Руханият

«Әке көрген – оқ жонар»

Қарағандыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясында ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз ұрпақ өсіп келеді. Білім ошағы ай сайын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шараларды жиі өткізіп тұрады. Соның бірі «Ұлағат» әкелер мектебі мен «Қаһарман» ұлдар клубы жобаларының жұмысын насихаттаған қалалық  тәжірибе тарату семинары.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жиында білім алушыларға дұрыс тәрбие беру мақсатында әкелердің жауапкершілігін арттыру сөз болды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеген мұғалімдер, бала мен әке ынтымақтастығын орнатуға жағдай жасау­дың жолдарын талқылады. Семинардың сапалы өтуіне гимназияның әкелер мектебінің мүшелері атсалысты. «Өнегелі өмір» жобасын негізге алған спорт шеберлерінен құралған әкелер дөңгелек үстел барысында бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлуді құптады.

– Әкенің тәлім-тәрбиесін, ақылын алып өскен бала қашанда мінезді, намысты болып ержетеді. Алайда әлсіз, әлжуаз балалар көбеюде. Бұл – қоғамда отбасындағы әкенің рөлі төмендеп бара жатқандығын білдіреді. Бұған тек қана әкелер емес, отбасының ұйытқысы аналар да жауапты екені хақ. Қазіргі таңда бала үшін әкенің орны ерек. Ұрпағын ойлаған әкелер тек ақылымен, сөзімен емес, баласына жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен тәрбие беруі тиіс. Ақыл айтумен шектелу жеткіліксіз, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов.

Екінші бөлімде ұлттық тағамның пайдасы мен ерекшелігін атай отырып, соғым, мүше тартудағы шеберлік сағаты ерекше өтті. «Жеті атасын білмеген..» атты шежіре тарату оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

– Ұлға үлгілі әке болу оңай емес. Өйткені «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды». Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала әлжуаз болмайды. Ата тегін біліп, Отанын ойлап тұрады. Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып «Балам,  сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі. Баланың бойындағы осындай ер мінез, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасып, дамиды. Абай секілді ұлылар ұлағатын үлгі етіп, бала мен әке қарым-қатынасын дамытуға бағытталған семинарымыз жоғары деңгейде өтті, – деді Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясы директорының орынбасары Ақгүл Жұматаева.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы «Әкенің балаға ұсынар кітабы» REDx. форматындағы кездесуде әкелер балаларына үздік кітаптар ұсынды. Семинар соңы қолөнер, робототехникамен ұлттық ерекшелікті ұлықтаған көрмеге ұласты.

Әке fest гала-концерті гимназия әкелерінің балаларымен сахнада ән айтып, күй тартуына ықпал етті. Әкелер мен балалардың әдемі кездесуі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Әкелер сөзінде ғалымдар баланың тұлға болып қалыптасуына төрт фактор әсер ететінін анықтағанын тілге тиек етті. Бала бүлдіршін шағында алдымен ата-анасының өзін ұстауынан бастап, жүріс-тұрысы, адаммен қарым-қатынасына дейін бақылап, қайталайды екен. Кейін мектептегі жасөспірім шағы өміріне жағымды әрі жағымсыз әсер де қалдыратын көрінеді. Есейген шағында қоршаған ортасы қоғамдық пікір қалыптас­тыруына әсер етеді. Осыны ескерген ата- ананың балаға байыппен қарағаны дұрыс көрінеді. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі өркениетті қоғамның негізін қалаушы.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button