Ресми

Кəсіпкерге кең өріс

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен кəсіпкерлік мəселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар бизнестің өзекті проблемаларын анықтап, бірлесіп шешу жолдарын талқылады.

бизнес кеңесі

Сараптамалық кеңес отырысының мақсаты – бизнес пен мемлекет қарым-қатынасын реттеу, кəсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттік органдардың өзара əрекетін жақсарту мəселелерін талқылау.

Қазіргі уақытта облыстың шағын жəне орта бизнесі тұрақты дамып келеді. Өңірде 100 мыңға жуық шағын жəне орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 233 мың адам еңбек етеді. Бір жыл ішінде жалпы өңірлік өнімдегі шағын жəне орта бизнес үлесі 1,5%-ға өскен.

Ермағанбет Бөлекпаев бизнесахуалды жақсарту жəне əкімшілік кедергілерді азайту үшін біраз шаралар жасалып жатқанын айтты.

– Жыл басынан бері 5 мыңға жуық шағын кəсіпорын, 5,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл сайын бизнес кəсіпкерлерді қолдаудың ұлттық жобасы арқылы бюджеттік инвестициялар алады. Жалпы, қолдау шараларымен шектелмей, біз өзіміздің «Кəсіпкер» өңірлік бағдарламасын іске қостық. Қарағанды облысы республика бойынша бірінші болып, бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге, яғни, 4-тен 2%-ға дейін төмендетті. Бұл шараны 35 мыңнан астам кəсіпкер пайдаланады, – деді өңір басшысы.

Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жалғасуда.

Бүгінгі таңда кəсіпкерлер үшін онлайн режимде 171 қызмет қолжетімді. Өңірлік кəсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов облыс əкімі берген тапсырмалардың орындалысын баяндады. Тариф белгілеу, кадрлық қамтамасыз ету, құрылыстағы сметалық құн жəне тағы да басқа мəселелер талқыланды.

Геоақпараттық порталды қажетті ақпаратпен толтыру ерекше бақылауда. Алдағы уақытта порталда жер учаскелерін беру процесі ашық көрінеді. Онда кəсіпкерлер бос жерлерді, олардың коммуникациялармен қамтылуын көре алады.

Облыстың кəсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев жыл соңына дейін 5,5 мың бизнес-жобаны мемлекеттік қолдаумен қамту жоспарланғанын атады. Аталған басқарма қызметкерлері урбанистика орталығымен бірлесіп, жақында Қарқаралы ауданы, Балқаш жəне Приозерск қаласына барып, олардың туристік əлеуетін бағалады. Бизнес үшін жер учаскелері анықталды. Сондай-ақ, кəсіпкерлерге туристік саланы субсидиялау туралы мəлімет берілді.

Сараптамалық кеңес отырысында бұдан басқа мемлекеттің қатысуы бар кəсіпорындардың шарттық міндеттемелерін орындау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің залалын өтеу жəне жалпы білім беретін мектептердегі тамақтану құны мəселелері де қалыс қалмады.

Мəселен, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының Қарағанды филиалының атқарушы директоры Əсемгүл Атабаеваның айтуынша, облыста тамақтандырумен қамтамасыз етілген 345 мектеп жұмыс істейді. Оған 130 кəсіпкер жұмылдырылған. 2021 жылы тамақтану құны бір балаға 440 теңге болды. Инфляцияның өсуіне қарай былтырғы оқу жылында тамақтану құны да артқан. Ол білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастырумен айналысатын кəсіпкерлердің басқа да мəселелерін айтты.

– Кəсіпкерге жалдау ақысын, коммуналдық қызметтерді төлеу, биылғы жөндеу жұмыстарын жүргізу, сол мектептердегі жабдықтарды, ас дайындайтын блоктарын ауыстыру міндеттері жүктелген. Мұндай фактілер өте жиі кездеседі. Сондай-ақ, тамақтандыруды ұйымдастыруға арналған қызметтердің ерекшеліктері тамақ блогына бейнебақылау орнату талабын енгізген. Бұл қызметтер мемлекеттік сатып алу ережелеріне сəйкес бөлек ойнатылуы керек. Мұндай жағдай қазіргі кездегі мектепке дейінгі ұйымдарда да бар. Онда тамақтану құны бір балаға 800-810 теңгені құрайды. Алайда, қалыптасқан жағдайларға қарамастан кəсіпкерлермен шарт жасасу жалғасып жатыр, – деді Əсемгүл Атабаева.

Бұл жайт тек мектепке дейінгі жекеменшік мекемелерде ғана емес, мемлекеттік ұйымдарда да кездесетінін айтты.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Əдекенова былтыр оқу жылының басында тамақтану құнының артқанын атады. Жалпы, бұл мəселе білім басқармасының қарауында екенін жеткізді. 

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button