Әке жолын жалғастырған
Құқық қорғау саласында бүтін бір әулеттің тағдырын тоғыстырған, ғылым мен қызметті ұштастырып, бірнеше буынға үлгі тұлғалар қазақ қоғамында бар. Сол санаулылардың алдыңғы сапында – Зайролла Сембайұлы Төкебаев тұр. Зайролла Сембайұлы – ішкі істер саласының рухын көтерген, болмысы бөлек, ұстанымы мықты заңгер. Еңбек жолын жедел уәкіл қызметінен бастап, полиция полковнигі шеніне дейінгі жолдан өтіп, заң ғылымдарының докторы, профессор атанған, ғылым мен тәжірибені бір арнаға тоғыстырған. Бүгінде әкенің құқық саласындағы жолын ұлдары жалғастырып келеді. Жары да қаржы полициясында қызмет етіп, подполковник шенінде зейнетке шығыпты.

Зайролла Сембайұлы – Одақ кезінде атағынан ат үріккен Қарағанды жоғары мектебінің түлегі. Жалындап тұрған жас маман Долинка кенті маңындағы Сангородок ауылындағы қазіргі облыстық полиция департаментінің тәртіп түзеу мекемесіне жедел уәкіл ретінде тәжірибе жинақтаудан басталған еңбек жолы құқық жүйесімен бірге өрілді.
Әр ісі тиянақты жас маманды Қарағанды жоғары мектебіне жұмыс істеуге шақырады. Осылайша, талпынысы биік әрі талапшыл Зайролла Сембайұлы кафедрадағы қызметін кабинет жетекшісі ретінде бастап, кейін Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының оқытушысы қызметіне кіріседі. Бұл сәт – оның қызмет мен ғылымды қатар алып жүруге деген алғашқы қадамы еді.

Алысты көздейтін арманы асқақ, мақсаты айқын оның сәтті қадамы 1993 жылы қазіргі ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының күндізгі адъюнктурасына алып келген екен. 1996 жылы Мәскеу қаласында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, елге келіп, өзінің сүйікті кафедрасындағы жұмысын аға оқытушы ретінде жалғастырады. Шамалы уақыт өткен соң жемісті жұмыс істеген білікті маман аталған кафедра басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Бір айта кетерлігі, кейіпкеріміздің әкесі 1921 жылы туған Сембай Төкебаев та, 40 жылдан астам прокуратура органдарында абыройлы еңбек еткен тұлға. Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері.
– Отбасымызда жарым екеуміз әке жолын лайықты жалғауға тырыстық. Жарым – Лора Сматова Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратының құрылымдық бөлімшесінің бастығы лауазымынан 2012 жылы зейнеткерлікке шықты. Қаржы полициясының подполковнигі. Ұлдарым да осы жолды таңдады. Үлкен ұлым Қуандық полиция полковнигі, PhD докторы. Екінші ұлым Шыңғыс академияның қосымша білім беру факультетінде оқытушы-әдіскер болып қызмет етуде, – деп атап өтті Зайролла Сембайұлы.
Зайролла Сембайұлының өзі 2009 жылы докторлық дисертациясын сәтті қорғап, 2011 жылы профессор ғылыми атағын алған. Қазіргі таңда оны халық заң ғылымдарының докторы, профессор деп құрмет тұтады.
Ал, ұзақ жылдық тынымсыз ізденіс пен абыройлы еңбек жемісін беріп, Зайролла Сембайұлы 2010 жылы ІІМ Ғылыми-зерттеу институтының бастығы болып тағайындалды. Кейін ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына қайта шақырту алып, академия бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне кіріседі. 2015 жылы оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде, 2019 жылы көп жыл талмай еңбек еткен өзінің сүйікті академиясынан зейнеткерлікке шықты.
Зейнетке шықса да, елге адал қызмет етуден жалыққан емес. Бүгінгі таңда Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының профессоры болып жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеуде. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті қызметкері. Бұл атақ оған 2014 жылы табысты еңбегі үшін берілген.
Өз кезегінде Зайролла Төкебаев саналы ғұмырын қылмыстық құқық пен криминология саласындағы ғылыми-педагогикалық қызметке арнап, 120-дан астам ғылыми еңбек жариялап, ондаған болашақ ғалымдарға жетекшілік еткенін атап өткен жөн.
Жарты ғасырдан астам тарихты арқалаған бұл отбасының өнегесі – заң мен ар-ожданның тоғысқан тұсындағы биік рухтың айғағы. Зайролла Төкебаевтың өмір жолы – қызметтік шен ғана емес, адамдық биіктің де көрсеткіші.
Төкебаевтар әулеті – құқық қорғау саласына адал қызмет етудің, білім мен тәрбие арқылы болашақ офицерлерді даярлаудың символы.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан