Нұркен Әбдіров ауылдық округіне қарасты аядай ғана Ақшоқы елдімекенінде ұзындығы сексен метрлік көпір салынып, пайдалануға берілді. Бұл көпшілік үшін жаңалық емес шығар, бірақ, осы ауылдың халқы үшін үлкен бір проблеманың шешімі болып отыр.
Көктемгі су тасқыны кезінде негізгі жолға дейінгі екі шақырымды су алады. Шағын ауылдың орталықпен қатынасы үзіліп, жергілікті тұрғындар су қайтқанша аралда қалғандай күн кешетін еді. Енді осы жаңа көпір арқылы төтесінен жаяулатып, жолға шығу мүмкіндігі туып отыр.
Ақшоқыда жиырма төрт түтін бар, үлкен-кішісін қосқанда, жүздің үстінде халық тұрады. Елдің негізгі күнкөріс көзі – қолындағы малы. Жаңа ғасырдың ширегін тауыссақ та, ауылдағы ағайын төрт түліктің сүмесіне қарап отырғаны өтірік емес. Ірілі-ұсақты малдан алатын еті мен құрт-майынан бөлек, бие сауып, қымыз сатып отырғандар да бар. Ақшоқыда басқадай әлеуметтік нысан түгіл, мектеп те жоқ. Оқушылар арнайы автобуспен қатынап, округтің орталығы Жарлы ауылындағы мектепте оқиды.
Көпір құрылысына Қарқаралы ауданының бюджетінен 8,6 миллион теңге қаражат бөлінген. Ұзындығы сексен, ені бар-жоғы бір метр, қос қапталынан торланып, табанына тақтай төселген жаяулар көпіріне бұл аз ба, көп пе, білмедім. Қарағанды қаласынан келген мердігер «Бейсембаев» ЖК-нің (жеке кәсіпкер Мейірлан Бейсембаев) жұмыскерлері барлық қажетті материалдарды облыс орталығынан жеткізіп, көпірдің құрылысын бас-аяғы он бес күннің ішінде аяқтап, пайдалануға берді.
– Халыққа аса қажет көпірді сапалы әрі жедел салып берген мердігерге рахмет, – дейді Нұркен Әбдіров ауылдық округінің әкімі Аян Бейсенбеков. – Ақшоқыда бұған дейін балалардың шағын ойын алаңы салынған болатын. Енді, міне, өзен табанынан екі метр биіктіктегі көпір де ел игілігіне берілді. 1 қазаннан бастап ауызсу ұңғымасын қазу жұмыстары басталды.
Жергілікті әкімдік қолдан келген шаруасын атқарып жатыр. Ауылдан негізгі жолға дейінгі екі шақырымдық жолды жөндейтін мердігер де жақында жұмыстарын бастамақшы көрінеді. Жаз бойы жатып, жолды жөндеуге күзгі жауын-шашында кірісетіндер қалада ғана ма десек, ауыл-ауданда да жоқ емес сияқты. Әйтеуір, жақсы бастамалардың нәтижесі ел үшін берекелі болғай.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz