Шет ауданы, Талды ауылында тұратын тыл ардагері, 1926 жылы дүниеге келген Әубәкір Қонысұлы Ахметов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Жасы ұлғайған қарияға дауыс беру үшін №634 референдум учаскесінің өкілдері арнайы барып, үйінде дауыс беруге барлық жағдай жасады.

Ғасыр жасаған қарияның елдік іске бейжай қарамай, референдумға қатысып, өз дауысын беруі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Бұл – ел болашағына деген жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның жарқын көрінісі.
Дауыс бергеннен кейін ақсақал елге ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бірлігіміз бекем болып, еліміз өсіп-өркендей берсін, – деп батасын берді қария.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы



