Кедергісіз келешек
Балқаш қаласы жұмыспен қамту орталығына «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттiк бағдарламасына қатысуға жыл басынан бері қала тұрғынындарынан 600 өтініш түсті. Мемлекеттiк қолдауды қамтамасыз ететін орталық басшылығының ұсынысы бойынша 265 адам жұмысқа алынса, 350-ден астам қала тұрғыны алғашқы әңгімелесу барысында жұмысқа орналасты.
Жалпы, бағдарламаға қатысушылардың дені – жастар. Және жұмыссыздардың басым көпшілігі де жастар болғандықтан, олардың жұмысқа тартылуы кездейсоқтық емес. Көбінесе, компания басшылары жұмысқа қабылдаудың өзіндік талаптарында 30-35 жас аралығын көрсетеді. Сондай-ақ, жұмыс тәжірибесі болуы тиіс жас кандидатқа сұранысты жоғары қоятын жағдайлар жиі кездесіп жатады. Сондықтан, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы балқаштықтардың ғана емес, көптеген қазақстандықтардың қорғаушысына айналып отыр.
– Жалпы, осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушылар саны – 2369 адамды құрады. Бағдарлама аясындағы бірінші бағыттың іске асырылуы бойынша қалада төрт жоба әзірленіп, 158 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 79 жұмыс орны – республикалық бағдарламаға қатысушылар үшін. Қатысушылардың күшімен қалалық емхана, Балқаш қалалық мәдениет үйі және Саяқ кентіндегі мектеп жөнделді, – дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Әйгерім Әйнекова.
Бағдарламаның екінші бағыты – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ облыстық филиалы арқылы қаланың 16 тұрғынына шағын несие беру. Әйгерім Айғалиқызының айтуынша, бүгінгі күні қаланың 13 тұрғыны шағын несие алды. Оның жетеуі өз кәсібін ашса, алтауы бизнесін кеңейткен. Бұл ретте, бірқатар кәсіпкерлер жаңадан кәсіп ашып,10 адамды жұмыспен қамтамасыз етті.
Сондай-ақ, қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушінің қажеттілігін ескере отырып, білім алатын және қоныс аударған адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуде. Осы орайда, биыл 159 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
– Әлеуметтік жұмыс орындарына қаланың 79 тұрғыны бағытталды. Бірақ, бастапқыда біз 73 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлаған болатынбыз. Жұмыспен қамтудың жол картасына қатысуға ниет білдіргендердің саны күн сайын артуда. Негізінде, балқаштықтардың көбі жұмысты сауда және тұрғындарға қызмет көрсету салаларынан тапты, – дейді жұмыспен қамту орталығының басшысы.
Қалада жастар тәжірибесі табысты жүзеге асуда. Және жұмыспен қамту орталығының мамандары жоспарды жоғары деңгейде орындайды. Бастапқыда жұмыспен қамту орталығына 25 колледж студенті және жоғары оқу орындарының түлектерін орналастыруға ниет таныттық. Алайда, жұмыссыздық бойынша 47 жас маманнан өтініш түсті. Әйгерім Әйнекованың айтуынша, 16 түлек тұрақты жұмыс орнын тапты. Сондай-ақ, 21 мекеме жұмыспен қамту орталығымен келісім-шарт жасауға ниет білдірген.
Балқаш жастары өздерінің еңбек жолын мемлекеттік қызметте және ұлттық компанияларда бастады. Сонымен қатар, жастар – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде, экономика және қаржы, қала әкімі аппаратында, “Қазақтелеком” АҚ, “Қазпошта” АҚ-да, сондай-ақ, мектеп-гимназияларда, жеке меншік кәсіпорындарда іс-тәжірибеден өтеді.
Қайта даярлау курстары – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» – ның маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Соңғы тоғыз ай ішінде 40-қа жуық қала тұрғыны қайта даярлаудан өтсе, оның ішінде 16 қала тұрғыны жұмыспен қамту орталығының жоспарлауы бойынша қайта маманданудан өтті. Жұмыссыз жүргендер қаладағы колледждерде білім алып, автослесарь, аспаз, шаштараз және электромонтер мамандықтарын игеруде. Бүгінгі таңда бұлар – Балқаш қаласы бойынша сұранысқа сай мамандықтар қатарында. Осы орайда 18-ден 24 жасқа дейінгі 28 қала тұрғыны газэлектр дәнекерлеушісі дипломын алуға тілек білдірген. Сондай-ақ, 22 қала тұрғыны көлік жөндеу слесары болуға ниетті.
– Жоғарыда айтылған мәселелерден басқа, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу арқылы халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүргізілуде. Жыл басынан бері жұмыссыз жүрген 1410 адам жұмысқа орналасты, – дейді жұмыспен қамту орталығының мамандары.
Қалада ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жіті көңіл бөлінеді. Мысалы, жергілікті телеарна, басылым беттерінде республикалық бағдарламаның іске асу барысы туралы жұмыспен қамту орталығының басшылары тұрақты есеп беріп тұрады. Осы ретте, бос орындар жәрмеңкесінің де маңызын айта кеткен жөн. Биыл Балқаш қаласында өткен үш жәрмеңке 82 қала тұрғынына тұрақты жұмыс орнын табуға септігін тигізді. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға 65 адам тартылды. Мүмкіндігі шектеулі тоғыз адамды жұмыспен қамтамасыз етті.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша “Нұр Отан” партиясының қалалық филиалы апта сайын қабылдау жүргізіп, тұрғындарға бос жұмыс орындарын табуға жәрдемдеседі.
Самал АХМЕТОВА.
БАЛҚАШ қаласы.