Кәсіпкерлерді қолдау қуантады
Жыл басында орын алған оқиға қабырғамызды қайыстырды. Қаңтар туғанда ел қара жамылып, көкірегі қарс айырылды. Сол уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Парламент отырысында сөз сөйлеп, ел үмітін қайта жаққандай әсер қалдырып еді. Бүгінде Президенттің Парламент отырысында сөйлеген сөзін бағытқа алып, Теміртауда жергілікті атқарушы орган өкілдері мен қоғам қайраткерлерімен панельдік сессия өтті. Кездесуді Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл АБДРАХМАНОВА тізгіндеді.
Қазіргі таңда нарықта әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы қымбаттамаса, арзандайтын түрі жоқ. Бұл қай-қайсымыздың болмасын көкейіміздегі үлкен сұраққа айналғалы қашан… Теміртау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гәкку Ысқақова бағаларды реттеуге қатысты мәселелерді түсіндіріп, Мемлекет басшысы көрсеткен бағыт бойынша сөз етті. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Теміртау филиалының директоры Әзиз Оразұлы және Теміртау қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Владимир Быков кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы кеңінен тарқатты.
Мемлекет басшысы баса назар аударған тағы бір жайт – халықты жұмыспен қамту мәселесі. Осы бағытта Теміртау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Динара Сәттібаева қаладағы жұмыссыздық деңгейі мен оны шешу жолдарын саралап берді. Сонымен қатар, Полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімінің міндетін атқарушы, майор Нұрлан Карисов қала тұрғындарының сұрағына жауап берді.
Ербол ЕРБОЛАТ.
ТЕМІРТАУ қаласы.