды. Медициналық-профилактикалық тексерулер 2 есе, консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе, стационарлық көмек 1,2 есе, жоғары технологиялық қызметтер 2,2 есе, оңалту 1,5 есе артқан. Облыстың 109 медициналық мекемесі аталған қызметтердің барлығын жыл бойы көрсетті. Биылға жоспарланған қаржыландыру мөлшері – 144,8 млрд. теңге болса, оның 82,4 млрд. теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, 62,4 млрд. теңгесі МӘМС пакетіне бөлінген. 2 млрд. теңге онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетуге, 4 млрд. теңгеден астам қаражат алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге бөлінгенін де айта кеткен орынды.

Желтоқсан айының басындағы мәліметке сүйенсек, облыстың 1 миллионға жуық тұрғыны «сақтандырылған» мәртебесіне ие. Нақтырақ айт¬сақ, 948 077 адам «сақтандырылған» болса, 186 174 адам жүйеден тыс қалып отыр. Сақтандырылмағандардың дені өмірінде МӘСМ жүйесіне аударым жасамағандар. Одан кейін жалданбалы қызметкерлер. Тұрақты төлем жасалмаса, адам мәртебесінен айрылады. Мәртебеге қайта ие болуы үшін барлық қарызын жабуы қажет еді. Биылдан бастап қарызы барларға жаңа мүмкіндік берді. Олар алдағы жылға толық аударым жасаса, оның бұрынғы қарыздары «кешіріліп», «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Соңғы дерек бойынша бұл әдісті облыстың 500 тұрғыны пайдаланыпты.

БІЛІМ БЕРУ

Бүгінгі бала – ұлттың болашағы. Оларға тәрбие мен білім беру ісі мемлекет үшін өзекті мәселе бола береді. Себебі, білім – ұлттың ұстыны. Биыл балаларды балабақшамен қамту үлесі айтарлықтай ұлғайды. 47 мектеп жаңартылып, апатты мектептерге жаңасы салынуда. Ал, колледждер сапалы маман даярлауға күш салуда.

Білімнің алғашқы баспалдағы – балабақшадан басталады. Бүгінде облыста 523 мектепке дейінгі ұйымда 44 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Биыл балаларды балабақшамен қамту 79,5%-ға жетті. 2 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Келесі жылы 840 жаңа орын ашылады деп жоспарланған.

Ерекше балалар қоғамнан тыс қала алмайды. Бүгінгі таңда олардың балабақшада тәрбиеленуіне жағдай жасалуда. Теміртау, Балқаш, Шахтинск қалаларындағы 9 балабақшада 14 инклюзивті топ ашылды.

2023 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 82,6%-ға дейін өседі.

Ауыл мектептері мен қала мектептері арасында алшақтық бар екені жасырын емес. Сол себепті, мемлекет ауыл мектептерін жаңғыртуға ден қойды. Мәселен, биыл Ақтоғай ауданындағы К.Бәйсейітова атындағы тірек мектебінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылса, 2023 жылы облыстың 4 мектебінің (Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Шет аудандары) материалдық-техникалық базасы жаңартылады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, биыл облыста 2 млрд. теңгеге 47 мектеп жаңартылды. 2023 жылы 20 мектеп жаңартылып, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ал, 7 мектепке жөндеу жұмыстары жасалады.

Шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды мектепке тасымалдау үшін Саранда құрастырылған жаңа автобустардың берілуі – жыл жаңалықтарының бірі болды. Биыл 19 автобус ауыл мектептеріне пайдалануға берілді. Келесі жылы 8 автобус жеткізіледі.

Бүгінде облыс мектептерінде 2748 мүмкіндігі шектеулі бала білім алуда. Ерекше балаларға, олардың ата-аналарына қоғам тарапынан қолдау қажет. Осы мақсатта Шахтинск қаласында аутизммен ауыратын балаларға қолдау көрсету орталығы, психология¬лық-медициналық-педагогикалық консультация, 3 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Білім басқармасының мәліметінше, 2023 жылы Саран қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады.

Балаларға қосымша білім берудің маңызы зор. Биыл мемлекет тарапынан осыған ерекше көңіл бөлінді. Облыста жалпы 126 мыңға жуық бала қосымша білім берумен қамтылған. 93 мектепте мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы бар. Бюджет қаражаты есебінен 3100 үйірме мен 4597 секция тегін қызмет етеді, оған 75176 бала ақысыз қатысады.

Нұра ауданында балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ашылды. 2025 жылға дейін Теміртау және Қарағанды қалаларында (Пришахтинск және Майқұдық) 600 орындық үш Оқушылар сарайын салу жоспарланған.

Келесі жылы 12 мектеп салу жоспарда бар, оның 10-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылады. Ал, екі мектеп облыстық бюджеттен салынады.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ойыссақ, облыстағы 55 колледжде 31 мыңнан астам студент білім алуда. Осы жылы Президенттің бастамасымен техникалық және кәсіптік білім беруге көңіл бөлініп, гранттар саны ұлғайды. Биыл 7653 талапкер грантпен оқуға түскен. 2023 жылы өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары 9413 маман даярлап шығарады.

Аймақтың білім беру саласы жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарды. Саналы тәрбие, сапалы білім беру ісі, балабақша, мектептер мен колледждерге жағдай жасау жылдан-жылға жалғаса бермек.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

2023 жылы экономикалық белсенді халық саны – 570,9 мың адам болмақ. Яғни, жұмыспен қамтылған халық саны 17,4 мың адамға азайып, 545,4 мың адамды құрайды (2022 жылы – 562,8 мың адам); оның ішінде жалдамалы қызметкерлер – 7,1 мың адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 10,3 мың адамға азайып, 62,7 мың адамды құрайды. Жұмыссыз халықтың деңгейі 4,7% деңгейінде деп болжанады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында қойылған міндеттерді шешу үшін 20 мың жұмыссызды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға 2 мың жұмыссызды жіберу, жұмыспен қамту қызметтері арқылы 0,5 мың жұмыссызды қайта оқыту жоспарлануда.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2023 жылы 2,5% деп болжанады.

Облыста мүгедектігі бар 55 мыңнан астам адам тұрады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, оларды әлеуметтік қолдауға 2022 жылы облыс бюджетінен 1 млр. теңге бөлінген.

Бүгінде мүгедектігі бар адамдар оңалту құралдары мен қызмет түрлерін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алады. Оны олар өздері таңдайтынын да айту керек. Бүгінде аталған портал арқылы 3383-тен астам протездік-ортопедиялық құралдарға, 1529 тифлотехникалық құралдарға, 855 сурдотехникалық құралдарға, сондай-ақ, 10000-нан астам гигиеналық құралдарға тапсырыс берген.

Одан бөлек, жыл басынан 2583 адам – жеке көмекші қызметін, 545 мүгедек – ымдау тілі маманы қызметін алса, 6058 адам – санаторий-курорттық ем алған.

Аймақта «Инватакси» қызметі де көрсетілетінін айту керек. Облыстың 13 өңірінде 58 автокөлік тегін қызмет көрсетсе, оның 22-сі арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Жыл басынан 1100-ден астам адам инватакси қызметіне жүгінген.

2022 жылы ҰОС қатысушыларына – 1 000 000 теңге, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 100 мың теңге, жалдамалы құрамдағы адамдарға – 100 мың теңге, Ленинградтағы блокада кезеңінде жұмыс істегендерге – 60 мың теңге, ҰОС жылдарында қаза тапқандардың (қайтыс болғандардың) жесірлері мен әйелдеріне – 30 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңгеден бір реттік төлем жасалды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 22 қатысушысына 150 мың теңге көлемінде біржолғы көмек төленгенін айту керек.

ЖАСТАР САЯСАТЫ

Кенді аймақтың жастары сенімге селкеу түсірмей, жауапкершілікті сезініп өсіп келе ме? Сол жастарды жетектеп, дұрыс бағыт бағдар беруде қандай іс-шаралар атқарылуда? Үміт еткен көздің нұры жасампаз жастарға қандай қолдау көрсетілгендігі туралы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың жыл ішіндегі жұмысын тілге тиек етсек.

Аймақтағы жалпы халық санының 18,5%-ын жастар құрайды. Оның ішінде ауылға қарағанда қала жастарының үлес салмағы басым.

Жастарға дем беретін жобалар көп. Олар жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында іске асырылуда. Осы орайда, 2021 жылы бастау алған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде биылғы жылы жастар арасынан жеті мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Сәйкесінше, 12380 адам жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы» жобасымен 1036 жас жұмыспен қамтылды.

«Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жастардың бос уақытын тиімді пайдаланудың да мүмкіндігі зор. Биылғы жылдан бастап, аталмыш бағдарламаның шарапаты ауыл жастарына да тиді. Еңбек маусымында 1715 жас жұмысқа орналасты. Биылғы жылы бағдарламаны орындауда жергілікті бюджеттен 289 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бағдарламаға қатысқан жастар 60-90 мың теңге аралығында еңбекақы алды. Оларды жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 47 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, «Дипломмен –ауылға» бағдарламасына қатысқандардың 70,8%-ы жастар.

Жастардың еңбек етуіне, ойға алған идеясын іске асыруына жол ашатын бірегей жоба – грант. Жастар арасында шағын және орта бизнесті дамытудың даңғыл жолы. Биылғы жылы облыс әкімінің грант мөлшері әр жобаға 2 млн. теңге болды. Биылғы жылғы гранттың жалпы бюджеті 291 млн. теңгеден асады.

Жаңадан ашылған ірі кәсіпорындар жастар арасындағы жұмыссыз¬дықтың азаюына зор ықпал етуде. Мәселен, Саран индустриялық аумағындағы шина зауытына жастарды жұмысқа тарту мақсатында 120 жас Татарстанда тағылымдамадан өтуде.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында NEET (уақытша жұмысқа орналаспаған жастар) санатындағы жастарды анықтау, тіркеу, жұмысқа орналастыру жұмыстары қауырт жүрді. Жастар арасындағы өзекті мәселелермен қатар, қажеттіліктері де үнемі ескеріліп отырады. Осы мақсатта аймақта 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды.

Жастар арасындағы өзекті мәселенің бірі – баспана. Аймақта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде кешенді жоспар жүзеге асуда. Кезекті 6049 адам тұр. 2020-2022 жылдар аралығында өңірлерде барлығы 419 пәтер беру жоспарланса, бүгінгі таңда 462 пәтер бөлінген.

Биылғы жылы жас мамандарға арналған аймақтық ипотекалық бағдарлама пилоттық жоба ретінде іске асты. Облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн. теңге қаражат бөлінді. Жылдық үстемақы мөлшерлемесі 5%-бен 20 млн. теңгеге дейін несие алады. Биылғы жылы 75 жас алты санат бойынша баспаналы болды.

Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің тағы бір шарасы – студенттік жатақханаларды салу және қайта құру. 2025 жылға дейін облыс бойынша 1482 төсек-орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілмек.

МӘДЕНИЕТ

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қарамағындағы нысандарының мемлекеттік желісіне шамамен 600-ден астам мәдениет, өнер және архив мекемелері жатады. Ресми дерекке сүйенсек, биыл бірқатар мәдениет нысанына жөндеу жүргізілген. Облыста 10-нан астам мұражай және бірнеше филиал жұмыс істейді. 2022 жылы облыс музейлерінде сақталатын экспонаттардың жалпы саны 300 мыңнан асып жығылса, оның ішінде, негізгі қор – 200 мыңнан асады. Тарихи-мәдени мұраны сақтауды, есепке алуды, жинақтауды және зерделеуді қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша облыс музейлерінде жинақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Облыстың мемлекеттік кітапханалар жүйесінде 300-ге жуық (аудандық, қалалық, бірнеше облыстық) кітапхана бар. Кітап қоры – шамамен 5 млн. дана.

Кітапханалар түрлі әдеби-сазды кештерді ұйымдастырып, елді кітап оқуға баулып келеді. М.Әуезов атындағы Қарағанды қалалық кітапхана алдынан заңғар жазушы М.Әуезовтің бюсті және кітапханадан жазушы атындағы «Әуезов залы» ашылды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының және Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен дәстүрлі республикалық Қасым оқулары, А.Сейдімбектің 80 жылдығына орай жас қаламгерлер арасында республикалық байқау өтті.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Жанат Жаңқашұлының бастамасымен орталық демалыс саябағында сериялы поэзия кештері, бірнеше өнер түрін қамтыған өнер жәрмеңкесі, жас ақындардың поэтикалық дуэлі және сауда үйлерінде лирикалық сағаттар және басқа да көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Биыл қарағандылық 8 ақын Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.

Кеншілер мәдениет сарайында ғана бірнеше өнер ұжымы бар. Жуыр¬да аталған мәдениет сарайы 70 жылдық мерейтойын атап өтті.

Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясында Сыдық Мұхамеджановтың жұлдыз белгісі ашылды.

КСРО және ҚазКСР-нің Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтілді. Алматы қаласы, Бостандық ауданындағы бір көшеге және туған жері Қарқаралы қаласындағы аудандық мәдениет үйіне актрисаның есімі берілді. Рес¬публикалық театрлар фестивалі өтті. Тарихшы Ерғазы Қадашұлының құрастыруымен «Шолпан-Жұлдыз» кітабы жарыққа шықты. 60 минуттық деректі фильм түсірілді.

Республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауында «Шешендік өнер» номинациясында Қарағанды қаласы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Еркежан Қаныш ІІ орынға ие болды.

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Бірқатар театр қызметкері түрлі марапатқа ие болды. Облыс әкімдігінің қолдауымен театрдың 18 қызметкеріне пәтер кілті табысталды. 90 жылдық мерейтой аясында театр түні және бірқатар премьера жұрт назарына ұсынылды. Тарихи альбом-кітап жарыққа шықты. Театр ұжымы мен көркемдік жетекшісі Айдын Абзалбекұлы бірнеше рет үздік атанды. Театр актері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов Түркияда өткен халықаралық кинофестивальде «Үздік ер адам бейнесі» аталымын және Ж.Тәшенов атындағы жүлденің Бас бәйгесін иеленді. Театрға су жаңа автобус кілті табысталды. Театр жанынан балаларға арналған қуыршақ театры ашылып, «Ойыншықтар оянғанда» атты алғашқы қойылымы сахналанды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі де 90 жылдығын атап өтті. Мерейлі датаға орай музей түні, түрлі көрмелер, акциялар өткізілді.

«Мәдениеті жоғары елдің мәртебесі биік» демекші, алдағы 2023 жылға да бірқатар маңызды дүниелер жоспарланып отыр.

СПОРТ

Бұқаралық спортқа келгенде, Қарағандының желаяқтарынан бастап, велошабандоздары ауызға ілігеді. Шыны керек, кейінгі жылдары салауатты өмір салтына ден қойған жерлестердің қатары мол. Дене шынықтыру және спорт басқармасының дерегінше, бүгінде аймақтың 38 пайызы спортпен шұғылданады екен. Бұл дегеніңіз – 431 мыңға жуық адам. Қоян жылындағы бұл меже – 42 пайыз деп жоспарланыпты. Алғышарттар да жоқ емес. Облыстың әр аудан ауыл, қалаларында спорт кешендердің саны жылдан-жылға өсе түсуі бұқараның бетін дене шынықтыруға бұратын бірден-бір себеп. Бұл өз кезегінде, бұқаралық спорттың дамуына сеп.

Республика күніне орайластырылған «Armanǵa jol – 2022» жартылай марафоны елдің әр түпкірінен желмен жарысып жүрген желаяқтарды жинады.

Марафонға барлығы 3 600 адам тіркеліп, 3000 адам сол марафонда жүгірді. Оның бәрі бірдей кәнігі спортшы емес екені анық. Басым бөлігі қарапайым халық. Оның ең үлкенінің жасы 80-нен асса, ең кішісі 8 жаста.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының дерегіне сүйенсек, бұқаралық спорт саласында 11096 дене шынықтыру және спорт ұйымдары жұмыс істейді. Бұл орайда бұқаралық спортты дамытуда спорт нұсқау¬шыларының зор үлесін де жоққа шығаруға болмайды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 416 спорт нұсқаушысы бар көрінеді. Оның 200-і ауылдық жерде спорттың дамуына ықпал етіп отыр.

Қарағанды аймағы 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтуда алдыңғы қатарда. Бүгінде пайыздық үлеске шаққанда, 64,8 пайыз шамасында. Қоян жылы бұл көрсеткішті – 65,2 пайызға жеткізу көзделуде.

«Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдерді спорт секцияларына тарту мақсатында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылуда. Спорттың 26 түрінен 173 спорт секциясы ашылып, онда 8 961 бала тегін жаттығады», – деп мәлімдейді басқарма.

Айталық, облыста осы күні 2782 спорттық ұйым бар. Оның 980-і ауылда. Биыл қала және аудандарда 85 ашық спорт алаңы орнатылды. Жасанды жабыны бар 72 спорт алаңы, көпбейінді 8 хоккей корты, 5 стрит-воркаут алаңы топтастырылған.

Десек те, спорт нысандарының құрылысы мұнымен шектелмейді. Осы жылы біраз қала, аудандарда іргелі спорт кешендері ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Шахтинск қаласында бассейні бар 160 орынды дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданында бой көтерген спорт кешені де биылдың еншісінде. Нұра кентіндегі жабық хоккей кортының қызығын балалар да, үлкендер де көріп отыр. Қарағандыдағы футбол манежінің құрылысы да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық.

Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Нұра ауданының Шахтер ауылында жабық хоккей кортының салынып бітіп, мәреге жетуі ел ықыласын иеленді. Кеше ғана елді қуанышқа бөлеген Егіндібұлақ ауылында 100 орынды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің де халыққа қызмет етері хақ. Сонымен қатар, Ақтоғай ауылының стадионын қайта жаңғырту да, Молодежный кентіндегі БЖСМ күрделі жөндеу де осы бағдарлама арқылы іске асып жатыр. Алдағы қоян жылында да спорттық нысандар қатары толыға түседі деп күтілуде.

Сөз басында Қарағанды облысы үшін биылғы жыл жүлде жауған жыл деп едік. Сөзімізге сараптама дәлел-дәйек те жоқ емес. Осы жылы спортшыларымыздың қоржынға салған медаль саны – 12 185. Оның 3 941-і алтын болса, жүлде жауды дейтіндей-ақ. Спортшылар 365 күнде 942 түрлі дейгейдегі республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып, бабы мен бағын сынап көрген еді.

Америкада өткен Дүниежүзілік ойындарда, бірінші әлем чемпионатында спорттық акробатикадағы дуэт Диль-Шуляр жүлдегер атанды. Қарағанды облысының тарихында Виктор Степановтың есуден әлем чемпионатынан күміс жүлде жеңіп алуы тұңғыш рет. Батут гимнастикасында Әлем кубогын олжалап қайтқан Данил Мұсабаевты Қарағанды мақтан тұтады. Ал, Қазақстан тарихында үстел теннисінен әлем чемпионы және Азия чемпионатының жүлдегері – Алан Құрманғалиевтің де орны бөлек спортта. Ауыр атлетикадан үздік нәтижелер көрсеткен Артем Антропов, Любовь Ковальчук, Аиша Омаровалар есімі отандық спорт бетіне алтын әріппен жазылары даусыз. Ал, «Naiza 46» аралас жекпе-жек турнирінде қырғыз жауынгерін тұншықтыру әдісімен ұтып, алғаш жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған жерлесіміз Абылайхан Шаратовтың орны да бір төбе емес пе?! Pro Hokei Ligasy чемпионы атанған «Сарыарқа» хоккей командасы да қарағандылықтардың кеуде керер мақтанышы.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Жансая ОМАРБЕК
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
Салтанат ІЛИЯШ
Сағыныш ӘБІЛ
Жәлел ШАЛҚАР
Жан АМАНТАЙ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button