Бас тақырып

Кеңшілік кемшілікті жоя алмай тұр

Күн тәртібінен түспей тұрған мәселе – әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу. Оның жолын кесетін түрлі шаралар қолға алынуда. Соған қарамастан, тамырына түбегейлі балта шаптық деуге әлі ерте. Мүмкін халық талап еткендей, гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін заңнаманы өзгерту жеткіліксіз болар?! Ол үшін, әсте ұлды да, қызды да тәрбиелеу кезінде санасын әлімжеттік туралы ойдан ада қылғанымыз жөн шығар. Бірақ, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, тереңіне үңіліп, ақылға салсақ, үйдегі ұрыс-керісті көріп өскен, өзге қарым-қатынас моделін білмейтін бүгінгі ұлдан ертең «әйеліңді ұрма!», ал, қыздан «зорлық-зомбылыққа төзбе!» деп талап етудің өзі қисынға келмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар беруде. Одан бөлек, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында да ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілгенін айтқан болатын.

Сурет: sud.ua/ru сайтынан

Әлбетте, шаралар нақты нәтиже бермеді десек, артық айтқанымыз. Мәселен, Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығының жетекшісі, облыстың полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаеваның мәліметінше, тұрмыстық қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға азайған. Оның ішінде, кісі өлімі – 50 пайызға, орташа ауыр­лықтағы дене жарақатын келтіру – 25,8 пайызға төмендеген.

Одан бөлек, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инс­пекторлар штаттары енгізілді. Оларға тұр­мыстағы зорлық-зомбылық жасаған құ­қық бұзушыларға қатысты қорғаныс нұсқамаларын өздері шығара беретін өкі­леттік берілген. Сәйкесінше, биылдың өзінде 151 қорғаныс нұсқамасын шығарған.

Елімізде әйелін ұрып, соққыға жыққанға қылмыстық емес, әкімшілік іс қана қозғалады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» делінетін 73-бабы бойынша жазаланады. Ол бойынша құқық бұзушы отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарды сыйламаса, былапыт сөйлесе, қорлап тиіссе, үй тұрмысындағы заттарды бүлдірсе және олардың тыныштығын бұзса, ескерту жасалады, болмаса, бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Ал, баптың тармағы көбейген сайын, жаза да қатаңдай түспек.

Қылмыстық кодексте отбасында орташа және ауыр дене жарақаттарына әкелетін зорлық-зомбылық үшін жаза қарастырылған болатын. Бірақ, 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыссыздандырылды. Қазір аталған кодекстің 108-бабы бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру мен 109-бабы бойынша ұрып-соғу – бос тұр. Яғни, ол үшін қылмыстық жаза қарастырылмайды.

Аталған баптарды әкімшілік құқық бұзушылыққа ауыстыруға кезінде тұрмыс­тық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазалауға емес, зорлаушыларға айыппұл салуға, олармен тиісті жұмыс жүргізуге болады деп сенген азаматтық қоғам өкілдері де болған еді. Өкініштісі, бұл зорлық-зомбылықтың азаюына ықпал еткен жоқ.

Бірақ, бұл дұрыс шешім болғанын айтады әйелдерге жасалатын тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күнде бетпе-бет келіп, бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүрген Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева. Оның да өзіндік себебі бар. Мәселен, кодексте қазір бос тұрған 108 және 109 баптар бойынша қылмыс жасалған соң күдіктіні жедел қамауға алу көзделмеген.

– Себебі, бұл ауыр қылмыс болмағандықтан, санкциялау кезінде жедел қамауға алу көзделмейді. Егер халық талап еткендей, әйелдерге жасалатын тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыстық сипатқа ие болатын болса, ол қайтадан Қылмыстық кодекстің 108 және 109 баптарына ауыстырылады. Бұл ретте, полицияға арыз жазылғаннан кейін, ол жеке сипатқа ие болады да, жәбірленуші сотқа дәлелдемелерді өзі жинау қажет болады. Бұл, әлбетте, біраз уақытты талап етеді. Ал, сот белгілеген мерзім өтіп кететін болса, іс мұрағатқа кетеді де, зорлық-зомбылық көрсетуші жазасыз қалады, – дейді Гүлбану Ратайқызы.

Подполковник соттың қарау уақыты екі айдан алты айға дейін созылатынын айтады. Ал, бұл уақыт аралығында әйел не ажырасып тынады, не қайтадан табысып, таяғын жеп жүре береді. Ал, отбасындағы жанжал – жедел жауап қатуды талап ететін дүние.

– Жанжалға дер кезінде шара қолдану керек. Бұл жағдайда үш күннің өзі көп. Осы уақыт аралығында жазаланбаудың өзі адамды есерсоқтыққа апарады. Бұл ретте Әкімшілік кодекстің баптарын қолдану дұрыс деп есептеймін. Себебі, учаскелік полиция қызметкерінің өзі жедел әрекет етіп, шара қолдана алады. Бұл ретте кез келген жағдай сотпен дәлелдену керек болғандықтан, полиция қызметкерлерінің өзі зәбір көрсетушіге ешқандай шара қолдана алмайды, – дейді Гүлбану Ратайқызы.

Мәжіліс балалар мен әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық үшін заң жобасын Сенатқа жіберді. Депутаттар оны талқылау­да. Егер заң қабылданар болса, отбасында жанжал шығарғандар қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бірақ, кез келген дүние­нің екі ұшы болатыны тәрізді зорлық-зомбылықты тоқтату үшін әйелін соққыға жыққанның кінәсін дәлелдейміз деп уақыт создырып жүргенде, орны толмас өкініш – өлім санын көбейтіп алмаймыз ба деген де қорқыныш жоқ емес…

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button