Кәсіпқой атанды
Санкт-Петербургте өткен, бірнеше елден 900-ден астам қатысушы жиналған халықаралық «Кәсіпқойлар» чемпионатында қарағандылық Руслан Кабаргин қола жүлдеге ие болды.
Русланды IT саласы мектеп жасынан қызықтырған. Майқұдықтағы №95 гимназияны бітіргеннен кейін Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығына оқуға түскен. Екінші курста өндірістік тәжірибеден кейін студентті 1С-та есептеуді автоматтандырумен айналысатын фирмалардың бірі жұмысқа қабылдаған.
– Алдымен республикалық олимпиадада І орынға ие болып, Санкт-Петербургтегі чемпионатқа жолдама алдым. «Бизнес-процестерді автоматтандыру» құзыретінде жеңіске жетуде 15 адам тартысты. Менің қарсыластарым Ресей, Беларусь, Эквадор, Филиппин азаматтары болды. Нәтижесінде ІІІ орын иелендім, – деді Руслан Кабаргин.
Руслан кәсіпорынның бизнес-процесін автоматтандыру бойынша тапсырма орындады. Жұмыс 1С платформасында жүргізілді. Шағын фирманы басқару (УНФ) 3.0. және GitLab жүйесімен интеграция орнату қажет болды. Уақыт шектеулі болғандықтан жас қарағандылық құралдарды пайдаланып, оңтайлы шешім шығара алатынын көрсетті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz