Руханият

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Қарағандыда Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілерге екі ескерткіш орнатылды. Біреуі – Костенко шахтасының жанында, екіншісі – Орталық саябақта. Мүсіншілер – Игорь Баграмов пен Тарас Кишкарев.

Суреттер мүсіншілерден

Қарағандылық суретші, мүсінші және «Қара майор» құрметті орденінің авторы Игорь Баграмов өткен жылы Костенко шахтасында қаза тапқандарды еске алуға арналған мемориал жобасын былтыр бастаған болатын. Жоба дайын болғанда әзірлемені қаза тапқандардың отбасыларына көрсеткен.

Костенко шахтасының жанында орналасқан үш метрлік мемориалдың қаңқасы металдан дайындалған. Ол ескерткіштің іргетасына бекітіледі. Ескерткіштің негізгі материалы – габбро тегіс­телген қара граниті. Гранитке қаза тапқан кеншілердің есімдері мен апат күні ойылып жазылған. Ал, ескерткіштің пішіні – кенжарға кіреберісті көрсететін жартылай дөңгелек доғасы бар қабырға. Бүйірінде шахтаға кіріп бара жатқан кеншілердің бейнелері бірте-бірте бұлтқа сіңгендей жоғалады.

Ал, мемориал қабырғасында жарықшақ бар. Бұл қайғы мен шерді білдіреді. Ескерткіштің екінші жағында кеншінің бас киімі ойылып салынған.

Мемориалды айнала гүлдер отырғызылып, жан-жағы абаттандырылған. Сондай-ақ, келген адамдар отыратын сәкілер, жарықтандыру тіректері бар.

Ал, ескірткішті айналдыра қаза тапқан кеншілер санына сәйкес 46 жас қайың отырғызылған.

– Ескерткіш алаңына тастөсем төселді. Шағын қоршаумен қоршалды. 340 шаршы метр аумақ жауын-шашын суы жиналмайтындай, көлбеу жерде орналасқан. Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар, яғни, арбадағы адамдар да келе алатындай ыңғайлы етіп жасалған. Қазір жарықтандыру тіректері үшін электр қуатын тарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы атқарылар жұмыс – көгалдандыру. Алдағы бірнеше күнде аумақты абаттандыру аяқталады, – дейді Игорь Баграмов.

Ал, Орталық саябақтағы екінші ескерткішті Игорь Баграмов пен оның әріптесі Тарас Кишкарев 16 шілдеде аяқтады. Биіктігі 3 метр 20 сантиметр болатын ескерткіш 2006 жылы қаза тапқан кеншілердің құрметіне орнатылған басқа гранит ескерткішінің жанында орналасқан.

– Ескерткішке апаратын шағын жол бар. Тұғыры қара граниттен жасалған және мұнда бірінші ескерткіш сияқты, қаза тапқан барлық 46 кеншінің аты-жөні ойылып жазылған. Бетоннан жасалған мүсін алысқа көз тастап тұрған қарапайым кеншінің бейнесі, – дейді Игорь Баграмов.

Орталық саябақтағы ескерткіш мүсіншілердің жеке қаражаты есебінен жасалды және қалаға қаза тапқан кеншілерді еске алу және кен кәсібіне құрмет ретінде сыйға тартылды.

Ескерткіштердің ресми ашылатын күні әлі белгісіз.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған болатын.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button