Көрген де – арманда, Көрмеген де – арманда

Өткен жұмада төрткүл дүниенің назары Астанаға ауды. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің салтанатты түрде ашылу рәсіміне.

Таңмен таласа, біз де бас қаланы бетке алдық. Күре жол – тақтайдай. Көрменің бірінші ғана жемісі дерсіз. Дүйім жұрт үшін!

Арқаның аңызақ желі болмаса, Күннің көзі күлімдеп тұрды.

Елорда ерекше күйге енген. Күйбең тірлік тіптен қыза түскен. Алғаш рет көргендей, Астананың бір күніне тамсанумен болдық.

Қас қарая Көрме аумағының табалдырығын аттадық. Мыңнан астам журналистің басын қосқан Медиаорталықтамыз. Әр елден келген әріптестермен қауыштық. Көз де, бөз де, түр де, тіл де – түр-түрлі. Әттегені, ағылшынша алысқа шаба алмаймыз. Әйтпесе, бұл «ЭКСПО» бұқаралық ақпарат құралдарын ғана емес, бүкіл әлемді ортақ тақырыпқа жұмылдырғаны сөзсіз!

Сонымен, күндеп, айлап, жылдап күткен тарихи сәтті минуттап, секундтап күтейік. Құдды бір Жаңа жыл түніндегідей…

Ауқымды шараның ашылу салтанаты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мәртебелі меймандарды – 17 мемлекет және үкімет басшыларын қарсы алды. Қарайған халықтың да ықыласы тым ыстық.

Халықаралық саясаттағы салмақты тұлғалар, алдымен, Қазақстанның Ұлттық павильоны – «Нұр Әлеммен» танысты. Жердегі Жер планетасының макетіндей ғимараттың біздің ғаламшарда баламасы жоқ…

Әміре де ән салған…

Қазақстан – ТМД және Орта Азия елдері қатарында «ЭКСПО» көрмесін өткізіп отырған тұңғыш мемлекет. Бірақ, халықаралық шара халқымызға таңсық болмаса керек. Кезінде Әміренің ән салып, ұлттық өнерімізді паш еткені де – Франциядағы осындай көрме болатын. «Қарқаралы басында жалғыз арша…» деп. ХХ ғасырда.

Күні бүгінге дейін Францияда «ЭКСПО» көрмесі тоғыз мәрте өткізілген. Елге мәшһүр Эйфель мұнарасы – «сол тойдың атымен тігілген тон».

Бойымызда – қобалжу. Ойымызда – осы дерек.

Ел арасында Көрме жайлы сан алуан әңгіменің өрбігені рас. Қаңқу сөздер қарайған халықты аралап кеткен. Талай рет бас шайқағанбыз. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарсақ», біз алмайтын қамал бар ма еді?!

Астана «ЭКСПО» көрмесін өткізетін қала ретінде бес жыл бұрын лайық деп танылды. 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде. 103 ел Астананы таңдады. Мойындау емей, немене?!

Кеше ғана Астанадан қайтып келе жатып, әлеуметтік желіге көз жүгірттім. Әттеген-ай, «ЭКСПО» жайлы жалаң әңгімелер тыйылмаған. Әрине, әркімнің жеке пікірі ғой. Бірақ, «Біріңді, қазақ, бірің – дос, көрмесең – істің бәрі бос» (Абай)!

«Сүйінсін – досың, күйінсін – жауың»

Әлем көз тіккен әдемі кештің куәсі болып отырмыз. Көңіліміз марқая берген. Тақырып – «Болашақтың энергиясы»! Үлкен сахнада, арнайы экраннан осы тақырыптың таңдалу себебі кеңінен түсіндіріліп жатты. Бағдарламада Қазақ елінің тарихы, өткені мен бүгіні және болашағы қамтылған.

Көк Туымыз желбіреп тұр! Мемлекеттік Гимніміз асқақтады!

Міне, ғажап! Менмін дегендер тік тұрды!

Біз көзімізге жас алдық. Кеудені кернеген мақтаныштан!

Дерек көздеріне сенсек, ешбір «ЭКСПО-ның» ашылуына жиырмаға жуық мемлекеттің басшысы қатыспаған екен. Көзіміз анық жетті – біз алға ұмтыламыз, ұтамыз! Ұлы Дала Еліміз ғой, себебі!

Тарихи сәт тікелей эфир арқылы да көрерменге жол тартты. Ашылу рәсімін отандық ақпарат құралдары ғана емес, әлемнің түпкір-түпкірінен келген әріптестеріміз де бірнеше тілде жариялап жатты.

Ақпарат айдынында, абырой биігінде – Алаш елі!

Тізгін – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевта!

Заманымыздың озық ойлы адамдарының қатысуы жоспарланған іс-шаралар адамзат дамуының жаңа бағыттарын айшықтайды. Миллиондаған қазақстандықтар мен дүние жүзінің түпкір-түпкірінен келетін жүз мыңдаған қонақ әлемдік ғылыми және инженерлік ақыл-ойдың керемет жетістіктерімен танысатын болады. «ЭКСПО» бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ, Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді. Біз келуге тілек білдіргендердің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей табиғатымызбен және тарихи мұрамызбен танысуға шақырамыз, – деді Елбасы.

Президенттің бұл сөзін де ақпарат құралдары жарыса жарнамалай жөнелді.

«…Ғаламның ғалымдары Астанада бас қосады. Адамзаттың ортақ проблемасы – Болашақтың энергиясы мәселелерін талқылайды», – десіп.

«Ел құлағы – елу» емес пе? Бұдан соң, туристер де төл өнерімізге тамсанып, қасиетті жерлерімізді аралайды. Қазынаға қыруар қаражат құйылады.

«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі отшашуға ұласты.

Алты құрлық өкілдері Көкке көз тікті. Алаштың ашық аспанына!

Көңілге ән ұялаған.

«Сүйінсін – досың, күйінсін – жауың!».

Астанадағы Көрме – Адамзат үшін маңызды

Келесі күні де Көрме алаңына асыққанбыз. Ұлттық павильондардың ашылу рәсімдерін тамашалу үшін.

Бірінші көргеніміз – Халықаралық ұйымдар плазасының ашылуы. Күмбірлеген күйіміз Қазақ елінің асқақ рухын айшықтай түскен. Бүрмелі көйлек киген бойжеткендеріміз қонақтарды қарсы алып тұрды.

Қаумалаған халық ғимараттың ішін көруге асықты. Сонымен, «Астана «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен БҰҰ-ның «ЭКСПО» көрмесіндегі Бас комиссары Джихан Сұлтаноглы нысанның тұсауын кесті.

Мазмұны бай нысанның ішкі көрінісі көздің жауын алады. Бұл жерде баламалы қуат көздерін бұқараға паш ету мақсатында, түрлі жобалар таныстырылды.

Соңынан Джихан Сұлтаноглы ханым сөз алып, өз ойымен бөлісті.

Тұрақты қуат көздерінің нәтижесінде, мемлекеттер экологиялық таза орта құрып, экономика үдемелі дамитын болады. «ЭКСПО» көрмесі адамзат үшін маңызды. Біріккен Ұлттар Ұйымы осы Көрмеге үлкен қызығушылық танытады және қолдау көрсетеді, – деді Д.Сұлтаноглы.

Ұйымдастырушылар қазақы жөн-жоралғының да ретін тапқан. Плаза алаңында Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ән мен жырдан шашу шашты.

Әр елге саяхат

Үздік технологиялардың көшбасшысы – Жапония елі емес пе?!

Осыны ұққан қалың ел жапондық павильоннан да аттап өте алмайды. Көппен бірге, біз де бас сұқтық.

Ашылу рәсіміне бұлар да мықтап әзірленген екен. Жапонияның бірнеше министрі, бірнеше қаласының мэрлері павильон алаңынан табылды. Өнер адамдары мен ақын-жыршылары да бар.

Жапон елінің ұлттық киімдерін кигендер өздерінің салт-дәстүрлерімен таныстырды.

Павильон алаңы – 1000 шаршы метр.

Жоғары технологиялық қуаттылығын, жаһандық мәселелерді шешуге қабілеттілігін паш ететін Жапония 2025 жылғы «ЭКСПО» көрмесін өткізуге мүдделі екен.

Біздің білуімізше, «Жасыл экономиканың» соны үлгісінің бірі – Малайзия елінің қолында.

732 шаршы метрлік павильонға орналасқан бұл елдің көппен бөлісетін технологиялары баршылық.

Осы жерде Малайзия павильонының комиссары, энергетика, жасыл технология және су ресурстары министрлігінің бас хатшысы, доктор Зайни Уджангпен сұхбаттасудың сәті келді. Аудармашының көмегімен.

Оның айтуынша, орманды алқап саналатын Малайзия алдағы 13 апта бойы баламалы энергия көздерін ортақ талқылауға салады.

Сондай-ақ, малайзиялық павильон қонақтары әртістердің өнерін тамашалап, мәдени қойылымдарын, қолөнершілер көрмелерін көзбен көреді. Әлемге әйгілі малайзиялық ұлттық асханадан дәм татуыңызға да болады.

Тайланд, Ватикан және Қытай елдері де өз павлиондарының аумағында түрлі думан ұйымдастырды. Көрмеге келушілерге озық өнімдерін ұсынды.

Үндістан елінің павильоны да – ел аузында. Қарапайым халықты қызықтырғаны – үнділік мата өнімдері болса керек.

Африка елдері мен көршілес Ресей Федерациясының павильондарына арнайы бара алмасақ та, Көрме аумағында ұлттық аспаптарымен өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздарын көзіміз шалды.

Ой жетегіндеміз. Бұл Көрме – әр елге саяхат жасаудың тамаша мүмкіндігі!

«Нұр Әлем» –

бір әлем

Жоспарға сай, осы күні 87 павильонның тұсауы кесілді. Әрине, барлығын тамашалап көруге бір күніңіз жетпейді.

Басты назарымызда – Қазақстанның Ұлттық павильоны. «Нұр Әлем» сферасы. Кәдімгі шар тәріздес ғимарат.

Нысанның бірінші қабатында ұлттық болмысымыздың иісі аңқып тұр. Көптің назарында – сайын даламыз, салт-дәстүріміз. «Астана «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының алты тілді меңгерген қызметкерлері қонақтарды жылы қарсы алып, кең мағлұмат беруде.

Бір қуанғанымыз, «Нұр Әлем» – өз алдына бір әлем екен.

Шетелдіктер де «аузын ашып, көзін жұмған». Бізбен шүйіркелесе алмаса да, шүлдірлеп қояды. Тым болмаса, бас бармақтарын көрсетеді.

Қайдан білсін, олар түгілі, өзіміз де аң-таңбыз. Тамсанып келеміз…

Жол көрсетушілермен бірге, лифт арқылы сфераның сегізінші қабатына көтерілдік. Болашақ Астананың бет-бейнесі – көз алдымызда!

Осылайша, «Нұр Әлемнің» әр қабаты тақырыптық мазмұнға сай жабдықталған. Аралап келеміз…

Жетінші қабатта – Ғарыш энергиясы.

Алтыншы қабатта – Күн энергиясы.

Бесінші қабатта – Жел энергиясы.

Төртінші қабатта – Биомасса энергиясы.

Үшінші қабатта – Кинетикалық энергия.

Екінші қабатта – Су энергиясы.

Салмағы 13 мың тонна ғимараттың ішкі мазмұны расымен да бай. Күннен қуат алатын нысан тұтастай шынымен көмкерілген.

Көз де,

көңіл де сенді!

Түс ауа Медиаорталықта бас қостық. «Астана «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бұқаралық ақпарат құралдарымен бетпе-бет жүздесті. Әріптестеріміздің сауалдарына жауап берді.

Жасыратыны жоқ, «ЭКСПО – 2017» көрмесі туралы әр алуан әңгіме өрбіді. Бірақ, үмітіміз ақталуы тиіс. Көрме жемісін берер деген сенімдеміз. Соңынан ғимараттар қаңырап қалмайды. Бұл аймақта Халықаралық қаржы орталығы құрылады.

Құрылыс жұмыстары ауа райының қолайсыз жағдайларында да жүргізілді. Дегенмен, оның сапалы болуына аса мән бердік.

Үш ай бойы қауіпсіздік жұмыстары да қатаң бақыланады.

Қазірдің өзінде Көрменің 1 миллион 300 мың билеті сатылды, – деді А.Есімов.

Жалпы, Көрмеге әзірлік барысында 400 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Қызу өрбіген баспасөз мәслихатынан соң, әріптестердің әңгіме ауанын бақыладық.

«Осыдан бес жыл бұрын мынадай зәулім «ЭКСПО» қалашығы бой көтереді» дегенге көп ел күмәнмен қарап еді-ау», – дейді көпшілігі.

Енді, көз де, көңіл де сенді!

«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесін «Көрген де – арманда, көрмеген де – арманда!».

10 маусымда «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі қалың бұқара үшін есігін айқара ашты. Осы күннің бірінші жартысында Көрме аумағын 9832 адам тамашалады.

Түйін

Көрме алаңында көптеген еріктілерімен тілдескенбіз. Қаракөз бауырларымызбен.

Арасында Қарағанды облысынан барған студент жастарға да жолықтық. Көңіл-күйлері көтеріңкі. Байқасаңыз, бұл шара – олар үшін үлкен мектеп! Әлем өркениетінің қайнаған қазанымен жақын танысады.

Қарағандыға қайтып келеміз. Көрмеден алған әсер тым бөлек…

Тілек – біреу. Ажарлы Астананың, Ұлы Қазақстанның базары тарқамағай!

Жол түссе, тағы да барармыз…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.