
Қарқаралы қаласының ауруханасы – екі жүз жылдан асқан тарихы бар, талай адамдардың тағдырлары тоғысқан, киелі орын. Сондықтан да, бұл жерге сәлемдеспей кірудің өзі күнә іспетті. Осы жылдар аралығында емдеу мекемесінде қолдары алтын, білімді де білікті, емхана қабырғасына есімдерін алтын әріппен жазып қоюға болатын көптеген дәрігерлер ел игілігі үшін, жандарын аямай еңбек еткені аудан жұртшылығына аян. Қарқаралы ауруханасының тарихнамасын, онда қызмет еткен дәрігерлердің өмір деректерін жинап, мұражай ашуға бастама көтеріп, ізгілікті жұмыс жасаған сол кездегі бас дәрігер Серік Жәкеевтің еңбегі зор екенін айта кету керек. Әйтпегенде, бәрі де ұмытылып қалар еді.
Дерттеріне шипа тауып, жанын арашалап алып қалуға себепкер болған ізгі жүректі дәрігерлерді бауырларына басып құшақтап, көздеріне жас алып тұрып, алғысын жаудырған адам қаншама? Дәрігерлердің осы өлшеусіз еңбектерін атүсті бағалап, халық арасында, «Ажалсызға себепкер. Дәрігердің ең жақсысы – ауруға ауру қоспағаны», – деп айтып жатады. Бәлкім, бұл сөздің де жаны бар шығар?!
«Бір қарын майды бір ғана құмалақ шірітеді» демекші, ел арасында ауруханадағы кейбір дәрігерлердің әртүрлі кереғар қызметтері туралы көптеген теріс пікір де жоқ емес.
Осыдан барып, елдің көбісі Қарағандыға барып есепке тұрып алды. Ауыра қалса, сергелдеңге түспей, алыс, және артық шығын болса да, бірден Қарағандыға тартып отырғанды жөн кереді.
Өз басымнан өткен бір келеңсіз жағдайды да айта кетейін. Буындарым қатты ауырғаннан кейін, ауылдан, Қарқаралыға терапевтке тіркелуге барып едім. Сағат тоғыздан жаңа кетсе де, қабылдауға орын жоқ болды.
Негізі заты дәрігер адамның ділі мен ой өрісі және ішкі жан дүниесі мен сыртқы дүниесі де таза болғаны дұрыс. Ауырып тұрған адамның алдында, дәрігердің ашық, емен-жарқын күле сөйлеп, жақсы сөз айтқанының өзі дертке дауа екенін білгендері жөн. Емшінің әрбір сөзі ауырып келген жанның бойына қуат беріп, оның сауығып кетуіне сенімділік ұялата алса, адамның бойындағы дертті жеңуге көп жәрдемі тиетіні анық. Аурухананың ішіне кіргенде, бір киелі орынға келгендей, оның есігінен бастап төріне дейінгі көріністермен дәрігерлердің жылы лебіздері бойыңызға жақсы энергия беріп тұрса, қандай тамаша. Ал, мынандай жағдайда жүйкеңіз жұқарып, ауруға ауру қосып алмасыңыз неғайбыл?
Содан ертеңіне бір палатаға жатқызды. Төрт төсек те бос тұр екен. Он күн жатып жақсы ем алып шықтым. Дәрігер мен мейірбикелерге көптен-көп рақмет!
«Тас – түскен жеріне ауыр» демекші, негізгі салмақ аурухананың дәрігерлері мен қызметкерлеріне түседі. Бұл жерде, аурухананың бас дәрігерінен бастап, аурухананың маңайында жүріп су ішіп, нан жеп жүргендердің бәрі де, өзіне жүктелген міндетті адал орындап, өзінің білімділігі мен біліктілігін танытып, халық игілігі үшін жұмыла білген жөн.
Енді ауыра қалған күннің өзінде баратын бірден-бір орын – аурухананың ел ортасындағы беделін көтеріп, оның жақсы атын ғана емес, затында қалпына келтіру үшін, құр сырттан сынай бермей, нендей көмек көрсете аламыз? Бұл, әр Қарқаралы азаматтарының ойындағы дүние болуы керек. «Бір топ қоянды, бір арыстан басқарса, бір топ арыстан шығады. Ал бір топ арыстанды бір қоян басқарса, бір топ қоян шығады» деген тәмсіл бар. Бұл тікелей аудан басшыларына, аурухананың бас дәрігеріне де байланысты. Ол кісілерге тиянақты жұмыс жасауға тура келеді.
Бүгінде Қарқаралы ауруханасына бірінші қабаттан бастап, сапалы жөндеу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтқандай, енді өз жаныңызды сеніп тапсыратын білімді мамандар топтасса игі. Облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа жаңа, заманауи медициналық құрылғылар алып, онда жұмыс істейтін маман дәрігерлерді арнаулы курстарға жіберіп оқытып жатыр. Істеріңізге сәттілік тілеймін!
Қазір ауданда мықты кәсіпкерлер мен фермерлер, шаруашылық басшылары баршылық. Жігіттер жиналып, ауруханаға көмек көрсетіп жатса, құба-құп болар еді.
Сәбит ТОҒАМБЕКОВ
Қарқаралы ауданы