«Күміс университетке» кім мүдделі?
Еліміздегі «Күміс университет» жобасы 2021 жылдан бері іске асырылуда. Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары буынға түрлі бағыттар бойынша білім алуға мүмкіндік беретін жобаның әдістемелік ұсынымдарын бекітті.
«Күміс университет» – егде жастағы адамдарға екінші мамандық алуға көмектесетін халықаралық қозғалыс. Оқыту 50 жастан асқан азаматтардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беріп, қолдауға бағытталған. Бұл модель Франция, Англия, Қытай және Жапония елдерінде 60 жылдан астам уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді. Қазақстан университеттері «lifelong learning» тұжырымдамасы шеңберінде іске асыруда.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 32 университет «Күміс университет» бағдарламаларын қолданады. Тыңдаушылар саны 1500 адамнан асады. Күміс университетіндегі курстар цифрлық дағдылар, шет тілдері, кәсіпкерлік, құқық, мәдениет, дін және физикалық белсенділікпен байланысты көптеген салаларды қамтиды.
Бекітілген әдістемелік ұсынымдар еліміздің жоғары оқу орындарына жұмыс жоспарын қалыптастыруға және күміс білім беру бойынша оқытуға мүмкіндік береді. Тізіммен ұлттық жоғары білім беруді дамыту орталығының сайтындағы «Аналитика, өмір бойы білім беру» бөлімінде танысуға болады.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.кz