Басты тақырыпРуханият

Көпір

   «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» ақылы елден асқан ақса­қалға бір Тәңірімізден пәрмен түсіп, жаны мұрнының ұшына келіпті. Бірі – көзінің ағы, бірі – көзінің қарасы дегендей, биенің екі емшегіндей екі -ақ ұлы бар екен. Екеуін екі жағына отырғызып, соңғы сөзін айтыпты.

Қату болмаңдар, тату болыңдар. Оң қолдарың айбалтаға ұмтылғанда сол қолдарың араша болсын. Шаңы­рақтарың бөлек болған соң, қо­cақ­та­рың қоңырсытып, көңірсітіп ошақ­тарыңда от жағады. Тезге салып көріңдер, тек сындырып алып жүр­меңдер. Түзейтін екі адам келеді, – деп жүре беріпті.

Өмір – уақыт бір орында тұра ма? Арада талай жыл өтеді. Ағайынды екі жігіт қосақтарының қоңырсытқанын, көңірсіткенін байқамайды. Әкелерінің сол сөзіне таңырқап, кейін ұмытып та кетеді. Ағайындылар үнемі қоңсылас қоныс тебеді екен. Бара-бара бір ауылдың қоңырсыған, көңірсіген иісі екіншісіне тез-ақ жететін болады. Ақыры екі араға сызат түседі. Асқына келе екі ағайынды қалың жыраның екі жағына қоныстанып, араласпайтындай араздасады.

Күндердің күнінде екі ауылға бір мезгілде қайын аталары ат басын тіреп, қонақ болады. Екі ақсақал да жыраның екі жағында тұрып, күйеу балаларынан мән-жайды сұрайды. Ағайындылар бірін-бірі жамандайды.

Жарайды, бүгін түнде екеуіңнің араларыңдағы мына жыраны терең орға айналдырып беремін, – депті, екі ақсақал екі жақта тұрып, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.

Күн батады, түн басады, таң атады. Ағайындылар атып тұрып, орға қараса, баяғы жыраның орнында екі ауылды қосатын әсем көпір салыныпты. Екеуі екі жақтан тұра ұмтылып, құшақтасып, татуласыпты. Екі ақса­қал екі ел ұйықтап жатқанда аттанып кеткен екен. Болған оқиға ма, ойдан шығарылды ма біле қоймадым. Әйтеуір, атам қазақтың бізге жеткен сөзінің күресінге күреліп кеткенін көрмедім. Бүгінде көпір емес, екі араға ор мен біреуге көр қазушылар, көбейіп бара жатқандай көрінеді. Бәлкім, қателесетін шығармын. Қате­лессем екен.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button