Карантин кезінде саяжайға баруға рұқсат беріле ме?
Тұрғылықты халықтың кәсіпкерлік және өзге де тіршілігіне қатысты жағдайлары ескеріле отырып, Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Бұқар Жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Ботақара, Көкпекті, Ғабиден Мұстафин, Петровка елді мекендерінде ерекше режимдегі карантин жарияланды.
Аталмыш елді мекендердің тұрғындарына үйден жұмысқа шығуға және кері қайтуға рұқсат етіледі (егер олар жұмыс істейтін ұйымдардың қызметі тоқтатылмаса). Сондай-ақ, үйге жақын орналасқан дүкен, дәріхана, банк, жанар-жағар май бекеттеріне баруға рұқсат берілген. Алайда, ондай нысандардың қашықтығы үйден 1 500 метрден аспауы тиіс.
Төтенше жағдайға байланысты карантиннің күшейтілген шараларын қабылдау кезінде саяжайлар үшін ерекше жағдай қарастырылмаған. Яғни, олардың қызметі тоқтатылды. Бұл турасында 15 сәуірден кейін қосымша түсініктемелер беріледі.
Облыс қалалары мен аудандарында орналасқан, ерекше карантиндік аймаққа кірмейтін учаскелерде саяжайға баруға тыйым салынбайды. Десек те, саяжайға барудан уақытша бас тарту ұсынылады. Карантиннің негізгі талаптарының бірі – өзін-өзі оқшаулау. Қабылданған шектеу шаралары коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қабылданған.