Көші көлікті кеніш
Бүгінде жылына 2,4 млн. тонна кен өндіретін «Жыланды» кенішінің тарихы 2016 жылы наурызда тұсауы кесілген «Сарыоба» шахтасынан басталады. Сол жылы шілдеде солтүстік штректің бірінші панелінде алғашқы кен алынды. Ал, 2019 жылы қазанда «Сарыоба» Солтүстік Жезқазған кенішінен енші алып, «Жыланды» кеніші болып қайта құрылды.
Жас кәсіпорын қысқа мерзімде біраз белесті бағындырып, ордалы ұжымға айналды. Қазір Шығыс Сарыоба, Итауыз, Қарашошақ, Қыпшақбай және Батыс Сарыоба шахталарынның басын қосып отыр. Кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында оның өткені мен бүгіні, болашағы төңірегінде аз-кем әңгіме қозғағанды жөн көрдік. Әу баста «Сарыоба» шахтасында бұрғылаушы, монтажшы, жол салушы, өздігінен жүретін жерасты жабдығын жүргізуші сияқты мамандық иелерін біріктірген бір ғана учаске болды. Кен өндіру үдерісі әрқайсы 6-8 адамнан тұратын төрт ауысыммен ұйымдастырылды. Жаңадан басталған шаруа қиындықсыз болған ба, «Сарыобада» да өндірісті ұйымдастыру, техникалық жабдықтауға қатысты ауыртпалық аз кездеспеді. Әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынбаған кез, шахта басшысы екі контейнерден жасалған «кеңседе» отырып наряд беретін. Адамдар ішке сыймай, біразы сыртта тұратын. Шахтаның сол кездегі энергетигі, бүгінде «Жыланды» кенішінің бас энергетигі қызметін абыроймен атқарып отырған Азат Тәкенов ол кезеңді күні кешегідей еске алады.
– Жалпы шахтада 30 шақты адам жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр жағдайда, шұғыл түрде жүргізілді. Тиеу-жеткізу машинасының жүргізушісі Олег Воронцов штрекке су кету қаупі туған кезде белуардан су кешіп жүріп сорғы қондырғысын іске қосқан кезі болды. Жерасты жөндеу бекеті болмағандықтан бар техника жер бетіне шығарылып, қыстың қақаған аязында далада жөнделді. Тіпті, тамақтандыру мәселесі де көп қиындық келтірді. Бұл бертін келе «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің ықпалымен шешілді. 2020 жылы 100 орындық ангар типті асхана салынды, – дейді ол. Кез келген өндірістегі жемісті жұмыс адамның көңіл күйі, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға тәуелді. Бұл ретте кәсіподақ ұйымының қызметі біраз шаруаныңалға басуына септігін тигізеді. Кеніш еңбеккерлеріне қолайлы жағдай туғызу – кәсіподақ ұйымының басты міндеті. Сондықтан, жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу мақсатында еңбек құқықтарын қорғау, материалдық көмек көрсету, сауықтыру профилактикасы бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған.
– Кеніш туралы әңгіме қозғағанда қуатты кәсіпорынның қалыптасуына кәсіби шеберлігі мен тәжірибесін жұмсаған өндіріс өрендері туралы айта кеткен орынды. Алғашқы бұрғылаушылар Думан Досмұханбетов, Қуатбек Алтаев (қазір бригадир) кеніште күні бүгінге дейін табысты еңбек етуде. Сондай-ақ, тыңнан түрен салғандар қатарында роболтшы Ерлан Ержігітовті, бұрғылаушы Мұхит Тілесовті, шпур оқтаушы Марат Қожахметов пен аттырушы Әлихан Сариновты атап өткен жөн. Ал, кен тасымалдаушы Ержан Аймағанбетов пен Илья Линчук, аттырушы Жайық Байтанасов, Жанат Меңдібаев, Марат Қожахметов, проходкашы Алмас Қали мен Елдос Битенов, жерасты көлігін жүргізушісі Абай Есілбаев пен Азамат Жарылғасым, бұрғылаушы Думан Досмұқанбетов, Нұриден Қойтанов, Ерлан Жұманов, роболтшы Мұрат Смағұлов, Олжас Күнтуғанов, Қанат Искаков, Ерлан Бірімжанов, Али Өтепбаев, Нұрлан Маймышев, Анатолий Воробьев, шпур бұрғылаушы Ерлан Ержігітов, «Торо» жүргізушісі Жаннұр Арыстанбаев, монтаждаушы Әділет Мырзабаев, «Катер» жүргізуші Валерий Хакимов пен Шамиль Бабатов еңбегі ерекше атап өтуге лайық, ұжым мақтанышына айналған жігіттер, – дейді «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы бастауыш ұйымының төрағасы Сәкен Смағұлов.
Көші көлікті кеніш осындай жолдан өтті. Бағындырған белес баршылық. Алға қойған мақсат-меже бұдан да биік. Кенді өлке келешегінің көкжиегін кеңейтуде «жыландылықтар» аянып қалмайды.
СӘТБАЕВ қаласы. СУРЕТТЕ: Кеніш директоры Нұрболат БАЙСАДЫҚОВ (ортада) учаске басшыларымен бірге.
Әлібек ӘБДІРАШ.