Руханият

Көтерген жүгі көп екен

Баспадан жаңа кітап шықса, алды-артын аударып, бір көріп шығамын. Бұл – бала күннен қалыптасқан әдетім. Уақытым болмай жатса да, зер саламын. Ал, оқылатын кітаптың мықты магниті мұндайда өзі-ақ тартып алады. Жуырда осындай қолыма алған бір кітаптың атауы да қызық екен… «Айттың не…», – дейді. Авторы – журналист, сатирик Бекәділ СЕМҚҰЛ.

100 беттей жұқалау жинақты бір демде оқып шықтым. Тақырыбы жұмбақтау, көлемі аздау болғанымен, ішкі мазмұны салмақты, көтерген жүгі әжептәуір. Әзіл-оспақ, сынсықақ секілді жауынгер жанр тілінде сөйлеген бұл жинақта бұрынғы hәм қазіргі қоғамның келеңсіз көріністерін барынша найзаға ілгені көрініп тұр. Қарапайым мысалдармен-ақ қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешілмей жатқан шикі тұстарын шиті мылтықпен атып түсіргендей әдемі әсер қалдырады екен.

Кітаптың басты ерекшелігі – әрбір туындының сатираға тән ықшамдылығы, аз сөзбен көп ойды бере алғандығы. Өлең түрінде болсын, қара сөз ретінде келсін осы үрдістің үдесінен шыға білген сатириктің қай шығармасын алып қарасаңыз да өмірдің өзінен ойып алынғаны бірден сезіледі. Адам бойындағы жаман қылықтар, олқылықтар: жалқаулық, еріншектік, мақтаншақтық, іштарлық, жағымпаздық, жемқорлық, өтірік-өсек, нәпсіқұмарлық, ашкөздік, тағы басқа да шайтани іс-әрекеттерді өткір сатирамен аяусыз сынға алады. Сөз ұстарасы лыпып тұр. Оқырманы күле отырып, көңілін көтере отырып қалың ойға да батып кететіндей…

Күлдіре отырып, ойға қалдыру – үлкен жетістік!

Аталмыш олқылықтардан, кемшіліктерден барша қазақ сабақ алып, болашақта қайталамаса екен дейді ортаға тасталған ойлардың негізгі өзегі. Шырылдап шындық іздеген оқиғалар легі қаламгердің өзіндік дара стилімен, шұрайлы тіл көркемдігімен ерекшеленеді. Түйіндеп айтқанда, сатирик Бекәділ Семқұл ағамыздың «Айттың не…» атты әзіл-қалжыңды жинағы оқырмандардың іздеп жүріп оқитын керек-ті кітабы екен. Ендеше, жолға шыққан жаңа жинаққа сәт-сапар тілейік!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button