Күзгі жиын-терімге дайындық қызу
Биыл өңірде шамамен 458 мың ірі қара, 696 мың қой, ешкі, 312 мың жылқы қыстауға түседі. Мал басын Арқаның алты айлық қысынан күйлі шығару үшін 1,9 млн. тонна шөп қажет. 994 мың гектар жерден астық жиналады. Дизель отынының қоры жеткілікті. Қысқа дайындық деңгейін облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов баяндады.
Баяндамада айтылған ресми мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде 1 млн. 420 мың тонна шөп жиналған. Мал азығын дайындау жұмыстарын пысықтау мақсатында арнайы топтар құрылыпты. Мамандар орман қорындағы жерлерді де фермерлерге үлестіріп жатыр. Шөп шабу науқанына 3,1 мың тонна дизель отыны беріліпті. Биыл шөптің бір тоннасы шамамен 35 пен 55 мың теңге аралығында сатылуда. Осы жаздың құрғақ болуына байланысты мал басын қысқы кезеңге жем-шөппен толық қамтамасыз ету үшін қосымша 300 тонна сабан дайындалады.
Жем-шөп құнын арзандату үшін 727 шаруа қожалығына субсидия берілген. Қаражаттың көлемі 801 млн. теңгені құрайды. Ұсақ малға да қарастырылған. Өтінім қыркүйектен бастап қабылданады.
Астық 994 мың гектардан жиналады. Бұл көлем былтырғы деңгейден 74,4 мың гектарға артық. Мұндағы 813,4 мың гектарда бидай. 160,4 мың гектар арпа, 13,7 мың гектар сұлы. Ауа райы қолайлы болған жағдайда, егін орағы 24 жұмыс күнде аяқталады деп күтілуде. Бүгінде Абай, Бұқар жырау және Шет аудандарының жекелеген шаруашылықтары астық жинау жұмыстарына кірісті. Жоспар бойынша жаппай астық жинау 1 қыркүйектен басталады.
– Бүгінде дәнді дақылдардың өсімі жақсы. Қурап қалған мөлшерді есептей отырып, 6,3 мың гектар есептен шығарылды. Алдын ала деректер бойынша орташа өнімділік гектарына 9,5 центнер болғанда, астықтың жалпы түсімі 940,4 мың тонна көлемінде болады деп күтілуде, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов.
Өңірде сыйымдылығы 145,0 мың тонналық 4 лицензияланған және 82,6 мың тонналық 3 лицензиясыз астық қабылдау кәсіпорыны дайын. Одан бөлек, шаруашылықтарда сыйымдылығы 854,4 мың тоннаны құрайтын 546 астық сақтау қоймалары бар.
Сонымен қатар, шаруашылық құрылымдарымен 29,6 мың гектардан майлы дақыл, 11 636 гектардан картоп (2022 жылмен салыстырғанда 129 гектарға артық) және 1 321 гектардан көкөніс (2022 жылмен салыстырғанда 114,4 гектарға кем) жиналады. Күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынының жалпы көлемі – 21,2 мың тонна. «Мұнай – Company» ЖШС және «Тұрманов»ЖК операторлары шілде айына бөлінген 4 000 тонна дизель отынының литрін 270 теңгеден сатты. Тамыз айынан бастап 250 теңгеге түсті.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz