Капитанның байлығы

Отбасы – үштік одақ. Әке, бала, ана. Бұл одақ ошақтың үш бұты секілді. Үшеуі түгел тұрса, ондағы от маздап жанады. Бықсымайды. Мемлекеттің бұл үшбұрышты ұяшығы – дені сау қоғамның іргетасын бекітетін бірден-бір негізгі элемент. Десек те, шаңырақтың шырқын бұзатын жайттар жиі. Әсіресе, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өркениетті қоғамға аяқ бассақ та, әлі айылын жиған жоқ. Отбасылық құндылықтар қайда қалды сонда? Жолы жіңішке қауым неге жылап жүр? Қоғам нені естен шығарды? Отбасы күні қарсаңында осы сұрақтарға Нұра ауданының жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекоры, полиция капитаны Раиса ҚАРЖАСОВА жауап берген еді…

Отбасының шырқын бұзатын жағдайлармен қызметте ұдайы ұшырасатыныңыз анық. Осы саладағы маман ретінде, сіздіңше, қазіргі уақытта отбасын опық жегізетін қандай әлеуметтік мәселелер белең алып отыр?

– Иә, жұмыс бабында, өкінішке орай, отбасын тығырыққа тірейтін жайттарды көп кездестіруге мәжбүрміз. Бұл арада бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының тағдыры сынға түседі. Отбасының ойраны шығуына куәлік ету, оңай емес, әрине.

Отбасының бұзылуына әкеліп соғатын түйткілді мәселелер бары – шындық. Меніңше, олар – ауыр материалдық жағдай, ішімдік пен есірткіге бой алдыру, қоғамға жат өмір салтын ұстану, ұрыс-керіс, отбасы мүшелеріне қатыгездік таныту. Мұның бәрі – менің жұмыс тәжірибемде кездескендерінің бірқатары. Әлбетте, қиындықсыз өмір жоқ. Алайда, кейде адам төзгісіз оқиғалардың орын алатынын да есте сақтаған жөн. Отбасын бұзғысы келмейтін, бірақ амалсыз өзінің, балаларының қауіпсіздігі үшін соған мәжбүрлейтін сәттер аз емес…

  • Сондықтан, отбасы институтындағы басты ұстаным не?

Отбасылық қарым-қатынас, ең алдымен, сезім мен махаббатты, өзара сыйластықты, отбасы алдындағы жауапкершілікті арқау етуі керек. Бұл – отбасы институтының басты, ең негізгі қағидаты.

Қателік жасамайтын адам жоқ. Шаңырақты өмірдің дауылына тап қылатын қандай қателік? Отбасын сақтау үшін нені мықтап есте ұстауға міндеттіміз?

– Рас, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бірақ, отбасында бірін-бірі сыйламау дегенге мүлдем жол берілмеуі керек. Әр отбасында өзіне, отбасы мүшелеріне құрмет болуы тиіс. Отбасының әр мүшесі сыйластық негізінде өзінің орнын, өзінің жеке қызығушылықтарын іске асыра алуы абзал. Отбасы – бір команда, бір бүтін. ері мен зайыбы өзара бәсекелес немесе бақталас емес. Өз жетістігіңді жұбайыңның жеңісімен салыстырып, онымен салғыласу – артық. сонда ғана сыйластық салтанат құрады.

Ішкі істер органындағы қызметіңіз психологиялық тұрғыда ауырлық әкелмей ме?

– Полицияда қызмет етудің өзі әуелденақ қызметкерді стреске тап қылатын факторлардың молдығын көрсетеді. Оны күнделікті құқық қорғаудан, әкімшілік жауаптылықтан және ауысымдық жұмыстан, отбасылық мәселелер мен жеке тұлғалардың арасындағы қарым-қатынастардан, қоғамның полицияға жағымсыз көзқарасынан, оның БАҚ бетінде жариялануынан-ақ байқауға болады. сондықтан, осы арада мұндай стрестерге төтеп бере алатындай күш керек. Адамды дағдарысқа апарып соғатын ахуалдан бойды аулақ қылуға тырысамыз.

Мысал үшін, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Біреу балық аулағанды, кітап оқығанды, фильм көргенді ұнатады. Мұндай уақытта адамға көңілін аулау – ауадай қажет. Өйткені, адамның жаны мен тәні бір-бірімен тығыз байланысты. Тән тынышталса, жан да дамыл табады.

Тағдырдың тәлкегіне түскен жолы жіңішке қауымның қайсыбіріне көмектесе алмай, қиналған кезіңіз есіңізде ме?

– Қай уақытта жаным шырқырады? Жандүниеме, жүрегіме, әсіресе, аналарына өзінің балалары қол көтерген жағдайлар сұмдық ауыр тиеді. Бір де бір ана өз баласына қарсы арыз жазбайды. Ал, ара-тұра жазса да, біраз уақыттан кейін кешіреді. Анаға қол жұмсаудағы мұндай сорақылықтар әкімшілік құқық бұзушылықпен шектеледі. Оның ақыры татуласумен тынады. Біздің тарапымыздан берілетіні қорғау нұсқамасы уақытша шектеу сипатында. Оның мерзімі өткеннен кейін балаларының анасына қол жұмсамайтындығына кепілдік жоқ. Әрине, біз аналарды ондай арсыз ұл мен қыздан қорғауға барымызды саламыз.

Өзіңіздің өмірлік қағидаңыз не?

– Жалпы, мен өзім белсенді адаммын. Кез келген адаммен тіл табысуға бейіммін. сан алуан тақырыпқа сөйлесе беремін. Сол себепті, менің өмірлік қағидатым – белсенді және коммуникабельділік шығар.

Сонымен қатар, сүю және сүйікті болу – әйел бақытының қарапайым формуласы. Отбасыңның мүшелерін жақсы көру, құрметтеу, түсіну – отбасылық бақытымның құпиясы. Небары сол ғана.

Әңгіме өзегі – отбасылық байланыс. Енді кезекті отбасыңызға берсек…

– Өзімді аса сыйлайтын, жақсы көретін жарым – Төлегенмен шаңырақ көтергенімізге 20 жыл. Төлеген прокуратурада қызмет етеді. Бес ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым – Нұрабай – ҚарМУ-дың заң факультеті студенті. Соған қарағанда ол әкесі екеуміздің ізімізбен заң саласын жалғайтын шығар. Одан кейінгі баламыз – Наурызбай Қарағанды медициналық университетінің студенті. Арманы – стоматолог атану. Темірлан бесінші сыныпта оқиды. Санжар биыл бірінші сыныпқа дайындалып жүр. Кенже ұлымыз сұңқар – үш жаста.

Менің отбасым – менің байлығым. Отбасымның үлкен болуын әрі татулығын армандайтын едім. Енді осындай отбасым, кішкентай Отаным үшін бақыттымын. Өзіңізді отбасыңыздың сағынып, асыға күтетінін сезінудің өзі – жаныңызға шуақ, бойыңызға қуат құяды емес пе?

Әңгімеңізге рахмет! Отбасылық бақытыңыз ортаймасын!

Сұхбаттасқан,

Қызғалдақ АЙТЖАН.