Көп бидай Ақ бидайға жете ме?
Әр ұлттың тұрмыс-тіршілігіне қатысты туындаған, пенде талас тудыра алмайтын бірегей дүниелері бар. Ол өзгеде болмауы бек мүмкін. Өйткені бір халыққа ғана тән. Оның басқа да баламасы бөтенде кездесуі ғажап емес. Бірақ, оның түпнұсқасы туған топырағында екені шүбәсіз. Мұны неге айттық? Қазақтың қазанаты, ақбасы, еділбайы дәп сондай. Бұл – түлікке тікелей байланыстысы. Ал, дәнді дақылда Ақтоғайдың Ақ бидайы – аңыз. Ақ бидай туралы тұп-тура осыдан төрт жыл бұрын сүйіншілегенбіз. Тірі екенін айтып, төрт тарапқа жар салғанбыз. Содан бері табанды төрт жыл өткенде қазығын айналған аттай қайта айналып соққалы отырмыз. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке егін шаруашылығына маңызды реформа жасау қажеттігін, егін түрлерін көбейтуді тапсырғаны мәлім. Егін түрі дегенде, ауызға Ақ бидайдың ілігуі содан да. Екі ғасыр бұрын атырапқа аты жайылған Ақ бидай астықтың – төресі еді. Қазіргідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда Ақ бидай да реформаны күтеді…
Президент пәрмені һәм Ақ бидай
Көзі қарақты оқырманның есінде, әлде есінде емес. Ақ бидайды Ресейден тауып, туған жердің топырағына алып келген ғалым Шүкірбай Төкеевтің еңбегі туралы жазғанбыз.
«…Ақ бидай…» тірі!» деуіміз – бос айғай-сүрең емес. Кейінгі 3-4 жыл мұғдарында Ақтоғай ауданында ветеринария ғылымдарының кандидаты Шүкірбай Төкеев ақ бидайды іздеп тауып, оны зерттеумен айналысып отыр. Ғалымның айтуынша, бүгінде қолға түскен тұқымның зертханалық сараптамасы оның дәл сол байырғы «Ақ бидай» екенін дәлелдеген. Құрамы, өзге де ғылыми өлшемдері, гендік құрылымы мұның сол аңыз бидай екенін айғақтапты. Егілген дәннен шыққан масақтарда «Ақ бидайдың» қасиеті қайталануда дейді» ғалым.
– Алынған тұқымды биыл да ектік. Бұл егісте де «Ақ бидайдың» қасиеті қайталанып тұр. Бір дәннен бес бас шықты. Яғни, бір дәннен бес масақ шығады. Мен әуеліде ел ішінде «Бес бас бидай» дегенді естігенде «Бұл неге олай аталды?» деп ойлайтынмын. Мұны енді түсіндім. Демек, бір дәннен бес бас масақ шығып отырған. Содан халық «Бес бас бидай» деп атаған болуы керек. Егіннің шығымдылығы көп болатыны да осыдан. Жай бидайдың бір дәнінен бір сабақ қана шығады, әдетте, – дейді Шүкірбай Төкеев. Былтырғы дән айтарлықтай үлкен болмапты. Әйтсе де, шығымдық қасиеті «Ақ бидайдікімен» пара-пар көрінеді» дегенбіз.
Әлбетте, Ақ бидайдың ерен қасиеті туралы тарихи деректер ашық ресурстарда да, ғалымдардың дерегінде де молынан. Өзіміз тұрмақ, Ресейдің ғалымдары таңданыстарын әлі күнге жасырмайды. Тіпті, Кеңес одағы кезінде арнайы іздеп, Тоқырауын бойын тінтіп кеткендері қаншама.
«Академик Д.Н.Прянишников (1865-1948) о коунрадских (токыраунских) сортах сообщал следующее: «Сто зерен французской пшеницы весят 4,55 грамма, ост-индской – 3,8 грамма, американской – 3,2 грамма, русской – 2,85 грамма. А 100 зерен коунрадской пшеницы Акбидай весят 6,2 грамма и Кожебидай – 4,5 грамма. Акбидай дает от 7 до 25 побегов в кусте, число зерен в колосе – от 52 до 120, средний урожай от просеянного пуда – 50-60 пудов. Пшеница Кожебидай дает 30-55 побегов (встречаются отдельные кусты с 75 побегами, зерен в колосе – от 32 до 60, средний урожай с га – 60-70 пудов). В 1916 г. заведующий переселенческим районом свидетельствовал о том, что в долине Токырауын казахами собирается до миллиона пудов хлеба» деп жазады Ресей ғалымдары.
Арқаның брендіне айналған Ақ бидайға мемлекет тарапынан кең қолдау қажеттігін төрт жыл бұрын тілге тиек еткен едік. Президент тапсырмасынан соң Ақ бидайға қайта айналып соққан жайымыз содан.
«Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» деген болатын Президент Халыққа Жолдауында. Демек, Ақ бидайды жарыққа алып шығар күн туды. Әлбетте, Қазақстан бидайдың сан алуан сортынан құр алақан емес. Десек те…
Қарағанды – өндірісті ғана емес, аграрлы аймақ
Қарағандының аграрлы аймаққа айналуға әлеуеті тәуір. Климаттық жағдайлары өндіріске иек артпай, ауыл шаруашылығы, соның ішінде, дәнді дақылдарды өсіруге мүмкіндік барын жоққа шығармайды. Табиғи-климаттық әрі географиялық жағдайы дәнді дақылдарды, картоп пен көкөністерді өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін оңтайлы екені әлдеқашан-ақ дәлелденген. Сондықтан да, облыс – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі.
Мәселен, соңғы жылдары егістік алқаптардың құрылымын әртараптандыру арқылы сұранысқа ие дақылдардың алқаптары ұлғайды. Бидай, майлы дақылдар, картоп көптеп егіледі.
Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, былтыр дәнді дақылдарды жинау алқабы 993,2 мың гектарды құрады. Бұл – алдыңғы жылғы деңгейден 73,3 мың гектарға көп. Оның 813,4 мың гектары – бидай. Бұл 2023 жылғы деңгейден 62,5 мың гектарға артық. Арпасы – 60 мың гектар, сұлы – 13,7 мың гектар және масақ қоспасы – 6,4 мың гектар көлемінде. Былтыр 966,3 мың гектар дәнді дақылдар алқабынан гектарына 6,8 центнерден 652,9 мың тонна астық бастырылды.
Сұрып көп, Ақ бидай – жалқы
Жалпы, Қазақстан Республикасының Селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілімінде ауыл шаруашылығы дақылдарының 2613 түрі тіркеліпті. Оның отандық селекциясы – 822 сорт, шетелдік селекциясы – 1733 сорт, шетелдік селекциямен бірге 58 сорт бар көрінеді. Ал, ашық дереккөздегі мәліметтер елде тек бидайдың 29 сортының аудандастырылғанын айтады.
Негізі, әлемдік нарықта Қазақстан астық, бидай өндіруші ретінде танымал. Жасырары жоқ, дәнді дақылдарға басымдық КСРО кезінде қалыптасқан. Оның елдің азықтүлік қауіпсіздігіне қажеттіліктен туындағаны да рас.
Бүгінге келсек, бидай өнімділігі жағынан Қазақстан оны өсіретін әлемнің 130 елінің ішінен 109-шы орында. Қазақстан негізінен ақуызға бай, бірақ, салыстырмалы түрде жұмсақ бидай өсіреді. Ашық деректер салыстырмалы бидай сорттары бар елдер арасында қазақстандық бидайдың өнімділігі аздығын көлденең тартады.
Қазақстанның үлесіне әлемдік бидай саудасының шамамен 2 пайызы тиесілі. Соңғы бес жылда бидай экспорты жылына орта есеппен 5 млн.тоннаны құрапты.
Қазақстандық бидайдың негізгі тұтынушысы – ТМД-дағы көршілес мемлекеттер. 20 жыл ішінде Қазақстан өз бидайын 72 елге экспорттады. Алайда, тек екі ел тұрақты түрде қазақстандық бидайды сатып алушы. Олар – Өзбекстан мен Тәжікстан. Бұл екі ел жеткізілімдердің 60-70 пайызын құрайды. Тағы жеті ел қазақстандық бидайды салыстырмалы түрде тұрақты түрде сатып алады. Әйткенмен, көлемі аз. Байқағаныңыздай, сұрып – көп, Ақ бидай – жалқы.
Түйін
Жоғарыда айтқанымыздай, Ақ бидайға ден қойған аймақта жалғыз адамды ғана білеміз. Ол – ветеринария ғылымдарының кандидаты Шүкірбай Төкеев. Ақ бидайды іздеп тауып, оны зерттеумен айналысқан да бір өзі. Енді егінге жаңа бетбұрыс ғалымның ізденісін үлкен бастамаға айналдырса дейміз ғой баяғы. «Егіннің маңызды реформасы дегенде Ақ бидай тасада қалмаса екен» деген ойдың қаңғыған күшік секілді ұлып жұртқа қайтпасына көңіл сенгісі келеді, әйтеуір.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz