Басты тақырыпЖаңалықтар

КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

    Кеше облыстық мәслихаттың баспасөз залында депутат Серғазы ӘДЕКЕНОВТІҢ төрағалығымен облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оның жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ, бірқатар қала әкімдері, департамент және басқармалар басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

  

      Сессияда мына мәселелер қаралды:

1. Облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 25 сәуірдегі №47 «Қаражал, Приозерск қалалары және Нұра ауданындағы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының барысы туралы шешімінің орындалу барысы туралы.

2. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі «Ішкі саясат бөлімінің қоғамдық-саяси ахуалды сақтау, қоғамдағы әлеуметтік-еңбек кикілжіңнің алдын алу жөніндегі жұмыстары туралы» қаулысының орындалысы туралы.

Бірінші мәселе бойынша Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Ғалиуллин баяндама жасады.

2016 жылғы бірінші қыркүйектегі мәлімет бойынша жұмыспен қамту шараларымен 30785 адам қамтылған. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 4918 адам жұмысқа тұру жөнінде өтініш жасаған, 5107 адам жұмысқа тұрған.

Бұл мәселе бойынша Приозерск қаласының әкімі Қ.Хамзин есеп берді.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикалық бюджеттен 69593,0 мың теңге бөлінген. 111 адам өтініш берген, оның 100-і бағдарламаға енгізілген.

Бірінші бағыт аясында – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен 22125,0 мың теңгені құрайтын екі жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Соған орай қосымша 16 уақытша жұмыс орыны ашылмақшы. Оның 8-і жұмыспен қамту орталығы арқылы өтпек. Бұл жобалар ағымдағы жылдың 30 шілдесі күні аяқталды. Осы екі жобадан 1545,0 мың теңгенің үнемі жасалды. Қосымша тағы да 11816,0 мың теңгені құрайтын екі жобаға бюджеттік өтініш жасалды. Екінші бағыт – кәсіпкерлік бастамашылықты ынталандыру бойынша 2011-2015 жылдары бағдарламаға қатысушының 13-і 30,1 миллион соманың шағын несиесін алған. Оның негізін мал шаруашылығы және қызмет көрсету саласы құраған. Биылғы жылы 12 адам 36,0 миллион теңге сомасында шағын несие алады деп көзделген. Қазір 3 адам алған, ал жыл аяғына дейін тағы да он адам алатын болады.

Кадрлар біліктілігін көтеру бойынша іргелі жұмыстар жүруде. Өткен жылы бұл жұмыс ақсағанымен түсіндіру жұмыстары жүргеннен кейін қалаға қоныстанып жатқан қандастарымыз есебінен кәсіптік даярлау курстарына барушылар саны күрт артып отыр. Бүгінгі таңда оқу орындары мен бағдарламаға қатысушылар арасындағы келісім-шарттар жасалды.

Бұл мәселе бойынша Қаражал қаласының әкімі Қайрат Шорманбаев есеп берді.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 102 адам өтініш берді. Оның әлеуметтік құрамы мынадай: әлеуметтік контракт жасаушылар саны – 20, 29 жасқа дейінгі жастардың үлес салмағы – 37 адам, мүмкіндігі шектеулі адамдар саны – 6.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша кәсіпкерліктің негізін игеруге 9 адам ықылас білдірді. 13 қатысушы 26,4 миллион соманың шағын несиесін алды.

15 адамға әлеуметтік жұмыс орнын ашуға республикалық бюджеттен ағымдық мақсатты трансферт 2400,0 мың теңгені құрады. 6 жұмыс берушінің өтініші қабылданды.

Әлеуметтік жұмыс орнына бағдарламаның 23 қатысушысы орналастырылды. Жастар қатарынан өтініш берген 6 адамға 1284,0 мың теңгенің сомасы көзделген.

Кәсіби даярлық бойынша 4 қатысушы қамтылды, олар қайтып оралғаннан кейін мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылды. Қайта даярлау бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 1231 мың теңгенің сомасы бойынша 5 адам тартылды. Оның ішінде 3 қатысушы Жезқазған бизнес және кәсіпкерлік колледжін тігінші, 2 қатысушы Қарағанды тамақтану және сервис колледжін аспазшы мамандықтары бойынша бітіріп шықты. Олардың барлығы да тұрақты жұмыс орындарына жұмыс берушілердің өтініштеріне сәйкес орналастырылды.

Ағымдағы жылдың өткен 9 айында тұрғындарды жұмыспен қамтудың кешенді жоспары аясында 575 адам қамтылса, соның 300-ін жұмысқа орналастырмақ. Оған республикалық бюджеттен 31335,0 теңгенің сомасы қаралған.

Қаражал қаласының жұмыспен қамту орталығына 540 адам өтініш жасаған, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғаумен 451 адам қамтылған, оның ішінде 248-і (жоспардың 82 пайызы), олардың арасында 137-і – жастар, 92-сі – әйелдер, 8-і – мүмкіндіктері шектеулі жандар.

Қоғамдық жұмыстарға жоспарлы 186 адамның 145-і жіберілді.

Бұл мәселе бойынша Нұра ауданының әкімі Н.Омарханов та есеп берді.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген 242,3 миллион теңге соманың 234,3 миллионы игерілді.

Бірінші бағыт бойынша 5 жоба жүзеге асырылды, оның 4-і орта мектептердің, мәдениет үйлерінің және селолық дәрігерлік амбулаторияның күрделі және ағымдық жөндеулерін қамтыды. Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарында аталмыш 5 жоба бойынша бағдарламаның 139 қатысушысы жұмысқа орналастырылды (жоспар – 73 адам).155,2 миллион теңгенің қаржысы игерілді. Көбетей ауылындағы СДА құрылысын биыл аяқтау көзделген. Ақмешіт және Майоровка ауылдарындағы (облыстық бюджет) СДА құрылыстарын аяқтау 2016 жылға өткен. 35 қатысушы жұмысқа орналастырылды.

Екінші бағыт бойынша 2015 жылы 70,8 миллион теңгені құрайтын 30 шағын несие берілген. Оның 18-і өз істерін дөңгелете бастады. Олар жеке кәсіпкер болып тіркеліп қана қоймай 32 жұмыс орнын ашты.

Кәсіпкерлік негізін игеруге тартылған 20 адамның 14-і шағын несие алды.

Үшінші бағыт бойынша қайта даярлық курстарына 9 адам тартылды (жоспар – 5), оның екеуі оқуларын мерзімінен бұрын аяқтады, қалған жетеуі де мамандықтары бойынша орналастырылды. Жылдық жоспар 1,1 миллион сомада орындалды. Әлеуметтік жұмыс орнына 35 адам тыртылды (жоспар – 30). 3,8 миллион теңгенің сомас игерілді. Жастар практикасы бойынша 10 адам (жоспар – 8), 1,7 миллион теңге қаржы игерілді.

Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде ЖЖК-2020 бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 559,238 миллион теңге (2015 жылы – 242, 6 миллион теңге) игерілді. Бағдарламаға тартылғандар саны 211 адам (2015 жылы – 168 адам) болды.

Баяндамашы депутаттар алдында өзінің берген есебінде кадр тапшылығын ашына айтты. Басқасын қойғанда мемлекеттік қызметшілердің өздері де жетісе бермейді. Мәселен, бір ғана аталмыш ауданда екі ауылдық округтің әкімі лауазымы бос тұр. Тіпті, мамандары да жоқ. Бұл мәселеге Қаражал қаласының әкімі де тоқталған болатын. Әкімнің айтуынша қала бойынша смета жасайтын маман табылмаған.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Рыстин баяндама жасады.

Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, әлеуметтік қақтығыстар ошағының пайда болу мониторингі бойынша жұмыс өз жалғасын табуда.

Ішкі саясат процестері мониторингі аясында әлеуметтік қақтығыстар ошағын анықтау және жою жұмыстары жүргізілуде, өңірдегі қоғамдық процестерді талдау жұмыстары жүйеленді.

Тұрғындардың әлеуметтік өзіндік сезіну деңгейін анықтау мақсатында «Қоғамдық-саяси әлеуметтік мониторинг» жобасы жүзеге асырылуда. Зерттеу жұмыстары тоқсан сайын облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында жүргізіледі.

2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы зерттеу жұмыстары облысымыздағы қоғамдық-саяси ахуалды оң бағалап отыр. Респонденттердің көпшілігі (80 пайызы) оны қалыпты (60 пайыз) және қолайлы (20 пайыз) деп бағалаған.

Еңбек ұжымдарындағы ахуалды және мемлекеттік тапсырыс арқылы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырыс аясында еңбек кикілжіңдерінің алдын алу шараларын зерттеу мақсатында жыл сайын «Қоғам және билік: еңбек қатынастары, құқықтық сана» бағдарламасы жүзеге асырылады.

Мәселен, өткен бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша сұрау салуға жауап берген 70 пайызға жуық респондент еңбек жағдайының барлығы жасалған және қанағаттандырады деп жауап қайтарған. Респонденттердің жартысы (51 пайызы) жалақыларын місе тұтқан. 70 пайызы кәсіпорында ынталандырудың барлығын растайды, алайда жалақы мөлшері ішінәра ғана қанағаттандырады деп есептейді. 58 пайызы өз еңбек ұжымдарына қанағаттанатынын айтқан және әріптестерінің қолдауына ие болатынына сендірген. Жауап берушілердің көпшілігі (60 пайыз) жұмыс орнын ауыстырғысы келмейтінін жеткізген. 25 пайызы жұмыс орнында ешқандай кикілжіңнің болмайтынын айтса, 22 пайызы ондай жағдайдың басшылар мен жұмысшылар арасындағы өзара бейбіт келісім арқылы шешілетінін айтқан.

Тұрақты түрде БАҚ-та жарық көрген сыни материалдар назарда ұсталады. Әрбір сын материалы бойынша облыс әкімінің қолы қойылған тиісті тапсырыстар беріледі. Өткен кезең ішінде осындай 120 тапсырыс берілді.

Тұрақты комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button