Кәсіпкерлікке – кең өріс
Қарағанды облысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ жұмыс сапарымен болды. Ол аймақтағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, облыстық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің отырысына қатысты. Отырыста қарағандылық бизнесмендерге «Атамекен» қызметінің басым бағыттары туралы айтылды. Аймағымыздағы кәсіпкерліктің дамуында кездесетін проблемелар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өз сөзінде жергілікті билік пен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелеріне тоқталды.
– Бүгінгі таңда бұл екі институт арасындағы серіктестік нығайды. Аймақта мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдары кең ауқымда қолданылуда және ол нәтижесін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы облыста жалпы сомасы 10 млрд. теңгені құраған 5,5 мың жобаға қолдау көрсетілген, – деді аймақ басшысы.
Қаржылық жүктемені жеңілдету кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады.
– Алғаш рет жергілікті бюджет «Даму» қорымен бірігіп, қайта өңдеу кәсіпорындарын шағын несиелеуге 600 млн.теңге бағыттаған, – деді Ерлан Қошанов.
Отырыста облыс әкімдігінде Кәсіпкерлік бойынша комиссия құрылуының тиімді алаң болғаны атап айтылды.
– Мысалы, кәсіпкерлердің өтініші бойынша бизнес үшін судың тарифін төмендету мәселесі шешілді. Қазіргі таңда электр энергиясы тарифі қарастырылуда, – деді Ерлан Қошанов.
– Сонымен қатар, бос жер телімдері туралы ақпараттың қол жетімсіздігі туралы мәселе айтылған. Ол да шешімін тапты. Біз бос жер телімдері және өндірістік алаңдардың электронды картасын жасадық. Карта кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары және жергілікті билік органдарының сайттарында орналастырылған.
Алдағы уақытта электронды карта бос тұрған кепілдегі нысандар туралы ақпаратпен толығады деп жоспарлануда. Кәсіпкерлер бос коммуникациялық қуаттылықтар туралы ақпараттың қол жетімді болуын сұрайды. Мұның барлығы бизнесті жүргізуге айтарлықтай жеңілдік.
Сондай-ақ, отырыста республикалық деңгейде шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. Тимур Құлыбаев Ұлттық палатаның кәсіпкерлікке қатысты заңнамалық базаны жетілдіруге қатысатыны туралы баяндады. Қазіргі таңда жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленуде.
Заңға бағынатын бизнесмендер жалған кәсіпкерлік бойынша істердің тұтқыны болып отыр. Бұл мәселе бұған дейін де талқыланып келді. ҚР Қылмыстық кодексінен аталған бапты алып тастау мүмкін болды. Алайда, салынған үлкен айыппұлдар мен өсімпұлдар кәсіпкерлерді тақырға әкеп соғуы мүмкін. Бұл орайда салық рақымшылығы септігін тигізбек. Сондықтан, мәселе де күн тәртібінен түспек емес.
Қарағанды облысында 80 700-ден астам шағын және орта бизнес нысандары бар. Онда 230 мың адам немесе облыс тұрғындарының 30%-ы еңбек етеді.
Тимур Құлыбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Сарыарқа нан Қарағанды» нан зауытын, Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-ін аралап көрді. Сонымен қатар, жергілікті Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысы таныстырылды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.