"Білгенге маржан"

Көз

Көз

Адам ағзасында ең суыққа төзімдісі көз жасы екен. Құрамында қандай элементтері бары белгісіз. 70 градус аязға дейін көз жасы қатпайды дейді зерттеушілер. Оның үстіне көз жасының микробтар мен вирустарды қырып салатын қасиеті бар. Адам жылағанда көз жасы мұрын, құлақ қуыстарына өтіп, сондағы зиянды микробтарды залалсыздандырады.

Жер жүзіндегі ең суық нүкте – Якутияның Оймякон елді мекені деп оқытатын бұрын. Аяз сынап бағанасы бойынша 60-65 градусқа дейін жететіні ойда қалған еді. Саха (Якутия) Республикасындағы Сордоннох ауылында күні кеше 80 градус аяз болыпты. Түбі бір түркі тұқымдас якуттар мұндай аязға қалай шыдап жүр десеңізші. Көзің мұз болып домалап түсетіндей табиғаттың дүлей мінезі осындай. Адам бәріне шыдайды екен.

Мұрын

Адамның бүкіл ағзасы минутына 300 текше сантиметр оттегі сіңіріп тұрады екен. Соның алтыдан бір бөлігі, яғни 50 текше сантиметрін ұйықтап жатып та, ояу отырып та ми алып тұруы керек.

Оттегін мұрын арқылы қабылдайды адам. Соған орай гайморит сияқты ауруға шалдыққандардың танауы бітеліп, оттегі миға толық жетпей өкпеге өте шығады.

Адамның ұйқысы бұзылады, қорылдайды, басы ауырады, аузымен демалады. Емдемесе, ми оттегісіз «қурап» қалуы мүмкін. Мұның арты жақсы емес. Қазақ «ер мұрынды келеді, ат ерінді келеді» деп тегін айтпаса керек.

Он екі мүше

Адамда он екі мүше, алпыс екі тамыр бар дейді қазақ. Сол он екі мүшені ғұлама ғалым Ақжан Машанов атамыз жыл санаудағы он екі мал мен хайуанға теңейді.

Оқыңыз: бас – тышқан, мойын – сиыр, иық – барыс, қолтық – қоян, білек – ұлу, шынтақ – жылан, бел – жылқы, бұт – қой, сан – мешін, тізе – тауық, балтыр – ит, табан – доңыз.

Ішкі құрылыстағы жеті мүшені: Күн – жүрек, Ай – өкпе, Шолпан – бүйрек, Маррих (қолбасы батыр) – өт, Мұштари (би) – бауыр, Ғұтырады (қатшы) – қарын, Зұхал (қазынашы) – талақ.

Маржан терген

Мағауия СЛАНБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button