Кедергісіз келешек сыйлай алдық па?
Ерекше балалар қоғамнан қағажу көрмей, қалыпты балалармен тең дəрежеде білім алуға құқылы. Бұл əлем елдерінде бар тəжірибе. Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі енді-енді жолға қойылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында бұл мəселеге ерекше екпін беріп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасалуы қажет екенін баса айтқан болатын. Елдегі инклюзивті білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйі қандай?
Инклюзивті білім берудегі өзгерістер
2021 жылы 26 маусымда «Инклюзивті білім беру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Заң бойынша тек денсаулық жағдайы ғана емес, білім алуда оқушының əлеуметтік жағдайы да ескеріліп, оқып-білуде қандай да бір қиындығы бар балалар ерекше білім беруді қажет ететіндердің қатарына қосылды.
– Біз бұған дейін денсаулық жағдайына, ақыл-ойының кемістігіне қарай білім алушыларды ерекше білім беруді қажет ететін топқа жатқызып жүрдік. Енді олардың қатары көбейді. Мысалы, қандастарымыздың балалары көбіне кириллицаны білмей қиналады. Сондайда оған ерекше жағдай жасап көмектесуіміз керек. Жəне ел ішінде қаншама əлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бар. Олар да отбасының экономикалық жағдайына қарамастан сапалы білім алуға құқылы. Міне, бұдан былай əлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балалары да ерекше білім беруді қажет ететіндер санатына жатқызылып, тиісті мүмкіндіктерді алады, – деді былтырғы тамыз кеңесіне қатысқан Арнайы жəне инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Əйгерім Күдеринова.
Облыстың білім басқармасының мəліметіне сəйкес, аймақта ерекше білім беруді қажет ететін 14 870 бала бар, оның 2275-і мүмкіндігі шектеулі. Ал, биылғы оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін 2836 бала оқып жатыр, оның 321-і арнайы сыныптарда білім алуда. Сондай-ақ, 653 оқушы үйден оқиды.
– Өңірде 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орны бар. Олар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск қалаларында орналасқан. Сонымен қоса, қалалар мен аудандарда 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Қарағанды мен Теміртауда бір-бір оңалту орталықтары жұмыс істейді. Аутизмі бар балаларды қолдауға арналған орталық та өз жұмысын жалғастыруда.
Облыс бойынша инклюзивті білім беру үшін балабақшалардың 45%-ы, мектептердің 81%-ы, ал колледждердің 55%-ына жағдай жасалған.
ПМПК (Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру) ұсынымдары бойынша мектептерге 196 педагог-ассистент енгізілді, оның 34-і ауылдық мектептерде болса, 54-і қолдау кабинеттерінде жұмыс істеп жатыр.
Республикалық жоба шеңберінде «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен жалпы білім беретін мектептер базасында 6 инклюзияны қолдау кабинеті (Теміртау қаласында бір, Қарағандыда бес кабинет) жұмыс істейді. Онда аутизм жəне ақыл-ой кемістігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық көмек беріледі, – деді білім басқармасының маманы Үміт Дауыпбаева.
Қарағанды – инклюзия қарлығашы
2012 жылы республика бойынша алғаш рет Қарағандыдағы №27 жалпы білім беретін мектепке инклюзивті білім беру тəжірибе негізінде енгізілген. Бастапқыда тосын көрінген құбылыс уақыт өте келе қалыпты жайтқа айналған. Бүгінде бұл мектепте 135 ерекше бала білім алуда. 99 педагог, алты дефектолог, үш логопед жəне үш педагог-ассистент жұмыс істейді.
– Алғаш инклюзивті сынып ашылғанда ата-аналар тарапынан түсінбестік туындағаны рас. Ал қазір қоғам өзгеріп келеді. Əрбір бала білім алуы қажет екенін ата-аналар түсінді. Қалыпты оқушылар да барлығын дұрыс қабылдайды. Жалпы ата-аналар жиналысында əлеуметтік-адамгершілік ортаны құрудың негізгі мақсатын түсіндіреміз. №27 мектеп ерекше білім беруді қажет ететін 135 баланы оқытады. Əр сыныпқа 12 оқушыға дейін бөлінген. Психикалық дамуы шектелген оқушылар үшін педагогикалық қызмет көрсетуге арналған 6 кабинет арнайы жабдықталған. Олар сенсорлық бөлме, түзету-дамыту орталығы, денешынықтыру кабинеті, арнайы жабдықталған тұрмысқа бейімдеу үшін ашылған ас бөлмесі. Аутистік спектрі бар балалар арнайы сыныптарда оқиды. Оларға психолог, дефектолог мамандар көмек береді. Ал, педагог-ассистенттер жалпы сыныпта оқитын балаларға көмек береді. Арнайы сыныптарға педагог-ассистент қажет емес, – деді мектеп директоры Салтанат Қасымқанова.
№27 мектеп Арнайы жəне инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен жəне Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясымен, сонымен қоса, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен де келісімшартқа отырған. ҚарУ-дың дефектология кафедрасының студенттері осы мектепке келіп, тəжірибеден өтеді. Оқуын бітіріп келген жас мамандар жұмысқа қабылданады.
Аталған мектепте 2013 жылы облыстық ресурстық орталық ашылған. Ресурстық орталықта арнайы мамандар жұмыс жасайды. Тіпті, №27 мектеп инклюзивті білім беруде Қарағанды облысы бойынша барлық мектептерге көмек көрсетеді екен.
– Бізде арнайы консультациялық қызмет көрсететін күн белгіленген. Қала, аудандардан келген мамандардың қатысуымен семинарлар өткізіледі. Өңірдегі қай мектепке болсын ерекше білім беруді қажет ететін балалар келетін болса, сол мектеп бізге хабарласып, консультациялық көмек алады. Көмек көрсету – біздің міндетіміз, – дейді директор Салтанат Есенғалиқызы.
Мектеп басшысы арнайы білімді қажет ететін балаларға, əсіресе, еңбек сабағы көп оқытылатынын айтты. Өйткені, өмірге бейімдеу үшін… Олар тігін тігу, ағаш өңдеу, қыш құмыра жасау, сурет салуға мүмкіндік беретін үйірмелерге қатысады. Осы мектепті бітіріп, колледжге, университетке оқуға түсіп, қоғамға, өмірге бейімделген ерекше балалар да бар екен. Мектеп директоры Салтанат Есенғалиқызы: «Динамика болғандықтан, көптеген ата-аналар балаларын осы мектепке əкеліп орналастырғанды жөн көреді», – дейді.
– Менің балам үш жасқа дейін сөйлемеді, өздігінен ойнамады, тұйық болды. Біз өзіміз де ештеңе ойламадық. Дəрігерге апарғанымызда, психикалық дамудың тежелуі диагнозын қойды. Қазір емдетіп жүрміз. Жақында Өзбекстанға да барып келдік. Мен баламның жазылып кететініне сенемін. Қазір ол №27 мектепте 1-сынып оқиды. Өз ойын толық жеткізе алмағанымен, арнайы мамандардың арқасында ортаға бейімделіп келеді. Есеп шығарғанды жақсы көреді, – деді аты-жөнін атамауды өтінген ата-ана.
Балабақшаға да инклюзия енгізілуде
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды ерте диагностикалау мен қолдау үшін облыс көлемінде бес психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орны, сегіз психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, екі оңалту орталығы жұмыс істейді.
Былтыр аутизм спектрі бұзылған балаларды қолдау орталығы ашылды. 2025 жылға дейін Саран, Балқаш қалалары мен Шет, Нұра, Бұқар жырау, Ақтоғай аудандарында түзету кабинеттерін ашу жоспарланған. Былтыр тоғыз балабақшада (Теміртау, Балқаш, Шахтинскіде) 14 инклюзивті топ ашылған. Ал кейбір балабақшаларда тіл кемістігі бар балаларды қабылдайтын коррекциялық топтар бар.
Мəселен, «Алтын сақа» балабақшасында 2011 жылдан бері тіл кемістігі бар балалар тəрбиеленетін үш коррекциялық топ жұмыс істейді. Балабақша директоры Райхан Аугалиеваның айтуынша, онда 36 бала тəрбиеленуде. Мұнда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар, яғни жас ерекшеліктері əртүрлі балалар бар. «Бізге ата-аналар Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орнынан тіл кемістігі бар деген қорытындымен келеді. Баланы Malahit-24 сайты арқылы тіркеп, жолдама алады. Содан соң, балабақшаға қабылданады. Қазір кейбір балалардың тілі кеш шығады. Сондайда логопед мамандары қажет. Біздің балабақшада топ санына байланысты үш логопед, екі дефектолог штатқа енгізілген. Біз Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орнының берген қорытындысы бойынша мамандарды жұмысқа аламыз» деді балабақша директоры Райхан Алтынханқызы.
Мүмкіндігі шектеулі балалар жыл сайын көбейіп барады
Қарағанды облыстық Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орнының басшысы Жанар Ержолованың айтуынша, сөйлеу дамуының кешігуі диагнозымен ауыратын балалар көбейген. Ата-аналар көбінесе осы себеппен келеді екен.
– ПМПК-ға алғаш келген ата-аналар сөйлеу дамуының кешігуіне жиі шағымданады. Бұл, біріншіден, ерте жəне мектеп жасына дейінгі балаларда сөйлеу бұзылыстарының көбеюіне байланысты. Екіншіден, көбінесе интеллектуалды жеткіліксіздік, психикалық дамудың кешеуілдеуінен ақыл-ойдың артта қалуына дейін, сонымен қатар сөйлеу қабілетінің бұзылуымен бірге жүреді. Сонымен қатар, физикалық дамуында (церебральды сал ауруы, есту қабілеті бұзылған), генетикалық бұзылулар, аутизмі бар балаларда сөйлеу қабілетінің бұзылуы жиі кездеседі. Кейіннен ПМПК-да тексеру кезінде балада жетекші бұзушылық анықталады, – деді ПМПК басшысы Жанар Əскербекқызы.
Облыс көлемінде бірнеше ПМПК ашылғаны белгілі. Сол себепті, аталған орынға келетін балалар саны азайған. Жанар Əскербекқызының айтуынша, 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі 2521 бала тексеруден өтсе, былтыр 1869 балаға көмек көрсетілген.
– Жыл сайын біз даму мүмкіндігі шектеулі балалардың көбейгенін байқаймыз. Сол кездегі Ұлытау ауданын есепке алғанда 2021 жылы 14091 бала анықталса, 2022 жылы 14870 балаға көбейді. Сөйлеу қабілеті нашар балалар саны (5216 баладан 5392-ге дейін), қарым-қатынас жəне əлеуметтік өзара əрекеттесу бұзылған (512 баладан 638-ге дейін) өсті. Əрине, бұл балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау қажет. Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың көбеюі кезінде арнайы топтарда, мектепте немесе сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта логопедтердің көмегі көп қажет. Қарым-қатынас пен əлеуметтік өзара əрекеттесуі бұзылған балалардың көбеюі Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы мамандарының көмегіне мұқтаж екенін көрсетеді, – деді ПМПК басшысы Ж.Əскербекқызы.
Сондай-ақ, ол мектептерде инклюзивті білім берудің өз жетістіктері мен оң тəжірибесі бар екенін атап өтті. 2022 жылы жалпы білім беретін мектептердегі жалпы сыныптарға (топтарға) 5260 бала жіберілген. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзияны дамыту нəтижелі болуы үшін айрықша назар аудару қажет екенін айтты.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz