Көшпелі мәдениеттің көшелі салтанаты
Еліміз тұңғыш рет V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізгелі отыр. Осыған сай былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Туризм және спорт министрлігіне нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Көшпелі мәдениетіміз бен көне ғұрпымызды айшықтар ұлы аламанға дайындығымыз қалай? Еліміз түркі еліне ортақ додада несімен ерекшеленбек, тарқаталық…
– Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу – еліміз үшін айтулы оқиға. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз, – деп атап өткен еді Президент. Мемлекет басшысының бұл сөзінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізудің бірден-бір себебі ұлттық спортты жандандырумен қатар, саяси мән-мағынасына көңіл бөлгенін аңғарамыз.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы 3 бағытты қамтиды. Олар – спорт, мәдениет және ғылым. Көшпенділер ойындарына Астанаға халықаралық ұйымдар (қауымдастықтар, федерациялар, одақтар, клубтар) шақырылады. Қатысушы елдердің делегацияларының құрамында спортшылар, сонымен бірге, мәдениет және ғылым өкілдері бар.
Көшпенділер ойыны, оның ішінде, ұлттық спорт десе, әрине, еске бірден сап ететіні көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу сайыстары. Десек те, додада 100-ден астам мемлекеттің ежелгі ойындары болмақ. Бұл тек ат үстінде өнер көрсетер бәсекелер ғана емес дегенді білдіреді.
– Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, аралас-құраластығын арттырады. Оның спорт бағдарламалары – түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдениетін біріктіретін көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген. V көшпенділер ойынында спорттың 20, көрнекі 10 спорт сайысын өткізу жоспарланған. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – көшпелі ұлт өкілдерінің әрқайсының өзіне тән салты мен ұлттық спорттарының ортақ мәніне назар аудара отырып туған идея. Мысалы, аударыспақ, жамбы ату, асық ату секілді жалпақ жұртқа танылған спорт түрлерімен қатар бейнелеу өнері, зергерлер сайысы, түрлі елдердің жыраулық қасиеттерін насихаттайтын жыршылар сайыстары да бұл доданың бір бөлігі, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков.
Әрине, бұл орайда еліміздің тек ұйымдастырушылық тарапынан ғана емес, көне ғұрыпты қадірлеген ұлы елдікті танытардай үлгілі ойын көрсетуі де шарт.
– Еліміз бойынша додада бой көрсетем деген үміткерлер баршылық. Оның барлығын алдағы іріктеу чемпионаты анықтайды. Іріктеуге облысымыздан қатысатын спортшыларға тоқталсақ, тоғызқұмалақтан спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп, жамбы атудан Талғат Омарбаев, дәстүрлі садақ атудан Мая Казнева, аударыспақтан Азия чемпионы Нұрбек Аманжол, асық атудан Ерболат Қаржаубай дайындық үстінде. Сонымен қатар, өзге елдердің де спорт түрлерінен сайысқа түсер спортшылар да жоқ емес. Мысалыға, қырғыздардың «алыш», өзбектердің «кураш», кәріс елінің «ссирым» күрес түрлері бар. Осыларға қазақ балуандары жеке сабақ алып дайындалып жатыр. Спортшылардың барлығы іріктеу сайысынан соң анықталады, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы дене шынықтыру-бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Нұрлан Әшірбек.
Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары – еліміздің әр өңірінің мәдени байлығы мен алуан түрлілігін көрсетуге мүмкіндік беретін ауқымды әлемдік оқиға. Естеріңізге сала кетсек, Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-15 қыркүйек аралығында өтеді. 100-ден астам мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы қатысады. Жарысты өткізуге 8 миллиард теңге бөлінді.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz