Жаңалықтар

Күміс күлкі

«Тұра тұр, төрт минут сөйлеуім керек!»

Сексенінші жылдардың орта тұсы. Ол кезде Қарағанды телевидениесінің  күнделікті көлемді хабарлары көбіне эфирге тікелей шығатын еді. Өйткені, бағдарламаларды күні бұрын жазып алуға бейнетаспалар жетіспейді. Сондықтан, амалсыз тікелей эфирге шығуға тура келетін. Ал, оның  қиындықтары жетіп артылады…

Мамыр айының басында ауыл шаруашылығына арналған кезекті «Жазира» хабарын дайындауға кірістім. Аудандар мен ауылдардан кісі шақыру қиын. Ол кезде байланыс жүйесі мықты емес. Қазіргідей ұялы телефон жоқ. Әйтеуір, жүгіріп жүріп басын қосасың. Алыстан келгендерге қонақүйден орын алып беруің керек. Бола қойса жақсы, болмаса, амал жоқ, басшыларына жалынып, есің шығады. Қайсыбірі ауылдан автобуспен келеді, оны күтіп алуың қажет. Кейде қайтарға билет табылмайды. Осындай қолбайлау сәттер жиі кездесетін.

Сурет: Қарағанды телевидениесінің мұрағатынан

Бір күні абырой болғанда ха­барға шақырған қонақтарым уақы­тылы келді. Түстен кейін бас­тарын қосып, айтар мәселемізді айқындап алдық. Тақырыбымыз – ауыл шаруашылығындағы атқарылып жатқан ауқымды іс-шараларға арналды.

Олардың арасында Нұра ауданына қарасты Чкалов совхозы партия ұйымының хатшысы Тельман Әлімбаев, Осакаров ауданындағы Маржанкөл совхозының директоры Өміртай Балтин, Қарқаралы ауданының шопаны, тәлімгер ұстаз Әбілжан Сайранов және Егіндібұлақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Асан Ыбыраев болды. Бәріміз кең отырып кеңестік. Қойылатын сұрақтарымызды тағы бір рет пысықтадық. Жазу студиясына барып, кімнің, қай жерде отыратынын, кімнен кейін кім сөйлейтінін режиссер Икен Құрманбетова жақсылап түсіндірді. Тікелей эфир болған соң 40 минуттық хабарға қатысушылардың сөйлейтін сөздерінің көлемін «минуттап» тұрып, бөліп бердік. Артық сөйлемеу керектігін қатты ескерттік.

Мақсат – халықтың әлеуметтік тұрмыс-жағдайын жақсартудағы және ауыл шаруашылығын өркендетудегі партиямыздың алға қойған міндеттерін әңгімелеу. Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу саласында атқарылып жатқан іс-шаралар мен жастар еңбегін тілге тиек ету. Қонақтармен өткізген алдын ала дайындықтан кейін үзіліс жариялап, кешкі студияда кездесетін болдық.

Сонымен, сағат 18.20-да тікелей эфир басталды. Сценарий бойынша қонақтар өздеріне қойылған сұрақтарға жауап берді. Бірақ, ара-арасында көбірек сөйлегендер кездесіп қалды. Ең соңында кезек Қарқаралы шопаны Әбілжан ақсақалға келді. Осы кезде режиссердің көмекшісі Бәкиза Сейсепова хабардың бітуіне 2 минут қалғанын саусағымен көрсетті.

– Әбеке, хабарымыз аяқталып келеді. Кешіріңіз, бар болғаны 2 минут қалыпты. Түйінді сөзді қысқартып, сіз айтыңыз! – дедім шопан ағама.

– Әй, журналист бала! Сен, тұра тұр! Біріншіден, мен тоқалдан туғаным жоқ. Сен бәрінің қыз­мет дәрежесін айттың да, менің кім екенімді, қандай орден-медальдармен марапатталғанымды, қайда істейтінімді, депутат болғанымды неге айтпайсың? Екіншіден, сен дайындық кезінде алдын ала айтқансың, 4 минут сөйлейсіз! – деп. Мен сонау 200 шақырым жерден келіп, екі минут сөйлеуім керек пе?! Жоқ, болмайды! Көп оттама! Қасымдағылар жымиып отыр. Мен кешірім сұрап, қонақтардың көбірек сөйлеп кеткенін, хабарға тиесілі уақыттың аяқталып қалғанын айтып едім, қолын бірақ сермеді.

Тікелей эфирде болғандықтан айтқандары түгелдей естіліп жатыр. Содан соң, ағамыз көсіліп тұрып сөйлесін… Тоқтайтын түрі жоқ. Жоғарыда пультте отырған режиссер мен қарсы алдымдағы операторлар «бір минут қалды, қалай да аяқта!» – деп қолдарын олай-былай ербеңдетіп, ескертіп жатыр. Көгілдір экраннан тікелей көрсетіліп жатқандықтан: «Аға, тоқтаңыз. Енді болды!» – деп айтайын десең, ел-жұртқа сөзіміз естіліп қалады. Далбасалап аяғын бассам, тартып алады. Қолынан ақырын ұстасам, қырсық шал: «Тарт, қолыңды!», – деп сілкіп тастады. Әбден есім шықты. Хабарды одан әрі созуға келмейді. Өйткені, сағат кешкі 19:00-де Алматыдан «Қазақстан» ұлттық арнасының «Соңғы жаңалықтары» берілуі тиіс, оны жабуға болмайды. Запаста болатын бірер минутымыз да бітті. Бір кезде сөз ретіне қарай аға шопанның әңгімесін үзіп жібердім де, «Осымен хабарымыз аяқталды!» – деп, қоштасып үлгердім. «…Ух..хх!» – дедім, біткен кезде.

Иә, көрерменді күлкіге кенелтетін осындай «тосын сәттер» тікелей эфирде жиі болып тұрады.

 

Көзілдірігімді көрдің бе?

Ақындардың көбі – аңқау келеді. Кейде бала сияқты не айтсаң соған сене кетеді. Белгілі ақын, қарағандылық қарымды қаламгер, журналист Базар Мамыр солардың қатарына жататын. Ол көп жылдар бойы облыстық телерадио комитетінде редактор болып жұмыс істеді.

Базар замандасымыз өмірінің соңғы жылдарында телеарнаның «Жаңалықтар» бағдарламасында жемісті қызмет етті. Орыс тіліндегі материалдарды керемет тәржімалайтын!

Бір күні Базкең түске қарай менің бөлмеме келді. Әңгімелесе отырып, біраз ақын-жазушылардың шығармасын тілге тиек еттік.

Арада бірер сағат өткенде Базар Мамыр коридорда кездесе кетті.

– Өзіме-өзім ренжіп келемін. Көзілдірігімді таппай жүрмін! Менде плюс қой, ол болмаса, текс­терді оқи алмаймын. Бір сағат болды, іздемеген жерім қалмады. Біраз бөлмелерді сүзіп шықтым. Табылар емес! – деді аңтарылып.

– Барған жеріңнен көзілдірігіңді сұрадың ба?

– Жоқ! «Қоянды қамыс, еркекті намыс өлтіреді» дегендей, «Базекең қартайып қалған ба?» демесін деп, кірген бөлмелерге білдірмегенсіп, көз қиығымен байқап шықтым емес пе?! – деді ағынан жарылып.

– Аудармаң не болды?

– Бітіріп тастадым!

– Базеке, онда негізгі жұмысың аяқталған екен, ендеше жүр кабинетке. Мен сенің көзілдірігіңді тауып берейін! – деп кабинетіме ертіп келдім. Көзілдірігін айтқанда, бала сияқты қуанып кетті. Бөлменің есігін ішінен кілттеп алдық та, екеуміз жақсылап темекі тарттық.

– Қырсыққандай темекім де бітіп қалған еді, мынауың тәуір болды, – деді бір кезде Базекең темекі тұтқылын сөндіріп.

– Енді, жақсылап тұрып, бір-бір стақаннан шай ішейік, көп кешікпей «көзілдірігің де» табылып қалады! – дедім шай жабдығына кірісіп жатып. Әне-міне дегенше, сүт қосқан күрең шай да дайын болды. Арасында әңгімемізді қайта жалғастырып қоямыз.

– Әлеке, «Жаңалықтардың» тексттерін аударамын деп жүріп, «обедке» баруды ұмытып кетіппін! «Басым неге солқылдап ауырып тұр?» десем, шай ішпеген екенмін ғой! Мына берген күрең шайың үйдегі Роза жеңгеңнің шайынан артық болмаса, кем болмады! Рахмет, бауырым! Қанша айтқанмен, көзкөрген доссың ғой! – деп маңдайынан аққан терді алақанымен сүрте бастады.

– Қой енді, мен қайтайын. Көзілдірігімді тауып алайын, – деп орнынан тұра бастады. Базекең кейде біреумен әңгімелесіп отырғанда «көзілдірігін» шашының үстіне көтеріп қоятын. Осы әдетімен бұл жолы да солай жасағанын өзі байқамай қалса керек.

– Көптен іздеген көзілдірігің «төбеңде» тұр ғой! – дедім. Мен оны коридорда кездескен бетте-ақ байқағанмын. Содан соң сәл демалсын! – деп кабинетке шақыр­ған едім.

– Әй… осы… ұмытшақтық дегенді қойсаңшы! Мен мұны бір сағат іздедім! Қарамаған жерім қалмады, – деп Базекең басын қайта-қайта шайқап қояды.

– Базеке, қанша айтқанымен, қартая бастапсың ғой! Бірақ, әлі оған ерте!  Шашыңның ағарғаны – ақыл-ойыңның толысқаны ғой! – деп інілік ізгі тілегімді білдірдім.

Арада екі жыл өткен соң Базар Мамыр туған жері Қатонқарағайға қыдырып барып, аяқ астынан қайтыс болды. Қабырына Сарыарқаның бір уыс топырағын салып қайттық.

Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
(Жалғасы бар)

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button