«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Әкедей қамқор болған

Әдетте бұрын-соңды білістігі жоқ бейтаныс басшымен еңбек жолы қиысарда көңілді түрлі ойлар мазалауы әркімге тән жәйт шығар. Кешегі дәуірдің сексенінші жылдар аяғында «Орталық Қазақстан» газеті тарихында сондай бір толқыныс болғаны бар. «Біраз уақыт бойы редакторлық орынға кім тағайындалады, берекесі қашқан жағдай қалай түзеледі?!». Ұжымның көкейін тескен алаң ұзап барып басылды-ау ақыры.

Қуанышымызға орай бұл жауапты міндет жүктелуші Нұрмахан Оразбеков ағамыз біздің қауымға ортақ істе әбден пісіп-жетілген жан болып шықты. Әйткенмен мінез қыры да маңыздырақ көрінген. Байқаймыз аса байыпты, сырбаз бітімді, мыс басар болмысы бөлек адам. Сабырлы келіп, жұмысқа сабырлы кіріскен. Тапсырма нық, талап нақ, талғам биік. Ақырын ғана салмақтап, нығырлап сөйлейді. Боса болмасын шығармашылық ынтаға кеңқолтық. Қызметкерлеріне қызғыштай қорғаныш. Бұдан артық не тіленсін?! Қалам жалыны лаулағандай жарыса жазуға көсілгенді әр әріптес.

Осылайша танысылып, осылайша жігер құйылып келіп еді. Ананы-мынаны қазбаламағанымен қас-қабағынан-ақ жұмысымыздың аужайы аңғарылып қалады. Кей жаңсақтық жайлап ескертіледі. Түсінгенге ұмытылмас сабақ. Өз басымда өткен бір жағдайды айтайын. Кеншілер ереуілі өршіп тұрған шақ. Солардың мүддесін қолдап, қорғаушы жұмысшы комитеті дейтін белсенді топ күн сайын облыстық әкімшілік тарапына сан сипатты талаптар мен үндеулерді топырлатып жатады. Онысы әрине, іле газетте жариялануы қажет. Мұны да қойшы, қас қылғандай дені түнделетіп тықпалануын қайтерсіз.

Амал нешік, дереу ауызба-ауыз аудармаға отырасың. Сондайғы аласкүлесте «хозяйственное мыло» дегенді «шаруашылық сабыны» деп аударып жібергенімді үйді-үйімізге бірге қайтып келе жатуда білдірді. «Апырай, шаруашылық сабыны деген де бар екен-ау», дегенде үнсіз төмен қараудан басқа лаж қалмаған. Шүкіршілік, сол ескертпеден сабақ алып, осынау жедел іске жетілуім шығар, аударылуға тиісті материалдар көбіне маған тапсырылатын болды. Нұр-аға сырт қарағанда сұстылау, тұйық көрінсе, ал, шын мәнінде кеңдік пен кемелдіктен шуақтанған ішкі мейірімін, нәзік жан дүниесін, жүрек жылуын «Орталық Қазақстандықтардан» артық ешкім сезінбесе керек. Қанына біткен қазақы қалыппен бәрімізді бірдей бауырына тартып, құшақ ашуы бір бөлек қасиет-тін. Аз да болса қоян-қолтық жұмыс істеген 3-4 жылдың өзінде алдымызға ағадай, артымызға әкедей болып кетуі әлі күнге айтылып жүрген әңгіме. «Жақсының қасиеті жарастыру» демей ме? Нұрекең тұсындағы ұжым ұйымшылдығы, өзара сыйластық бөлек әңгіме. Өмірінің белді белесіне айналған «Орталығын» қимай ма, ұлқыздарын сағына ма арамызға жиі келіп тұрды. Сондай сәттерде өзді-өзі кей-өкпе-ренішті байқап қалса, табысуға үйіріп қайта жүз жаздыратын. «Өкпелесу өсірген де, оздырған да емес. Пендешілікті қойыңдар жігіттер», деп қабақ шытуы ұятқа батарлықтай болатын. Ал өзіме деген, көңіл жарастығына, ағалы-інілік араластыққа тартылуымды кім-кім де жоққа шығара қоймас. Әкем дүниеден өткенде Мағауия Сембайды, Гүлсім Оразалиеваны, Оңайгүл Тұржанды ауылға бастап келіп, топырақ салды. Соңырақ естігенім сол күні сайлаушыларымен кездесу белгіленген көрінеді. Соны шегеріп келіпті. Ағалық жылы ықыласының тағы бір нышанына Серік Ақсұңқарұлының 60 жасқа толу тойына қатысушылар куә. Иығына ілінген тәуір шапанды жұрт көзінше маған арнап жапқанда жүрек толқып, жанар жасаурады. Ата дәстүрде мұндайлық құрметтің мәні де, жөні де қымбаттылығын қанша айтқанмен әзірге ұмыта қойған жоқпыз ғой. Нұр-аға хақында көп айтуға болады. Алайда, дабысты досы Мұхтар Мағауиннен басталып, бәрі-бәрі ақтарылып қойған сыр секілді. Иісі қазаққа көрнекті қаламгерлігі де, өршіл ұлтжандылығы да, қарымды қайраткерлігі де, елден ерек төтен ерлігі де мәшһүр. Азаматтық асыл бейнесі содан жаңғырады да тұрады.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button