«Кең жолақты интернет»: шалғайдағы мектеп шет қалмайды
Елдегі мектептердің 90%-ында интернет жылдамдығы талапқа сай келмейтіні айтылып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы байланыс пен интернеттің сапасын сынға алып, «Халықтың тағы бір проблемасы – интернет жылдамдығы мен сенімділігінің төмендігі. Байланыс операторлары тарапынан тарифтік жоспарлар үнемі жаңарып отырады. Сонымен қатар, интернетке қосылу жылдамдығы мен нақты сапасы алдын ала айтылған межесіне маңайламай қалады», – деген болатын.
Интернеттің мектепте қолжетімді болуы ғылым мен білімнің дамуы үшін маңызды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша 2027 жылға дейін Қарағанды облысының 164 елдімекеніне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған.
Қосымша инфрақұрылым қажет
Бұған дейін өңірдегі мектептерде талшықты-оптикалық немесе радио-релейлік байланыс желілерінің болмауынан интернет жылдамдығын арттыру мүмкіндігі азайған-тын. Осыған орай еліміздегі шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектеп үшін байланыс желілерін спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастыру жайлы шешім қабылданған.
Өткен жылы Балқаш қаласының білім бөлімі инновациялық мектептердегі интернет жылдамдығын арттыруды сұрады. «100 мегабит 1500 оқушысы бар инновациялық білім ошақтарына аздық етеді», – деді мамандар. Сондай-ақ, интернетпен қамтамасыз ететін компанияларды анықтау кезінде де қиындықтарға тап болатынын жасырмады. Елдегі білім ошақтарындағы мәселені ескерген Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
– Кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізу әлеуметтік саланы дамыту және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру үшін шарт болды. Пандемия кезінде онлайн білім беруді енгізу мәжбүрлі шара болды. Алайда, бүгін біз оның барлық кезеңдерінде оқытудың біріктірілген нұсқаларын белсенді түрде қолдануды жалғастырудамыз. Қашықтан оқыту технологиялары шалғайдағы және шағын жинақталған мектептердің мәселелерін шешуде жақсы көмекші болып отыр, – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Депутаттың айтуынша, заманауи ақпараттық жүйелер мен цифрлық білім беру платформалары жоғары деңгейдегі байланысты қажет етеді. Сонымен қатар еліміздегі 7 826 мектептің 7 750-і интернет желісіне түрлі технологиялармен қосылғанына қарамастан, тек 5 073 мектепте интернет жылдамдығы медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) ұсыныстарына сәйкес келеді. Осы ұсыныстарға сәйкес бір мектепке ең төменгі жылдамдық – 20 Мб/с. Оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін 20 оқушыға қосымша кемінде 1 Мб/с ұсынылды.
Деректерге сүйенсек, еліміздегі 1 643 мектепте интернет желісіне қол жеткізу жылдамдығын арттыру үшін техникалық мүмкіндік жоқ. Интернет жылдамдығын арттыру мақсатында қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан, Заң жобасында байланыс инфрақұрылымын жақсартуға, оның сапасын арттыруда мектептер үшін бірқатар норма ұсынылды. Зерттеулер қорытындысы қалаларда ғылыми-зерттеу зертханалары 5G технологиясына қол жеткізе алатынын растады.
Сондай-ақ, заң жобасында цифрлық технологиялар үшін инновациялық ортаны дамытуға байланысты өзгерістер ұсынылды.
– Қазіргі уақытта Комитет ғылым және жаңа технологиялық саясат мәселелері бойынша бірқатар заң жобаларын қарастыруда. Осы жобада ұсынылған цифрлық технологиялар саласындағы шешімдер инновацияларды дамытудың жаңа құқықтық ортасына тиімді қосымша болады. Мәселен, ұлттық заңнамада тәжірибелік құқықтық режимді енгізу – жаңа идеялар мен жобаларды енгізу үшін құқықтық жағдайларды жедел жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте заңнаманың объективтілігін, қауіпсіздігін және тазалығын сақтау қажет, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Мұғалімдер бейне сабақтар өткізе алады
Қарағанды облысында кейінде 106 ауыл мектебі жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Бұл туралы педагогтарға арналған облыстың тамыз конференциясында мәлім болды.
– Кең жолақты интернетке қолжетімділік балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан ауылдық жерде немесе қалада болсын, сапалы білім беру контентін алуда кең мүмкіндіктер ашады, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, өңір мектептерін компьютерлендіру төрттен бірге ұлғайды. 9 мың заманауи компьютер сатып алынғанын да айта кеткен жөн. Жабдықтарды жаңарту Қарағанды облысындағы мектептерге заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Digital matematika және BilimTest жобалары іске асырылуда.
Жасанды интеллектті қолданатын цифрлық платформалар оқушыны оқытуда тиімділігін байқатуда. Мысалы, Digital matematika оқушыларға тақырыптарды өз бетінше үйренуге, практикалық тапсырмаларды орындауға, білімдегі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Интерактивті жүйе екі тілде жұмыс істейді. BilimTest мобильді қосымшасы болса, әртүрлі сынақ тест және пайдалы оқу материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл ElSkills жобасын іске қосу жоспарлануда. Ол мұғалімдерді басқалардың эмоцияларын тануға және өз эмоцияларын басқаруға үйретпек.
– Облыс бойынша бізде 410 мектеп бар. Оның 106-сында интернет жылдамдығымен мәселелер болды. 20 мамырдан бастап, олар SpaceX компаниясының Starlink технологиясы бойынша кең жолақты интернетке қосылды. Жобамен барлығы 8,5 мыңға жуық бала қамтылды, – деді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жұмаханов.
Биыл облыста Көкпекті жалпы білім беретін мектебінде спутниктік жүйенің артықшылықтары ерекше бағаланды. Бұл оқу орны интернет жылдамдығы небәрі 8 Мбит/с дейін төмен болған мектептердің бірі еді.
– Starlink 25 мамырда орнатылды. Мүмкіндік аясын кеңейтті. Біздегі төрт информатика кабинетінде 100 компьютер бар. Бұрын төмен жылдамдыққа байланысты бір мезгілде барлығын жұмыс істету үшін интернетке кіру мүмкін болмаған. Мұғалімдер қазіргі таңда кез келген цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланып, көп күтпестен бейне сабақтар өткізе алады, – деді Көкпекті орта мектебінің директоры Гаухартас Жаймина.
Жабдық жиынтығына мектеп төбесінде орнатылған спутниктік антенна, сондай-ақ, бірінші қабаттағы штатив пен маршрутизатор кіреді. Барлық сыныптарда жергілікті желі орнатылды. Жалпы, мектептердегі Starlink технологиясы ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілері орнатылғанша жұмыс істейді.
Алдағы уақытта «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша елдімекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жалғасады. Бұл ауыл мектептеріндегі интернет жылдамдығын барынша арттыруға көп мүмкіндік.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz