Жаңалықтар

Кассандраның кебін киген қайраткер

Қазақ қоғамына өте жақсы таныс болуға, ұлтының болашағына атқарған қызметі үшін құрметтің төрінен көрінуге тиіс-ақ тұлға. Бірақ, өкінішке қарай, есімі мен еңбегі кеңестік дәуірде де, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де жеткілікті түрде насихатталмай, атаусыз қалып келеді. Кеңестік билік тұсында оған – Нығмет Нұрмақовқа «Алаш» партиясының құрамында болды, Алаш­орда үкіметі басшыларымен идеялас болды» деген кінә тағылса, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақ АСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы лауазымында кеңес үкіметіне қызмет жасады» деп айыпталуда. Бұлардың қай-қайсы да негізді болса да, Нығметтің халқы үшін, ұлт мүддесі үшін жасаған қызметі аталған «кінә» мен «айыпты» жуып-шайып кетуге жетіп артылады.

Сурет автордан

Нығмет Нұрмақов 1895 жылы 25 сәуірде Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Қу болысында дүниеге келген. Әкесі тақыр кедей болса да, аталас туысы, осы өңірдің әйгілі тұлғасы, исі қазаққа белгілі меценат Қасен Ақайұлының салғызған мектебінде сауатын ашып, 1915 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын, кейін, 1931 жылы ВКП (б) ОК жанындағы Коммунистік университетті тәмамдады.

1920-1921 жылдары Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық комитетінің бөлім меңгерушісі, одан соң губерния­лық атқару комитетінің мүшесі болды.

Қазақ автономиялық республикасының Жоғарғы соты мен Семей губерниялық прокуратурасының қалыптасуына Нығмет Нұрмақов ерекше үлес қосты. Ол 1921 жылдың қазан айынан губерниялық Революциялық трибуналдың, 1923 жылдың 11 сәуірінен РСФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлімінің төрағасы, 1923-1924 жылдары Юстиция халық комиссары лауазымында еңбек етті. Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дөп келді. Осы кезде Семейде, Ақмолада және Қостанайда қысқа мерзімдік курстар ашылды. Олардың тыңдаушылары практикадан өтуі үшін курстар жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды. Бұл саланы орта буын заң қызметкерлерімен қамтамасыз етуге үлкен жәрдемін тигізді.

Н.Нұрмақов азғантай уақыт, 1924 жылдың қыркүйек-қазан айларында ВКП(б) Қырғыз обкомының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істегенде өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп үлгерді.

Нығметтің мемлекетшілік тұлғасы 1924 жылдың қазан айы мен 1929 жылдың сәуірі аралығында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы лауазымында қызмет атқарған кезінде жарқырай көрінді. Қазақстанның болашақ индустриалық өзгерістеріне әзірлік осы кезде жасалған болатын.

ВКП (б)-ның басшылығымен жүргізілген индустрияландыру  саясаты Мәскеуден алыстағы ұлттық аймақтарға, әсіресе, Қазақстанға отаршылдық бағыт ұстанды. Қазақстанда индустрияландыру саясаты қандай болу керек деген мәселе сол кездің өзінде  күшті таластар туғызды. Өлкедегі кеңес және партия қызметкерлерінің бір тобы  көшпелі халық  бірден социализмге  өте алмайды, қазақтың көшпелі  өмір салты  ұлттық ерекшелік болып табылады, сондықтан, елді  индустрияландыру осы ұлттық ерекшелікті жоя­ды деп есептеді.  Мәскеу мұндай пікірдегі партия мүшелерін партиялық тура жолдан ауытқушылар, яғни «уклонистер» деп айыптады. 

Келесі бір топтың өкілі С.Сәдуақасов  өнеркәсіпті дамыту қазақтарды ауыл шаруашылығынан алыстатып, халықтың дәстүрлі мал шаруашылығы құлдырауына әкеледі деп есептеді. Ол Қазақстан өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркәсіптерді көптеп салып, әрі қарай  дамыту қажет деген пікірді ұстанды. Яғни, С.Сәдуақасов өнеркәсіпті шикізат қоры көздеріне жақындатуды көздеді. Қазақстандағы шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан  дайын өнімді қайта  алып келуге кететін тасымалдау шығындарына, екінші сөзбен айтқанда, өлкені  тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды. Нығмет Нұрмақов та осындай пікірде еді.

Социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар таққан ВКП (б) басшылығы өзі белгілеген елді «социалистік индустрияландыру» бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды. Бұл саясат бойынша Қазақстан КСРО-ның шикізаттық бөлшегіне айналуы  керек еді. Мәскеудің бұл ұсынысын осы кезде өлке партия ұйымының басшылығына келген  Ф.Голощекин қызу қолдады.  Республика өмірімен таныстығы жоқ Ф.Голощекин қазақтардың шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті  мойындамады. Ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті қаржыны шаруаларға шамадан тыс салық салу, әсіресе қазақтардың мал-мүлкін тәркілеу жолымен табуды мақсат етті. Бұл абыройсыз жұмысты сол кездері Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған Н.Нұрмақовтың қолымен атқаруға ұмтылып, күшпен орындатты. Жалпы, шаруаларды тәркілеуге, соның ішінде байлардың мал-мүлкін тартып алуға барынша қарсы болған мемлекеттік қызметкерлердің бірегейі Нығмет Нұрмақов. Олар байлар – шаруашылықты жүргізудің әдіс-тәсілін меңгерген, жергілікті ерекшелік пен табиғаттың сырын білетін адамдар екенін алдыға тартып, оларды кеңестік агроөнеркәсіпті дамытуға пайдалануды, тәркілеу орнына байларға салықты еселеп арттыруды ұсынады. Бірақ, бұл кезде өлке басшылығында салауатты тұлғаның орынды ұсынысына құлақ асатын жан жоқ еді. Төңірегіндегі жандайшаптар жеткізген өсек-аяңға сүйенген Голощекин Халық Комиссарлары комитетінің басшысы бұл пікірді көп жыл болыс болған туысы Ақайдың Қасені мен бай қайын жұртын (Ақбаевтарды) тәркілеуден қорғау үшін ұстанып отыр деп айыптайды.

Қазақстанда индустрияландыру КСРО-ның орталық аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда жүрді. Большевиктер, осыған қарамай, Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды.  Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы  Түркістан-Сібір те­мір­жолы құрылысы Нұрмақовтың кезінде басталды. Индустрияландыру жылдарында жүзеге асқан Қарағанды-Балқаш, Атырау (Гурьев)-Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка -Риддер теміржолдарының алғышарттары Н.Нұрмақовтың тұсында жасалды.

Орталық пен Ф.Голощекиннің Нығмет Нұрмақовты интернационалистік идеяға, кеңестік тұтастыққа қарсы, алашордашылардың сойылын соғып отыр деп айыптаған тағы бір «зор кінәсі» – Қазақ АСР-ның алғашқы астанасы Орынбор қаласы мен облысының Ресей федерациясына берілуіне үзілді-кесілді қарсы шығуы. Тұрғындарының көпшілігі орыс ұлтының өкілдері ғана болғандықтан Орынборды Ресейге қарату сылтау емес, бұл тарихи ақиқатқа қиянат және В.Ленин мен Алашорда үкіметі басшыларының арасындағы, жер мәселесіне байланысты жасалған келісім-шартқа қайшы деген пікірін ашық айтты. Бірақ, өлкелік партия комитеті басшылығымен ауыз жаласқан Мәскеу тізеге салып отырып Орынбор аймағын тартып алды. Осыдан кейін Нығметтің Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесін басқаруы мүмкін емес-ті.

1929-1931 жылдары ВКП (б) жанындағы Я.Свердлов атын иеленген Коммунистік университетте оқып жүрген кезінде, одан кейін Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті хатшысының орынбасары, БОАК Төралқасының бөлім меңгерушісі, Қазақ өлкелік партия комитетінің, Қазақ АКСР ОАК мүшесі, БОАК Ұлттар бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарған кезде Қазақстандағы аштық нәубетінің алдын алу, қазақтарды аштықтан қорғау, нәубеттің зардаптарын жою үшін қолынан келген шараларды жасап бақты. Бірақ, Нығмет Нұрмақовтың барлық пікірі мен болжамдары салауатты логикаға негізделіп, соңынан ақиқаттығы дәлелденіп жатса да, құдды ежелгі грек мифологиясындағы Троя ханшайымы Кассандраның қарғысына ұшыраған сияқты, оның сөздеріне биік биліктегілер сенбеді. Мүмкін, сеніп, біліп тұра, әдейі кері әрекет етті. Осының салдарынан қазақ халқы ХХ ғасырдың 20-30-жылдары адамзат баласы бұрын-соңды естіп көрмеген апатқа ұшырады – тең жартысынан айырылды.

Туған еліне жасаған қылаусыз қызметі, халқына жанашырлығы үшін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мықты ұйымдастырушы, жалынды публицист Нығмет Нұрмақов ойранды отызыншы жылдардың сая­си қуғын-сүргін науқаны кезінде ұсталып, «халық жауы», «жапон шпионы», т.б. ойдан шығарылған жалалардың құрбаны болып, 1937 жылы 27 қыркүйекте атылды. Атап өтетін жағдай, ол Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан екеуі бір күнде атылып, қатар қабірге жерленген.

1956 жылғы тамызда ақталды. Сол кезде оның есімі мен қызметін қайта жаңғырту үшін азын-аулақ жұмыс жасалды. Атап айтқанда, Қарағандыдағы №2 мектеп-интернатқа Нығмет Нұрмақовтың есімі берілді, туған жеріндегі аудан орталығының бір көшесі, кейінірек бір шаруашылық оның атымен аталды. Бар біткені – осы. Қайраткердің жарық дүние есігін ашқанына 125 жыл толуына орай өткен онлайн-конференцияда (қалыпты жиын өткізуге әлемді жайлаған індет салдарынан мүмкіндік болмаған) тарихшы ғалымдарымыз Қарағанды қаласындағы Н.Гоголь көшесін Нұрмақовтың атына ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бірақ, олардың пікірін қаперге алған, құлаққа ілген не қала басшылығы, не облыс жетекшілері жоқ.

Жоғарыда аталған мектепте тұрған кеуде мүсінін айтпасақ, күні бүгінге дейін Қазақстан көлемінде Нұрмақовтың ескерткіші жоқ. Біраз жыл бұрын жерлестері аудан орталығы мәртебесінен айырылып қалған Егіндібұлақта Нығмет Нұрмақовтың әйдік ескерткішін қоямыз деп бастама көтерген болатын. Оған бөлінген жер бірнеше рет ауыстырылып, ақыры Қарқаралыдан ауылға келетін күре жолдың бұрылысындағы алаң таңдалды. Ескерткіштің тұғыры орнатылып, жан-жағын абаттандыру жұмысы да жүргізілген. Тіпті, мүсіннің гипс нұсқасы да дайын тұр екен. Авторы – белгілі мүсінші, осы өңірдің тумасы Мұрат Мансұров. Осы азамат және оның командасы жұмысты тегін атқарып шыққан дүр. Енді дайын ескерткішті қоладан құйып шығу керек. Ол үшін металл сатып алуға 15-20 миллион теңге көлемінде қаржы таппай отырған көрінеді. Нығмет Нұрмақов қоғамдық қорының тізгінін ұстаған жігіттер жан-жаққа сауын айтып қажыған сыңайлы.

Әлқисса, сөзіміздің басында есімін ауызға алған Ақайдың Қасенін кеңес билігі үш мәрте тәркілеп, алдындағы малын тігерге тұяқ қалдырмай тартып әкеткен екен. Большевиктер жыл айналып келсе, Ақайдың Қасенінің байлығы бұрынғысынан да артып, тасып-толып отырғанын көреді. Оны осындай ырыс пен құрметке жеткізген Сарыарқаның сақи жұрты болатын. Елдігіміз сол аға ұрпақпен бірге кетпегенін көрсетіп, тек Қарқаралы өңіріндегі әр отбасы мың теңгеден шығарса, Нығмет Нұрмақов қайта тіріліп келмесе де, Егіндібұлақта қойылуға тиісті ескерткіші тұғырына қонатыны күмәнсіз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button