Облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында биыл аймақта ұйымдастырылатын мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізудің жоспары мен тәртібі талқыланды. Олардың дені қоғамдық, саяси маңызы бар оқиғаларға, ұлттық және мемлекеттік мерекелерге орайластырылған. Бірақ, кеңес мүшелерін толғандырғаны – аты дардай болғанымен, көбінесе бір күндік сипатқа ғана ие шаралар «тұрғындардың қызығушылығын тудыра ала ма?» деген мәселе. Тіпті, ұйымдастырылатын шаралар арқылы табыс табуды да қарастыру керек шығар деген ұсыныс болды. Кеңес төрағасы Жәнібек Садықанов болса, облыстың бизнес өкілдерін де мұндай шараларға тарту керек дейді. Жиынға облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов қатысты.
Мәселе бір күнде шешілмейді
– Қазақ Наурыз мейрамына ерекше мән беріп, оны «Ұлыстың Ұлы күні» деп атайды. Облыстың қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, қарағандылық кәсіпкерлердің көпшілігі бұл мерекеге тиісті көңіл бөлмейді. Наурыз – жаңару мерекесіне орай жекеменшік нысан иелері нысандарының қасбеттерін безендіріп, қызмет көрсету персоналының формасына ұлттық ою-өрнек элементтерін қолданып қана қоймай, өзге де шығармашылық тәсілдерді пайдаланса, – дейді Жәнібек Махмұдұлы.
Одан бөлек, кеңес мүшелері қала және аудан әкімдері түрлі шараларға байланысты «Үздік супермаркет», «Үздік сұлулық салоны» және тағы басқа номинациялар бойынша байқау ұйымдастырса деген ұсыныстарын білдірді. Ұсыныстарына елеулі салмақ беру мақсатында қоғам қайраткерлері жиынға ұлттық киіммен келген.
Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай қоғам қайраткерлерінің мерейтойы небары бір-ақ күн аталатынына тоқталды. Оны халыққа жеткізу үшін атаулы даталар туралы жыл бойы әлеуметтік парақшаларда жариялап отырған жөн дейді ол. Сондай-ақ, сырттан келетін әншілерге бөлінетін қаржыны да назардан тыс қалдырмады.
– Шараларды өткізуге мемлекет қаржысы жұмсалады. Сондықтан, әр шара халықтың есінде қалатындай болуы керек. Мәселен, біздегі Наурыз мерекесі киіз үйде көже ішумен ғана есте қалады. Ал, сырттан келген әншіге миллиондап қаржы төлегенше, оны түрлі сайыстар ұйымдастырып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге жаратса, құба-құп болар еді, – дейді Меруеш Башай.
Шара өткізіп, есеп беру мақсат болмауы тиіс
Ал, заң ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ қауымдастырылған профессоры Болат Сыздықұлы тұлғалардың аттарын, ұлттық брендке айналған атауларды өзгертпей, өзге тілге аудармай-ақ, түпнұсқа қалпында берген дұрыс дейді.
«Новое телевидение» телеканалының директоры Руслан Никонович жаппай іс-шараларды өткізу барысында оларды коммерциялық шара ретінде қарастырса дейді. Яғни, мақсат шара өткіздік деп есеп беріп, бөлінген қаржыны игеру ғана емес, сондай-ақ, қосымша қаржы тарту болуы керек. Ал, ол үшін халық жаппай хабардар болуы тиіс.
– Биылғы өткізілетін шаралардың көлемі ауқымды. Олардың тақырыптары да жыл сайын ауысып отырады. Өкініштісі сол, халық бұл туралы білмейді, білген күннің өзінде бір күн қалғанда ғана хабардар болады. Ал, өтетін шараға адамның қатысуы үшін алдын ала жоспарлауы тиіс. Мысалы, биылға жоспарланған «Қоянды жәрмеңкесіне» бару үшін алдымен оның қайда өтетіні, қалай өтетіні туралы, қанша күн өтетінін білуі тиіс. Оған кем дегенде жарты жыл дайындалады. Ал, егер бір апта бұрын ғана білсе, бара қоюы екіталай. Егер жарнамасы жақсы әрі ертерек болса, Қарқаралыға облыс бойынша ғана емес, өзге өңір тұрғындарын да тартуға болар еді, – дейді Руслан Никонович.
Кеңес мүшелерінің жарнаманы күшейту керек деген ұсынысын зейнеткер, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Ниқанбай Омарқанов та қолдады.
Биылғы шаралар жоспары қандай?
Облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, биыл еліміз үшін аса маңызды тарихи және мәдени бірқатар атаулы және мерейтойлық күндерді атап өту жоспарлануда. Олардың қатарында «Ақтабан шұбырындының» – 300 жылдығы, Сұлтан Бейбарыстың – 800 жылдығы, Қазақстанның ұлттық валютасының ақша айналымына енгізілгеніне – 30 жыл, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылғанына 30 жыл сияқты шаралар бар. Одан бөлек, Махамбет Өтемісұлының – 220, Ақан серінің – 180, Шәкәрім Құдайбердіұлының – 165, Амангелді Имановтың – 150, Мағжан Жұмабаевтың – 130, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығы сияқты бірқатар танымал тұлғалардың мерейтойларына арналған шаралар өткізілмек.
– Президент Әкімшілігінің халық пен билік бірлігі идеологиясын насихаттау ұсыныстарының негізінде облыста басты әлеуметтік маңызды және мәдени іс-шаралардың 2023 жылға арналған желілік кестесі дайындалып, бекітілді. Оған 174 шара кіреді. Қатарында мерейтойлар, мемлекеттік және кәсіби мерекелер, нысандар ашу, фестивальдер, форумдар, қайырымдылық шаралар, тұрғын үйді пайдалануға беру және тағы басқалары бар, – дейді Нұрлан Рахметуллаұлы.
Ал, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов облыста жыл сайын мәдениет және өнер ұйымдары мемлекеттік және күнтізбелік мерекелерге, мемлекет қайраткерлерінің, жазушылардың, композиторлардың және әртістердің мерейтойлық күндеріне мыңнан астам іс-шаралар өткізілетінін айтты.
– Мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған имидждік және мәдени-бұқаралық іс-шаралардың ішінде «Қош келдің, әз Наурыз» театрландырылған мерекесін, Қазақстан бірлігі күніне арналған театрландырылған қойылымды, Жеңіс күнін мерекелеу аясында «Ардагерлер ән айтады» ардагерлер хор ұжымдарының облыстық фестивалін, Шахтер күніне, Металлург күніне, ҚР Конституциясы күніне, Республика күніне, ҚР Тәуелсіздік күніне, облыс әкімінің мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған сыйлығын мерекелеуге арналған іс-шараларды, «Жұлдыздар аллеясында» жұлдыздың ашылу салтанатын, «Jasartfest» жастар субмәдениеттерінің музыкалық фестивалін, «Taldy fest» халықаралық этнофестивалін ерекше атап өткім келеді, – дейді Еркебұлан Қайроллаұлы.
Салтанат ІЛИЯШ.