Ресми

Келелі міндет, көзделер меже

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жетекшілігімен өткен кезекті аппарат жиынында бірқатар өзекті мәселе қарастырылды. Өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасының іске асырылуы, газдандыру және жасанды интеллектіні дамытуға қатысты түйінді сауалдар сұранып-ақ тұр.

Сурет pixabay.com

Азаматтардың сапалы қаржылық және құқықтық сауатын арттыратын қаржылық жоба «AMANAT» партия­сының ұйытқы болуымен іске асырылып келеді. Жоба аясында Өңірлік жол картасы әзірленіп, жергілікті атқарушы органдар тарапымен тиянақты түрде атқарылу үстінде. Бұл турасында кеңірек облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская хабар етті.

– Жыл соңына дейін 9470 адамды оқыту көзделді. Оның ішінде, әйелдер үлесі – 76%, ал, ер адамдар – 24%. Әр топ кемінде 50 адамнан жасақталады. Оқыту үдерісі аптаның 5 күнінде жүргізілуде. Ай сайын 3 топ оқуын тәмамдайды. Айта кету керек, топ қатысушылары өте белсенді. Олардың 76%-ның несиесі бар, әрмен қарай қарызын өтеуде қиындықпен бетпе-бет келген. Қазірдің өзінде 4677 адам қажетті білім алды. Бүгінде облыстың барлық қала мен ауданының тұрғындары жоба шарапатын сезінуде. Құрметті Ермағанбет Қабдулаұлы, сіздің тапсырмаңызға сәйкес арнаулы жұмыс тобы құрылды. Азаматтарға практикалық көмек көрсету аясында несиесінің жүгін жеңілдету бойынша екінші деңгейлі банк өкілдерімен тиісті амалдар атқарылуда, – деді спикер.

Онымен қоса, жұмыс нәтижесіне сәйкес арнаулы жиындар легі өткізіліп тұрады. Осы уақытқа дейін барлығы 4000-ға жуық консультация өткен. Оған қаржылық сарапшылар мен заңгерлер тікелей қатысқан. Мәселен, мұнда қарызды реттеу, еңбекпен қамту, бинес жоспар әзірлеу сынды сындарлы бағыттар бар. Электрондық өтінім қалдыру үшін арнаулы веб-сайт жұмыс істейді. Ал, семинарға қатыса алмайтын жандар үшін аталған платформада тиісінше бейнесабақтар жүктелген. Жоба мұраты борышкердің несие шыр­мауынан құтылуын ғана көздемесі анық. «Қарызсыз қоғам» шеңберінде жоғары қаржылық сауаттылық мәдениетін қалыптастырып, бекіту концепциясы жатыр. Әсіресе, екінші деңгейлі банктер белсенділігін атап өткен ләзім. Тұрғыны көп шоғырланған нүктелерде ақпараттық бейнероликтер мен мәліметтік парақшалар таратылады. Бастысы, әр тұлға бұл жобадан қаржылық жауапкершілік арқалауды үйреніп алатыны көңілге медет. Тегінде қаражатты жинақтау мен сақтауды тиімді меңгеру арқылы қарызсыз қоғамның қалыптасуына оң септігін тигізеді.

– Мәні терең жобаны іске асыру барысында жергілікті атқарушы мекемелер өкілдерінің қажыр-қайраты көп дүниеге ықпал болатындығын қаперден шығармаған абзал. Тапсырма оңай емес. Сондықтан, қала мен аудан әкімдері, сіздер қадағаламасаңыздар, іс ілгерілемейді. Кез келген жерге барсаңыз, қарыз түйткілі алдымыздан шығатынын білеміз. Жоба тек ресми сипат алып кетпеуі шарт! – деп қосты аймақ басшысы.

Өздеріңізге мәлім, өңірде газдандыру шаралары тоқтаусыз жалғасып келеді. Күрмеуі күрделі саладағы іске асырылып жатқан жұмыс турасында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев мырза баяндады. Облыста газ тарату желілерін орнату бойынша өткен жылы Қарағанды, Теміртау қалаларында 3-ші іске қосу кешені негізіндегі желілер толығымен тартылды. Осылайша 7621 жеке тұрғын үйге көгілдір отын жеткізілді. Осы уақытта абонентті газбен жабдықтау желілеріне қосылу рұқсатын беретін 4432 техникалық шарт жасалған.

– 3573 үй газбен жабдықтауға қосылған. Яғни, – 47%. Бюджеттен биыл бұған 15,8 млрд. теңге сомасындағы қаражат бөлінді. Республикалық деңгейдегі қазына қалтасынан 4,3 млрд.теңге бағытталды. Облыс орталығында 5-ші іске қосу кешені бойынша құрылыс монтаждық амалдар легі сәтімен жалғасуда. Теміртауда 1,2 іске қосу кешендері шеңберіндегі істерде іркіліс жоқ. Шахтинск шаһарында жоғары қысымды газ құбыры тартылды. Бұдан бөлек Осакаров ауданы мен Саран қаласын газбен жабдықтау турасындағы жобалау-сметалық құжаты даяр. Республика шеңберіндегі өтінім әл-әзір мақұлданбады. Сәйкесінше аталған қос құжатты келесі жылы түзетеміз, – дейді Тілектес Темірбекұлы.

Ақтау мен Ғ.Мұстафин ауылдарын газдандыру жобасының сараптамасы алынған. Келесі жылға тиісті қаражат келеді деп күтілуде. Тұтастай алғанда жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес өрбуде. Қаржылық ағында кідіріс болмаса, тиісті жоталы жобалар кезек күттірмесі анық.

Келесі мәселе. Жасанды интеллект технологиясы жаһанды бауырына басып, баурай түсуде. Кейбір болжамдық дәйектер 2030 жылға қарай жасанды зейін әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 7%-ын қамтамасыз етуге қауқарлы болатынын еске салады. Бір ғажабы, қарапайым адам ұзақ уақыт бойы атқаратын бір істі бұл жүйе санаулы секундтар ішінде оп-оңай шеше салады. Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің мәліметінше, аталған саладағы алғашқы қадамдар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, денсаулық сақтау саласында тиімді іске асуда.

– Мәселен, өңіріміздегі 47 медициналық мекемеде 2019 жылы «Барыс» жүйесі енгізілген. Жүйе қабылданған салалық диаграмма қорытындысын қолма-қол шығарады. Аталған сандық жобаның 5 жылдық жұмысы шеңберінде 2 млн-нан астам радиологиялық зерттеу амалдары іске асқан. Тағы бір жаңалық. 1 шілдеден Қарағанды, Теміртау қалаларында жаңа «Жаяу жүргінші» аппараттық кешені орнатылды. Яғни, жүйе жол-көлік оқиғасының нақты кескінін шығарады. Соны технология бұл жағдайда дерекққор жинап қана қоймай, сарапшы қызметін қоса атқарады. Аталған жаңашылдықты біздер қанатқақты режимде іске асыру үстіндеміз, – деп мәлімдеді салалық ведомство басшысы.

Ия, нейрондық желі нығметі білім беру мекемелерінде де кезең-кезеңімен кеңінен енгізілмек. Бұл оқушылар қауымының электронды тұрғыдағы бар қажеттілігін өтейді. Сондай-ақ, көліктік қатынаста «Ақылды бағдаршам» сынды жобалар бар. ІТ мамандарын оқыту бойынша облыс жетекші орында. Әрі бара-бара мемлекеттік қызметшілер де ақпаратты лезде саралау мүмкіндігіне қол жеткізу мақсатында аталған игілікке қол жеткізетін болады дейді спикер.

Қаузалған мәнді мәселелер аппарат жиынында әбден жан-жақты пысықталды. Өңір басшысы жауапты жандарға кез келген межені бағындыру барысында жоқты қуаламай, барды дамыту қажеттігіне мән беруді талап етті. Әсіресе, дайындық кезеңіндегі қадамы сапалы болса, қалғаны да сапалы болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button