«Кәусар» сарайы – балалар игілігіне
Пришахтинскіде «Кәусар» оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтуде. Оқушылар сарайының салтанатты ашылу рәсімі балаларға арналған ерекше мерекелік бағдарламамен басталды. Балаларды қорғау күнінде қаланың кішкентай тұрғындарын облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев арнайы келіп құттықтады. Аймақ басшысы балалармен бірге Оқушылар Сарайымен танысты.
– Барлық балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Қымбатты балалар, Оқушылар сарайында сіздерге барлық жағдай жасалған. Робототехникадан бастап түрлі үйірмелерге қатысып, білім- біліктеріңізді арттыруға кең мүмкіндік бар, – деді Ермағамбет Бөлекпаев.
«Кәусар» оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы Әйгерім Иісбекованың айтуынша, оқушылар сарайында балаларға қажет, қызықты дүниенің бәрі бар. Түрлі үйірмелер, зертханалар мен жабдықталған студиялар бар. Балалар үшін арнайы педагог кадрлар іріктелген.
Сондай-ақ, оқушылар сарайы жоғары стандарттар бойынша білім беру технологияларымен жабдықталған. 3000 шаршы метрден астам алаңда робототехника зертханасы, шығармашылық шеберхана, экологиялық орталық, HI-TECH цехы, STEM зертханасы, Intellectum студиясы, VR сәулет студиясы, ерте даму орталығы бар.
Оқушылардың шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін хореография залы, медиаорталық, Art және музыкалық студиялар, теледидар және фото студиясы, жазу студиясы, сенсорлық бөлме және акт залы бар. Балалар ашық футбол алаңында спортпен шұғылдана алады, сондай-ақ алаңда көптеген МАФ орнатылған.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да бар жағдайлар жасалған. Осылайша Оқушылар сарайы жастар үшін болашақтың іргетасына айналмақ. Сарайда балалар өз әлеуеттерін ашып, өздерін спортта, ғылымда немесе шығармашылықта тауып, білімдерін тереңдетіп, бос уақытын тиімді өткізетін болады. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып, ең жаңа технологиялық жабдықтар қойылған. Оқушылар сарайы Пришахтинскідегі бірінші қосымша білім беру ұйымы, нысаны болғандықтан, қаланың білім беру инфрақұрылымын стратегиялық дамытуға ықпал ететін болады. Жобаны BI Group компаниясы іске асырды, – дейді Әйгерім Иісбекова.
Аяулым СОВЕТ.
Ortalyq.kz