Жаңалықтар

Күреске толы өмірдің өнегесі

Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Испанияда 1985 жылы өткен әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, КСРО кубогының екі дүркін чемпионы, Қазақстанның 6 дүркін чемпионы Талғат Байшолақов – 60 жаста. Күшімен, рухымен Одақты, тіпті, тұтас құрлықты мойындатқан Арқа қазағының спорттық мансабы турасында айтып жатқымыз келмейді. Бұл балуан туралы спорттан хабары бар әр азамат біледі. Көктемде тебіндеген көктей балауса буынға үлгі болған, сөзімен емес, ісімен жалындаған жігерлі ермен өзінің мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында жасында талай мықтының жауырынын жерге жапсырып, қайраты мен қуаты қатар жалындаған жас Талғат пен бүгінгі алпыстың асқарына шыққан аға Талғаттың айырмасын білгіміз келді. Оның күреске толы өмірден көргені мен түйгені қызық болды бізге. Солай болды да, ғұмырдың да, доданың да бозкілемінде атой салған жүрегі түкті азамат білектің ғана емес, әр сыннан сабақ алған, жеңістің де, жеңілістің де бағасын білген парасат иесі екеніне көзіміз жеткендей.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Талғат аға, кешегі жігіт шағыңыз бен бүгінгі шағыңыздың нендей айырмашылығы бар? Соңында ұрпақтар айтып жүретіндей із қалдырған атақты Талғат Байшолақов өз ойын қалай тұжырымдайды?..

– Жастайымыздан іргетасымыз берік қаланды. Бастысы – адамның іргетасы мықты болуы керек. Бастауың дұрыс болса, алдағы өміріңе оң әсер етері анық. Өмірдің өзі күрес емес пе? Буының бекігеннен, ақыл-есің кіргеннен өмірдің сынақтарын қабылдай бастайсың. Жас Талғатқа, әлбетте, қазіргі көзіммен сүйсіне қараймын. Жастық шағымда дұрыс адам болу үшін, жетістікке жету үшін, соңымда із қалдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, аянбадым. Өкініш жоқ сияқты. Бірақ, тәжірибенің аты тәжірибе екен. «Көре-көре көсем боласың» дейді ғой дана қазақ. Сол рас екен. Сынақтан өткен сайын ой түйесің, есейе бересің. Жеңістің де, жеңілістің де берер сабағы бар. Өмірдің өзі сабақ. Көп дүниеге сабырмен, салқынқандылықпен, бұрынғыдан гөрі басқаша қараймын.

Адамға ақыл мен парасат керек. Өмірді жеңіл деп те, қиын деп те айтуға болмайтын секілді. Әр адам өз жолын тапса, мақсаты мен арманын айқындаса және сол үшін аянбай еңбектенсе, талпынса, бәрі өз жөнімен болады дегенге кәміл сенемін.

– Бүгінгі күрес қалай жүріп жатыр?

– Бәрі жақсы сияқты. Бұл жастың да өз қызықтары бар. 60 жас деген не тәйірі?! Әлі талай шаруаны тындыруға болады. Ақылыңды, жүрегіңді таза, денеңді сергек ұстасаң, еңсеңді тіктесең, талай асуды бағындыра аласың. Адамның өзіне байланысты ғой бәрі. Мәселе жаста емес. Тек бұл кезеңде алдыңда жаңа мақсат-міндеттер болады.

– Осы күнде адамға ақыл айту­шылар көбейіп кетті. Эк­ран­ды бермейтін де солар. Әр игілікті сөзімен емес, ісімен дә­лелдеп жүретін Талғат Байшолақов бүгінгі жастарға не айтар екен?

– Менің жастық шағым мүлде басқа дәуірде өтті. Ол кезеңдегі орта да, қоғам да өзгеше еді. Ал қазір бәрі өзгерген. Бірақ адамға қашан да рухы мен ар-намысы серік болуы керек. Осы асыл қасиеттерден ажырауға мүлде рұқсат жоқ. Бұлар адамға жол көрсетер шырақпен тең, көз жазған адам, әлбетте, қараңғылыққа түседі. Ал қараңғылықтағы пенде маңдайын тасқа соғып, табанын тіліп алуы әбден ықтимал. Сосын қазіргі ұрпақ «патриотизм» деген сөздің мәнін түсіне алмай келе жатқандай. Жалған ұранға бейімбіз бе, қалай? Әсіре сілтеуден аулақпын, дегенмен, көп нәрсе ойландырады. Мен жастардың көзінен от көргім келеді. Не істесең де, аяғына дейін барған абзал. Не істесең де, махаббатпен істеген жөн. Күн сайын атқаратын шаруаңа шын пейілденсең, ісіңе береке кіреді. Сосын, жігіт адам өзіне жауапкершілік алудан қорықпауы керек. Ол азамат қой! Оның рухы маңайына қорған болып, жалыны жылу шашуы тиіс. Балаларыма да айтарым осы. Аяғына дейін бармайтыныңды сезіп тұрсаң, сол шаруаға деген құштарлығың болмаса, кіріспей-ақ қой деймін. Жұмысы шала адам жақсы атты емес. Мейлі қателессін, қателеспейтін пенде жоқ жер бетінде. Бірақ, соңына дейін бар.

Солдан оңға қарай: Қанат Байшолақов, әйгілі бапкер Диқанбай Биткөзов және Талғат Байшолақов

– Жақсының жақсылығын айту – міндет. Спорттық мансабыңызды аяқтағаннан кейін бапкер болып, талай балуан тәрбиеледіңіз. Тіпті, аты аңызға айналған балуан ағаңыз Қанат Байшолақов атындағы спорт кешенін ашып, өңір спортшыларына қамқор болып отырсыз. Бір сөзіңізде «Мен бір істі бастағанда табысты емес, соның берер шарапатын ойлаймын» дегеніңіз бар.

– Шама-шарқымыз келгенінше шаруа атқарып жатқан жайымыз бар. Бірақ, мал-дүние дегенді жүрекке салмақ еткен адам емеспін. Әр нәрсенің өз шекарасы бар. Ал ақшасының есебі жоқ бай болдым делік. Сол ақшаның барлығын не істеймін? Әр пендеге ғұмыр соңында бұйырары екі кез кебін ғана. Мәселе жиған байлығыңда емес, артыңда қандай із қалдырғаныңда. Осы күнде сыйласатын кәсіпкер достарым бар. Олар маған спорт кешені соншалықты табысты кәсіп емес екенін айтады. Рас, мұнда көл-көсір ақша жоқ. Менің көңілім мен жүрегімнің назары басқада. Спорт кешенінде жаттыққан қазақтың ұлдары мен қыздарына қарап, жаным рахаттанады. Жаттықсын, шынықсын, ел абыройы үшін тер төксін. Міне, мәселе осында.

– Адам өміріндегі ең күрделісі – дұрыс таңдау жасау. Таңдауыңа қарай тағдырың. Сіздіңше, үлкен өмірге енді қадам басқан жас таңдауды қалай жасауы керек?

– Адамның кеудесіне Жаратушы жұп-жұмыр жүректі салып қойған. Жүрек – төрт тарабыңды көрсетіп тұратын компас секілді. Жүрекке назар салып, құлақ асу керек. Ал жүрек қателеспеуі үшін оны таза ұстау шарт. Жүректі арамдықпен, мал-дүниеге деген құштарлықпен толтыру – қателік. Бір сөзбен айтқанда, оны кірлетуге болмайды. «…Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі», – демей ме һәкім Абай?! Сөз басында айттық, өмірдің өзі күрес деп. Мұнда сынақтар көп. Жүрегіңе адал болсаң, сынақтарды оңай еңсересің.

«Қазанаттың жолында
Жазық та бар, ор да бар,
Азаматтың жолында
Бақыт та бар, сор да бар» деген ғажап сөз бар. Аспаннан алып жаңалық ашып отырған жоқпын. Осының барлығын дана қазақ баяғыда-ақ айтып кеткен. Тек сол мол мұраны оқып, санаға, жүрекке тоқысаң, шіркін! Еңбек етсең, адал нан жесең, ешкімнің ала жібін аттамасаң, тағдырың да дұрысталмақ.

Тағы бір айтарым – талапты туған жігітке жөнді ақылшы, жол нұсқаушы керек. Маған жол көрсеткен, жігерлендірген – туып-өскен қарашаңырағым. Шаңырақтағы тәрбие маңызды рөл атқарады. Маған Қанат ағам (Қанат Байшолақов – самбодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – авт.) үлгі болды. Соңынан қалған жоқпын. Жаттығуға бар күш-жігерімді салдым. Ағамның мақтанышы болғым келді. Мен үшін ол алдымнан жол нұсқаған жарық жұлдыз болды.

– Жоғарыда қазіргі ұрпақ «патриотизм» ұғымының мәнін түсіне алмай келе жатқандай де­діңіз. Осы сөзіңізден кейін тағы бір сұрақ туындап тұр. «Батыр» деген сөздің де қадір-қасиетін түсінбей жүрген жоқпыз ба?

– Қазақ батырға кенде емес, әрине. Алаштың тағдыры үшін басын құрбан еткен небір алыптар, баһадүрлер өткен бұл жалғаннан. Солар болмаса, осы күнге жетер ме едік? Бірақ, кейінде көпшілікті тыңдап отырсаң, екінің бірі ба­тыр. Анау ауылда бір батыр, мы­на ауылда он батыр дегендей. Сол батырлардың ерлігін айтып, «Біз – батырдың ұрпағымыз» деп кеудемізді соғамыз-ай кеп! Дабырлаймыз, отырған жерімізді дүрліктіреміз. Оның бәрі өтті, кетті. Ол заман қайтып келмейді. Уақыт бір орында аялдап тұрған жоқ. Өткеніңмен мақтана бергенше, келешегіңе керек батырларды тәрбиеле. Бапта, шыңда. Ертең солар ел жолында еңбек етер, ерлік қылар ерге айналсын. Спортқа баулы. Әлемдік аренаға шығып, қазақтың қандай екенін сөзімен емес, ісімен дәлелдесін. Мақсатына жету үшін маңдай терін төксін.

– Талғат аға, сан түрлі белдесулерге толы өткен күндер­ден түйген тәжірибеңізбен бөліс­кеніңіз үшін мың алғыс! Жасыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын!

Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button