Жаңалықтар

Көшпелінің көші қозғалған күн

«Көшпелі жұрт көшпейді енді ешқашан, Мызғып жатыр мыңжылдық қыстағында» (С.Сағынтай). Біз алып құрлықты уысында ұстаған көшпелі едік. Құдайды, тұтас дүниені тануымыз отырықшы жұрттан өзгеше еді. Табиғатты, жерді «Ана» деп қастерледік. Сертке нық, антқа, аманатқа адал, уәдеге берік едік. Әулиені, аруақты сыйладық. Ала жіптен, ардан, ұяттан аттамадық. Қанның, жанның тазалығына айрықша мән бердік. Бұл күнде көп қабатты үйдің терезесінен ата-бабамыз көшкен дархан далаға, мың құбылған әлемге қарап, ойға батамыз. Наурыз мерекесі қарсаңында көшпелілер өркениеті турасында белгілі тарихшы, облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Темірғали Аршабековпен сұхбаттасқан едік.

Сурет Темірғали Аршабековтің жеке мұрағатынан

– Темірғали мырза, көшпелінің өркениеті қандай еді? Өткен өркениетімізді толыққанды біліп, танып жүрміз бе?

– Көшпелілердің өз тарихы, мәдениеті, әлеуметтік, экономикалық даму жүйесі, шаруашылығы қалыптасқан тұтас әлемі бар. 2000 жыл бойы жайылымдық мал шаруашылығын жетілдіру негізінде қалыптасты. Адамзаттың дамуы процесінде көшпелілердің тарихын ежелгі және кейінгі кезеңге бөліп қарастырады. Көшпелілер мәдениеті мыңжылдықтарда жаһан жұртының назарында болды. Көшпелілер қоғамының қалыптасуы, өмір сүру шарттары мен дамуы, әлеуметтік құрылымы, мәдени, рухани даму ерекшеліктері көшпелілер өркениетін айшықтады. Дүниетанымы, болмысы айрықша.
Советтік дәуірде көшпелілер мәдениетін қаралаған кереғар, жалған еңбектер лек-легімен жазылды. Әлемде екі өркениет болды бір кезеңде. Бірі – отырықшы, екіншісі – көшпелілер өркениеті. Совет үкіметінің идеологтары бұны барынша бүркемелеуге тырысты. Бодандығында болғаннан соң бізге «Тағы жұрт» деп қарады. «Тағы жұрт» деп тағы да, Танымассың, білмессің. Себебі, мен қазақпын, «Англичанин» емеспін!» деген Қасым Аманжоловтың әйгілі өлеңі бар ғой.
Қазақтың дүниетанымы мен көшпелілер өркениеті – екеуі егіз ұғым. Осы идеяны танытуда, насихаттауда халқымыздың этнографтары зор еңбек атқарды. Олар – Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбеков, Халел Арынбаев, Марат Мұқановтар. Әсіресе, ұлт тарихын түгендеуде, түп-тамырымызды, болмысымызды айшықтауда Ақселеу Сейдімбектің орны бөлек. Оның еңбектеріне үңілсеңіз, көшпелі қазақтың өнегесін түсінесіз. Мәселен, «Дат» деген еңбегі далалық ауызша тарихнама. Хандар дәуірінен бастап, бүгінге дейін қамтылған тарих.

– Көшпелілер өркениетінің ерекшеліктері туралы айтсаңыз?

– Қазақ жеті атаға ерекше мән береді. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейміз. Этнографтар «Жеті атаны білуіміз – ұлттық қасиетіміз» дейді. Қасиет, дарын қанға сіңеді. Қанның тазалығы – ұрпақ денінің саулығына, оның айрықша тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететінін білген. Қазақ Үш жүзден құралады. Үш жүз рулардан құралады. Көшпелілер үшін ру біріктіруші күш болған. Көшпелілер әлемінде рудың, жалпы шежіренің атқаратын рөлі аса маңызды.
Көшпелілер өркениетінің тарихы мал бағушылықпен тығыз байланысты. Жылқыны мыңдап баққан, далалық даналықты бойына сіңірген ата-бабаларымыз табиғат анамен үндестікте өмір сүрді. Еуразия құрлығында ұзақ уақыт бойы осы өркениеттің тамыры жайылды. Мысалы, Ақтоғайдағы «Беғазы – Дәндібайға» қараңыз. Орталық Қазақстандағы ең үлкен өркениеттің ізі. Бұл – жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мәдениеттің бастауы десек те болады. Археологиялық қазбалардан көшпелілер өркениеті осыдан екі жарым, тіпті, үш мың жыл бұрын қалыптасқанын аңдаймыз. Астеологиялық материал деген бар. Яғни, малдың сүйектері арқылы сол өркениетте мал шаруашылығына ден қойылғанын білеміз. Қазақтың байлығы – төрт түлігі. Тастарға ай мүйізді арқарды, жылқыны қашаған.

– «Жылқы – ер қанаты» дейміз. Жылқыға қатысты ән-жыр, даналық сөз көп. Көшпелі үшін жылқы қандай жануар еді?

– Қазақ жылқыны ерекше қастерлеген. Жылқы – көшпелілер өркениетінің символы болған. Сақтар дәуірінің көзіндей Алтын адамдар да пырағымен жерленген. Сарыарқада жиырмадан астам тасқа қашалған тарихымыз осы сөзімізді растайды. Тастардың барлығында дерлік жылқылар бейнеленген. Көшпелілердің байлығы қазба байлық емес, жылқы. Қазақ «Жылқы мінезді» дейді. «Ат ауыздығымен су ішкен заман» деп заман келбетін жылқымен жеткізеді. «Жылқы су ішкен жер таза» дейді. Айта берсек, жылқы туралы мақал-мәтел, жыр, нақыл сөз, ән көп. Батырлар жырына үңіліңіз. Батырлардың тұлпарлары ғажап суреттеледі. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» оқыңыз, Ақан серінің «Маңмаңгер» әнін тыңдаңыз. Түгендей берсеңіз, шет-шегі жоқ. Қазақта жылқыны тұлдау деген бар. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Бөжейдің екі атын тұлдайды. Тұлдау деген – марқұмның атын бір жыл бойы мініске пайдаланбайды. Жылдық асында арнайылап сойылады. Еті сол елдегі машһүр адамдарға ғана беріледі. Сүйектерін лақтырмай, моланың басына апарып қояды. Игорь Кукушкин деген архелог әріптесіз докторлық қорғады жақында. Ащысу мен Талды өзендерінің бойынан жерленген жылқының сүйектері табылғанын айтты. Жылқы қайтыс болған адамды келесі өмірге шығарып салады деп сенген байырғы қазақ. 20 жыл ішінде 500-ге жуық кесенені зерттедім. Ұлытаудағы Жетіқыз өзенінің бойында Жайсаңбай деген байдың мазары тұр. Өлер алдында өзін сол өзеннің бойына жерлегендерін қалайтынын айтқан. Өйткені, жылқыларым су ішуге келеді деген. Кесенені зерттегенде жылқы суреті қашалған бірнеше тасты көрдім. Алексей Левшин деген орыс этнографы қазақ тарихын көп зерттеген. Арқада жүргенде Орта жүздің бір байымен әңгімелескен екен. Зерттеуші байға «Сіздің 7 мың жылқыңыз бар. Осының бәрін сатсаңыз, бай болар едіңіз» дейді. Бай «Менің жылтыраған түріме ешкім қарамайды. Мынау жұрт мені есепсіз жылқым үшін сыйлайды» деген екен. Капитализмнің лебі қазақ даласына жетіп жатқан кезең болса керек. Жылқы – байлықтың белгісі.

Елтаңбамызда бейнеленген қос пырақ Ұлытаудағы Әулиетау тастарында суреттелген.

– Көшпелілер табиғаттың тілін түсінген деседі. Осы бір қырын кеңінен тарқатсаңыз?

– Көшпелілердің тағы бір ерекшелігі – табиғаттың тілін түсінуінде. Туған айға, кештің батуына қарап, күн райын болжаған. Қыс қатал бола ма, жайлы бола ма, соны да алдын ала біліп отырған. Мәселен, осыдан бір апта бұрын қалың қар жауып, тіпті, боран соқты. Ел «қыс қайта келді» деп шуласты. Бұл – қыстың қайтармасы. Қазіргі кезең – алтынкүрек. Қазақ қалың қардың көбесін сөгетін көктемгі желді алтынкүрек деп атаған. Көктемді ерекше қастерлегенбіз. Өйткені, қар еріп, жер аяғы кеңігенде көшпелінің көші қозғалады.
– Көшпелінің киіз үйі қандай еді?
– Көшпелілер өркениетінің тағы бір символы – киіз үй. Киіз үйдің оннан астам түрі бар. Оңай жиналатын, түйеге арта салатын көшпелінің баспанасы. Киіз үйдің сол қанаты әйелдерге арналған. Сол жағында ыдысын жинаған. Оң жағы ерлердікі. Оң жаққа іле шығуға ыңғайлы болсын деп қару жарақтарын қойған. Киіз үйдің өзі – жеке бір әлем. Әлі күнге дейін шаңырақты қастерлейміз. Шаңырақ осы күнде отбасы бақытының, қасиетінің, бірлік пен ынтымақтың символы.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

Әңгімелескен Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button