Жаңалықтар

Күміс күлкі

«Восток» па, әлде «Юго-Восток» па?..

Есімі облысымызға жақсы таныс, ақын-сатирик, журналист Матай Айнабеков біраз жыл Қарағанды облыстық радиосында редактор болып жұмыс жасады. Өмірінің соңғы он жылын «Орталық Қазақстан» газетінде өткізді. Ағамыз жаратылысынан ақкөңіл, өтірік айтуды білмейтін, бала мінезді аңғал болатын. Бірақ, жұмысына тиянақты еді. Көмек сұрап келген кісілердің көңілін қалдырмай, ұдайы қамқорлық жасап жүретінін талай рет қызмет бабында көрдік. Достары да көп болатын. Бір күні Мәкең:

– Әлеке, Қарқаралы ауданына іссапарға барып қайтайыншы. Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері мені қатты толғандырып жүр, – деді. Ол кезде облыстық радиода бас редактордың орынбасары қызметін атқаратынмын.

– Барсаңыз барып келіңіз. Біраз бағдарламаға тұздық болар материалдар әкелесіз ғой! Әрі ақын жанды азаматсыз, қасиетті Қарқаралыдан қанаттанып, шабыттанып қайтқаныңыз жөн! – деп әзілдедім де, өтініш құжаттарына бірден қол қойып бердім.

Бұл – сексенші жылдардың алғашқы жартысы еді. Сол жолы ұмытпасам, Матай ағамыз Қарқаралы ауданында екі күн командировкада болды. Біраз шаруашылықтардың қордаланып қалған проблемаларын көтеріп, ауыл өңірінен радиорепортаждар топтамасын дайындап, қалаға кеш қайтты.

Ол кезде халықтың баспасөз өкілдеріне, әсіресе журналистерге деген ықыласы тіпті ерекше еді. Содан болар, қонақжай қарқаралықтар командировкаға келген қарағандылық журналисті «жақсылап» күтіп, тоя тамақтандырып, түнделетіп шығарып салған ғой!

Далада күн болса суық. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы бет қариды. Жолда келе жатқанда облыстық телевидениеге жаңадан қызметке тұрған Қасым деген шофер жігіт қазіргі Бұқар жырау (бұрынғы Ульянов) ауданының орталығы Ботақара кентінен өте бере, Макеңнен қайда тұратынын сұрап, үйіне жеткізіп салмақ болады. Сағат түнгі 12-нің шамасы болса керек, жып-жылы машинаның ішінде манадан бері маужырап, ұйқылы-ояу отырған Матай ағамыз: «..Юго… Востокта тұрамын, Строительный көшесінде…» – депті. «Юго …Восток» дегенді әлгі шофер бала «Восток» деп ұғыпты.

– Аға, ертерек айтпайсыз ба? Қанша жерге келгенімізді білесіз бе?! Тіпті, Қарағандыға жақындап қалдық емес пе?!.. – деп қатты ашуланыпты да, сол жерден кері бұрылып, Қарқаралы ауданының жолда қалған, 100 шақырым жердегі «Восток» совхозына бірақ тартқан ғой. Тізгіншінің сөзіне онша мән бермеген Макең басын бір изеп, жайлы орында жайғасып отыра беріпті.

Содан түнгі сағат екілерде атақты Кәкім Зәкішев ағамыз басқаратын «Восток» совхозына келіп, Строительный көшесін іздесін-ай!.. Ауылда ондай көше қайдан келсін! Ана үйдің, мына үйдің шарбағынан секіріп, енді бірінің есігін қағып, қайсы бірінің итіне таланып әбден шаршаған шофер машинасына қайтып келсе, Макең сыртқа шығып, темекісін тартып тұр дейді.
– Әй, бауырым-ау! Қайда жүрсің, не іздеп жүрсің? – депті.
– Не іздеуші едім, сіз тұратын көшені, көпқабатты үйді іздеп жүрген жоқпын ба?! – деп алақанын жайып, ашуланыпты.
– Е..е..солай де.!. Ендеше, ашуланба бауырым! Ағаңнан бір әбес­тік кеткен шығар, мен тұратын көшені даладан емес, енді қаладан іздейік,– деп еріксіз езу тартыпты Макең.

Жолда келе жатып жүргізуші, Матай ағамыздың «Юго-Восток» мөлтек ауданындағы мекенжайын жаңсақ естігеніне қатты өкініпті. Құлағы онша ести қоймайтын әлгі жігіт, жаратылысынан қожанасырлау болатын. Әйтеуір, аман-есен таң ата қалаға жетіп, Қарағандыдағы Макең тұратын құтты шаңырақтың құлпын ашқан көрінеді.

 

Байқамай, басқа үйге барыппыз

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болған, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, қарымды журналист – Бағдат Мекейді ажал арамыздан ерте алып кетті. Көп ұзамай сүйікті жары Гүлниса да көз жұмды.

Соңында қалған ұл-қыздары әкесінің өмірден өткеніне 10 жыл толуына арнап, «Аруана» дәмханасында ас берді. Оған Бакеңнің көзін көрген дос-жолдастары, бірге оқыған курстастары, Астана мен Алматыдағы әріптестері және ағайын-туыстары жиналды.

Дастарқан басында «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазіргі «EGEMEN QAZAQSTAN» газетінің Бас редакторы Ғабит Мүсіреп, сол кездегі ҚР Бас прокурорының баспасөз хатшысы Серікқали Мұқашев, Арқаның ақиық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Сүйіндік Жанысбай естеліктер айтты. Ғабит Мүсіреп кешегі қайта құру жылдары газет бетінде Бағдаттың көтерген проблемалық материалдарын тілге тиек етсе, Серікқали бауырымыз оның рухани інісі болғанын мақтанышпен еске алды.

– Бағдат екеуіміз бір мектепте оқыдық, өлеңді ерте тастап кетті! – деп өкінді Ақсұңқарұлы. Сөз кезегі маған келгенде Бағдат дүние салған күнгі оқиғаны еске алдым. Қайғылы хабарды ести сала, телеарнадағы бір топ жігіттер көңіл айту үшін шаңырағына келдік. Көпқабатты үйдің кіреберісінде жүздері сынық 4-5 адам әңгімелесіп тұр екен.
– Қайтыс болған Бакеңнің үйі осында ма? – деп сұрадық.
– Иә, ішке кіре беріңіздер.Төртінші қабаттың оң жағындағы есік, – деді әлгі  жігіттердің бірі.
– Дұрыс келе жатырмыз ба? – деді, Кәкең үшінші қабатқа көтерілгенде.
– Бағдат марқұмның үйінде екі-үш рет болып, Гүлнисаның қолынан күрең шайын ішкенмін! Бағытымыз дұрыс, тарта бер, Кәке! – дедім соңынан еріп. Айтылған пәтерге келсек, есігі ашық, кісілер кіріп-шығып жүр. Аяқ киімізді шешіп, төр бөлмеге шықтық. Жер үстелдің айналасында бес-алты адам жайғасыпты, шамасы ауылдан келген болса керек. Үнсіз отырғанымыз дұрыс болмас деп, көңіл-ниетімізді білдіре бастадық.
– Бакең деген жақсы азамат еді! Ажалға кім қарсы тұрады дейсіз! Әттең, жас кетті ғой! – деді, дастарқанға жақындай түскен Жазылбек бауырым.
– Құдайдың берген жасын жасады! Тіпті, жас кетті деп айта алмаймыз. Балаларын ер жеткізді, немере сүйді. Алла Тағала бәрімізге осындай жас берсін, қарақтарым! – деді есік жақта отырған ақсақал таяғымен жер шұқып.
– Мұнысы несі-ай! Бағдат ағамыз 60-қа да толған жоқ ғой! – деп іштей шалдың айтқан сөзінен «тіксініп» қалдық. Айналамызға қарап қоямыз. Бакеңнің жұбайы Гүлниса жеңгем көрінбейді. Біз жақсы танитын күйеу баласы Думан да, балалар да жоқ. Бәрі бөтен сияқты… Келіп қалар, анау-мынау жұмыстармен бөгеліп жүрген шығар деп, өзімізге-өзіміз іштей тоқтау айтып отырмыз. Бір кезде:
– Бакең деген қарасөзге қамшы салдырмайтын, нағыз ақмылтық журналист еді ғой! Шіркін, оның көсілтіп жазған дүниелері керемет болатын! Өзі бала сияқты аңқылдақ, ақ жарқын еді! – деп ағымнан жарылдым.
– Журналистігін қайдам, не жазғанын білмейміз. Әйтеуір, аса көп сөйлемейтін. Жарықтық қыңыр кісі еді! – деп шай құйып отырған анамыз әңгімеге аралас­ты…

Осынау шағын әңгіме-сұхбаттан кейін бізді құдай «ұрғанын» сездік. Оны үйдегілерге білдіртпей бір-біріміздің бүйірімізден түртіп қоямыз.
– Жарайды, оқасы жоқ! Ағамыздың жатқан жері жанатта болсын. Артында қалған ұл-перзенттері мен немерелеріне ғұмыр берсін! – деді арамыздағы үлкеніміз Кәмен Ахметов орнынан тұрып жатып.

Бөлмеден шыққан соң білдік, Бағдаттың пәтерін шатастырып, көрші подъезде тұратын, сол күні қайтыс болған 75 жастағы кеншінің қайғысына ортақтасыппыз! Есік алдындағы жігіттерге жағдайды айтып едік:

– Кешіріңіз, әкеймен аттас, қайтыс болған «Бағдат» дейтін журналистің үйі келесі подъезде, қателеспесем үшінші қабатта ғой! – деп жол көрсетті.

Өмірде не болмайды дейсіз! Осы оқиғаны айтып бергенімде, Бағдат Мекейдің асына жиналғандар күлкіге қарық болды.

Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button