Жаңалықтар

КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП

    Кәсібін ашып, шаруашылығын дамытуға ауылдағы ағайын бүгінде белсене кіріскен. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атанған екінші бағытының байыбын түсінген. Қазіргі таңда кәсіпкерлік негізінен дәріс алғаннан соң ауылдықтар кәсіп құрап, нәсіп табу үшін шағын несие алуға ынталы. Мемлекеттік қолдауды айқын сезінген қауым  қам-қарекетке көшті. Ауылдағы аграршылар бизнеске бет бұрды. Бұған бағдарлама аясында мемлекет тарапынан көрсетілер қолдауда кемдік жоқ. Әуелі кәсіпкерлік негізіне оқытып, соңынан жеңілдетілген несие алуға ықпал ететін бағдарлама ел арасында кеңінен танымал бола бастады.

Жаңаарқа ауданында «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 63 қатысушыға 465 млн. теңге бөлініпті. Бүгінде Жаңаарқа ауданының Жұмыспен қамту орталығы арқылы 178 адамға несие алуға жолдама берілген.

Соның ішінде, 6 адам 28,1 млн. теңге көлемінде шағын несие алып, өз ісін  бастап та кетіпті. Жобалар сан алуан. Мал өсіру, ауыл шаруашылығы өнімін алу, түрлі шағын цехтар ашу, тұрғындарға қажетті  қызмет көрсету сынды кәсіптер ашуға ниетті ағайын мемлекет тарапынан берілетін шағын несиеден несібе табуда. Бұл орайда өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтары шағын несие ұйымдарымен жұмыла жұмысқа кіріскен.

Бір мысал. Жаңаарқа ауданының тұрғыны Гүлшара Құсайынова бағдарламаға қатысушы ретінде шағын несие алыпты. Мақсаты – кондитерлік цехын кеңейту. Бүгінде цех жұмысы жолға қойылып, түрлі нан өнімін шығарып отырған жайы бар.

«Мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ІІ бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша кондитерлік цехын кеңейту мақсатында 6 млн.теңге шағын несие алдым. Қазіргі таңда сол шағын несиенің арқасында шаруам жай-жайлап дөңгеленіп келеді. Жаңаарқа ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бағытталған шағын несие берудің қолайлы екенін атап айтқым келеді. Бағдарлама жұмыссыз тұрғындарға  бизнесін ашуға, әрі қарай табыс табуына көп көмек», – дейді Гүлшара ханым.

Ал, Шет ауданына  бұл бағытқа 2017 жылға 473 млн. теңге берілген. Бұл сома аясында  69 адамға несие беру көзделуде. Қазіргі таңда, 66 тұрғын несиеге   жолдама алған екен. Оның ішінде, 25 тұрғын «Шет Көмек» КТА ЖШС-не жүгінген. Сонымен қатар,  8 ауыл азаматы  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  арқылы  мал шаруашылығын дамытуға 30,8 млн. теңге шамасында шағын несиеге қол жеткізіпті. Сөйтіп, осы күні түрлі шағын несие ұйымдары арқылы  мемлекеттік қолдау тапқан шаруагерлер  отбасын ғана емес, маңайындағы жерлестерін де жұмыспен қамтуға қауқарлы.

Ауылдағы ағайынның көпшілігі несие алып, төрт түлікті түлетуге ден қоюда. Соның бірі –  Шет ауданы, Нұраталды ауылы, Шопа бөлімшесінің тұрғыны Бейбіт Есмағамбетов. Жер мен төрт түліктің аграрға мол өнім берерін ежелден білетін Бейбіт Мәжитұлы бұл істің қыр-сырына әбден қанық. Сондықтан да, мал асырап бордақылау ісін ұршықша иіру мақсатында 4 млн.теңге көлемінде несие алған екен. Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорынан қолдау тапқан Бейбіт бүгінде өзіне етене таныс шаруаны кәсіп етуде.

«Мал басын өсіріп, оны бордақылау жобасы үшін несие алдым. Өзімізді жұмыспен қамтуға мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында кәсібіміз жемісін береді деген сенімдеміз. Мемлекеттік қолдауды ауылдықтар жаңа бағдарлама арқылы етене сезінуде», – дейді Бейбіт.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button