Көмірден – болатқа, болаттан – болашаққа
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз» деген тағдырлы тұжырымы – ел дамуының жаңа белесін айқындаған тарихи бағдар. Бұл үндеу – Қазақстанның шикізатқа тәуелділіктен арылып, озық технологиялар мен жоғары қосылған құн өндірісіне бет бұруының айқын дәлелі. Президент пәрмені – тың экономикалық парадигманың бастау бұлағы, ал, оны іске асыру – әрбір өңірдің, әсіресе, Қарағанды сынды индустриялық локомотивтің қос қолында.

Кен көлкіген керемет
Қарағанды облысы – ғасырлар қойнауынан жеткен өндірістік қуаты мен табиғи байлыққа қоры бойынша Қазақстанның индустриялық дамуының алдыңғы шебінде тұрған аймақ. Ел экономикасының локомотивіне айналған өркенді өңір өзінің өндірістік әлеуетімен республика көлемінде ерекше орынға ие. Облыс көмір мен металдың қарашаңырағы ғана емес, сонымен қатар, ірі машина жасау және металлургия кәсіпорындарының шоғырланған орталығы. Қазыналы жерінен қазылып алынған қара алтын – көмір, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Өрісті өлке атақты Қарағанды көмір бассейнінің отаны, ондаған жылдар бойы Қазақстан энергетикасының күретамыры.
Бүгінгі өндірістік әлеуеттің мазмұны да, талабы да, табиғаты да мүлде жаңа сипатқа ие. Яғни, жай ғана эволюциялық өзгеріс емес, өркениетті дамудың заңды жемісі, жаһандық нарықтың жаңаша тынысы, уақыттың қатал талабы. Бірақ, біз бұл жаңашылдыққа қарап отырып, осы күнгі өнеркәсіптің түп-тамырына бойламай кете алмаймыз.
Себебі, тереңнен тамыр тартқан аймақ тарихы алғы буынның тіршілік көзін таба білген, есеппен күн көрген, табыспен тірлік еткен көреген дәстүрінің заңды жалғасы. Жерден кен өндіру бізге жат емес, керісінше, ұлттық кодымыздың бір тармағы. Әр заманның өз кәсібі, әр қоғамның өз нарығы бар. Бірақ, бүгінгі индустрияның ауқымы мен архитектурасы мүлде басқа деңгейде. Атаулы сараптамалық дүниені жазудағы басты мақсатымыз да – дәл осы өзгерістердің мәнін ашу, бүгінгі Қарағандының тек қаржылық тұрғыдан ғана емес, үлкен әлеуметтік, экономикалық, тіпті, мәдени құбылысқа айналғанын айқындау еді.
Шынында да, осы өркениет талаптарын толық меңгерген, цифрлы трансформация мен логистикалық жеңілдіктерді үйлестіре білген күрделі жүйеге айналды. Енді кез келген кәсіпорын – тек өнім мен қызметтің алмасуы емес, селкеусіз сенімнің, технологияның, стратегияның алмасу алаңы. Ірі бизнес айналымы – осы жаңа экономикалық дәуірдің басты көрсеткіші.
Осы орайда, металл өндіру саласында да аймақ көш бастап тұр. Балқаштағы мыс балқыту зауыты әлемдік деңгейдегі өндірістер қатарында. Түсті және қара металлургияның, әсіресе, ферроқорытпа өндірісінің дамуында Қарағандының үлесі орасан. Жоғары технологиялармен жабдықталған зауыттарда өндірілетін өнімдер ішкі нарықпен қатар шетел сұранысын да қанағаттандырып отыр. Мұнымен қоса, машина жасау саласы қарқын алып келеді. Автоқұрастыру, ауыл шаруашылығы техникасын шығару, тау-кен өнеркәсібіне арналған ауыр машиналар өндірісі аймақтың индустриялық картасында ерекше орынға ие. Сан қырлы салада мыңдаған адам еңбек етіп, отандық өнімнің сапасын арттырып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосуда. Бүгінде Қарағанды облысы Қазақстанның өнеркәсіптік өндіріс көлемінің шамамен 25 пайызын құрайтын қуатты экономикалық аймаққа айналған. Бұл – әрбір еңбек адамының маңдай терімен келген жетістік, ғасырлар сабақтастығының жемісі.

Орталық облыс тек Қазақстанның ғана емес, мұқым Орталық Азияның өндірістік тіректерінің бірі. Индустрияның жүрегіне айналған аймақ жыл сайын өсіп келе жатқан қарқынымен ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып отыр. Облыс жылма-жыл шамамен 3,5 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімін өндіреді. Оның 2,6 триллионы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиіп отыр. Осы көзайым көрсеткіштер Қарағандының өндірістік қуаты жыл өткен сайын артып келе жатқанын тағы бір дәлелдесе керек. Инвестициялық белсенділік те едәуір жоғары. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 727 миллиард теңгеге жетіп, кәсіпкерлік пен ірі өндіріс ошақтарының дамуына жол ашты. Ал, биылдың алғашқы жартыжылдығында облыстағы өнеркәсіптік өндірістің көлемі 2,3 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда оң серпін байқатты.
Өндіріс қуатының құпиясы
Сағат тілі кері айналмайды. Өндірісті өлкенің бұл күнгі кемел келбеті – адамзат өркениетінің мыңдаған жылдар бойғы тәжірибесі мен тіршілігінің заңды жалғасы екенін бағамдаймыз. Өндіріс атаулысы тек қазіргі заманның жемісі емес, адамзат тіршілігінің негізгі діңгектерінің бірі. Иә, әр заман бедеріндегі түрлі өркениеті кен игеруді даналығымен, алыс-берістегі алғырлығымен де ерекшеленген. Демек, бүгінгі өндіріс өрісі жаһандық нарықтың цифрлы экожүйесінде өмір сүріп жатқанымен, оның түп негізі сол терең тарихта жатыр. Міне, қараңыз! Тарихпен үндескен тіршілік, уақытпен өрілген өркениет. Енді болжамға бет бұрып көрелік.
Болжам бойынша, жыл қорытындысы Қарағанды экономикасының 6,5 пайызға, ал, өнеркәсіп секторының 6,9 пайызға дейін өсетінін көрсетіп отыр. Жалпы, өңірдің инвестициялық бағдарламасы аясында 1,5 триллион теңге көлеміндегі жобалар қолға алынуда. Соның ішінде, 17 ірі жобаның үлесі 194 миллиард теңгеге тең. Баянды бастамалар 2 700 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, өңір халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор ықпал етпек. Қарағанды – тек көмірдің ғана емес, болашақтың қаласы. Индустриялық-инновациялық даму бағытындағы табысты жобалар мен алға қойылған ауқымды мақсаттар – өңірдің жаңа дәуірге қадам басқанын айғақтайды.
Соңғы жылдары өңір индустриясы жаңа биіктерді бағындырып, өндірістік қуат пен технологиялық жаңғырудың нақты үлгісіне айналып отыр. Салада 42-45 пайыз көлемінде өсім тіркеліп, Қарағанды машина жасаудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ел көлемінде Сарандағы әйгілі QazTehna зауыты қазіргі заманғы автобустардың 1700-ге жуығын құрастырып шығарды. Жойқын жоба өңірдің ғана емес, тұтас елдің көлік саласындағы технологиялық тәуелсіздігін арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, өңір Теміртау қаласы үшін трамвайлар жинауды қолға алды. Бұл – урбанистік көлік инфрақұрылымын отандық өніммен жабдықтау бағытында қолға алынған аса маңызды бастама.
Жеңіл өнеркәсіп саласы да 24 пайызға өсіп, бұрын назардан тыс қалып келген бағыттың қайта жандануына себеп болды. 18 жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, 100-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылды. Арнайы киім, шұлық өнімдері, өнеркәсіп қызметкерлеріне арналған аяқ киім – барлығы ішкі нарықты сапалы отандық тауармен қамтамасыз етуге бағытталған. Құрылыс индустриясы аймақта 7,8 пайыздық өсіммен ерекшеленіп отыр. Бұл кірпіш, отқа төзімді және жылу оқшаулағыш материалдар өндірісінің артуымен тікелей байланысты. Өңірдің осы бағыттағы өнімдері өзге облыстарға да жеткізіліп, сұранысқа ие болып келеді. Фармацевтикада 20 пайыз өсім бар. Ал, қағаз өнімдері өндірісі де оң динамикаға ие.
Міне, Қарағанды өңірінің өндірістік өркендеуі мен индустриялық-инновациялық серпіні туралы нақты деректер мен нақты жетістіктерге көз жеткіздік. Бірақ, сандар мен жобалар артында не жатыр? Шындығында, өндіріс дегеніміз тек жалаң цехтар мен зауыттар ғана емес. Адамзаттың еңбекпен өрілген рухани эволюциясы. Технология мен жаңашылдыққа иек артқан өңір алдымен қоғамның өзін қайта өндіруі, қайта құрылымдауы деп түсінсек, ләзім. Уақыт ешқашан бір орында тұрмайды. Жаңа дәуірге қадам басқан сайын, өндірістің де келбеті мен мазмұны күрделіленіп, тереңдей түседі. Бүгінде Қарағанды зауыттары мен фабрикалары тек темірді емес, енді цифрлы өндіріс пен жасыл экономикаға қарай бет алып барады.
Ал, болашақ ше? Болашақ – дайын тұрған дүние емес. Ол – бүгінгі әрекеттен өрбитін мүмкіндік. Өрісті өңір дәл осы мүмкіндікті іске асыру жолында. Машина жасау, цифрлы өндіріс, фармацевтика мен жасыл технология – мұның бәрі әлеммен бәсекелесуге қабілетті елдің ұлы жобалары. Жоталы жобалар тек экономиканы өркендетіп қоймайды, адам өмірінің сапасын өзгертеді, болашақ ұрпаққа таңдау еркіндігін сыйлайды. Сол себепті де, өндіріс біз бен сіз үшін тек құрылым емес – ол үміт, ол күрес, ол жаралыс. Қарағандының күре тамырында соғып жатқан осы үміт пен күрес – күллі Қазақстанның келешегінің қуатты импульсі.
Цифрлы өріс пен «жасыл» технология
Аймақ Қазақстанның барлық марганецінің 100 пайызын, көмірдің 30 пайызын, ал, металлургия саласында ұлттық болат өндірісінің 40 пайызына дейінгі бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Атаулы сандар тек өндірістік көрсеткіш қана емес, елдің энергетикалық және құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық артықшылық. Яғни, Қарағанды облысы – тек өндіріс қуатының орталығы емес, сонымен қатар, жаңа технология, инновация мен инвестиция тоғысқан заманауи экономикалық кеңістікке айналып келеді. Осындай серпінді даму – аймақ халқының әл-ауқатының, тұрақты жұмыспен қамтудың және еліміздің экономикалық дербестігінің басты кепілі.
Қарағанды облысының бүгінгі қарқынды дамуы – елдің индустриялық қуатын нығайту жолындағы тарихи әрі стратегиялық міндеттермен астасып жатыр. Аймақ тек көмір мен болаттың ордасы ғана емес, қазірдің өзінде инновациялық экономика мен цифрлы өндіріс дәуіріне бағыт алған жетекші өңір. Болашақта облыстың жоғары технологиялы машина жасау кластерін кеңейту, автобус пен трамвай өндірісін экспорттық деңгейге шығару, «жасыл металлургия» жобаларын іске қосу, өнеркәсіптік робототехника элементтерін енгізу, сондай-ақ, медицина және фармацевтика саласындағы заманауи өндірістерді дамыту секілді ауқымды жоспарлары барлығы көз қуантады.
Алайда, көлкіген мүмкіндіктерге жету үшін облыс тек ресурстық базасымен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазыналы Қарағанды бүгін – инновация мен инвестиция, цифрлы интеллект пен экологиялық сана тоғысқан экономикалық эксперимент алаңы. Аймақ экономикасының әрбір векторы «жасыл» даму мен технологиялық жаңғырудың нақты белгілерін көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде облыстағы өндірістік үдерістерге жасанды интеллект, автоматтандыру, big data талдау және өнеркәсіптік робототехника сынды жаңа толқын технологиялары енгізілуде. Бұл – өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, адами капиталдың сапалы түрленуін талап ететін, күрделі де қызықты үдеріс.
Ал, «жасыл металлургия» – болашақтың мүлдем үр жаңа парадигмасы. Байсалды бастама тек экологиялық стандарттарды сақтау емес, сонымен қатар, тұрақты дамуға негізделген экономикалық модельдің іргетасы. Осындай жойқын жобалар Қазақстанды жаһандық нарықта жаңа сападағы ойыншы ретінде танытады. Ол дегеніміз – таза өндіріс, жоғары экспорттық стандарт, заманауи еңбек мәдениеті. Қазіргі таңда Қарағанды облысы еліміздің индустриялық бағытын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, барша Қазақстанның технологиялық жаңғыруының басты генераторына айналып отыр. Мұнда басталған жобалар – ертеңгі ел көлеміндегі өзгерістердің алғышарты. Ендеше, Қарағанды болашақты алдын ала сезіп, сол болашаққа қадам басып үлгерген санаулы өңірлердің бірі.
Жаңғыру мен өркендеу үлгісі
Бүгінгі таңда аймақта индустриялық-инновациялық дамудың екінші толқыны басталды. Толқын – тек шикізат өндірумен шектелмейтін, өңделген, дайын, жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттауға бағытталған жаңа экономикалық парадигма. Келер жылдан бастап іске қосылуы жоспарланған химия, металл өңдеу, микроэлектроника мен биотехнология саласындағы жобалар арқылы Қарағанды өңірі еліміздің жаңа экономикалық тірегіне айналуы мүмкін. Ол дегеніміз – инвестициялық климаттың, адами капиталдың және ғылыми әлеуеттің үйлесімді дамуының нәтижесі. Қарағандының ертеңі – жасампаз еңбек пен саналы индустрияға сүйенген ертең. Демек, тың мүмкіндіктер мен жаңа биіктерге бастар жолдың басы ғана. Әрбір іске асқан жоба, әрбір құрылған жұмыс орны – тек облыстың ғана емес, тұтас Қазақстанның келешек әл-ауқатының берік іргетасы.
Осындай даму динамикасы мен жан-жақты бағдарланған саясаттың арқасында орталық облыс – еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуші басты тіректердің бірі бола отырып, табысты, технологиялық, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты аймақ ретінде қалыптасып келеді. Бүгінгі жетістік – ертеңгі серпіннің бастауы. Ал, сергек серпін – қазақстандық өндірістің жаңа дәуіріне апарар сенімді жол.
Респондент пікірі
Иә, қазіргі уақыт – өміршең өзгерістердің, тоқтаусыз түрленудің, үдей түскен даму мен серпілістің дәурен-дәуірі. Қоғамның әр сәт сайын құбылып, қарқынмен дамуы – кешегі озық тәжірибені ертең-ақ тарихи архивке айналдырып, «күнін өткерген» қатарға қосып жатады. Бүгінгі таңғаларлық жоба – ертеңгі күні ескірген стандартқа айналуы мүмкін. Міне, осындай динамикасы жоғары, үнемі жаңарып отыратын шындықта өндіріс саласы да бейжай күйде қала алмайды. Сан сырлы сала енді бұрынғыдай тұрақты бір жолмен емес, икемділік пен жылдам бейімделуге негізделген жаңа парадигмада жұмыс істейді. Нарықтың да табиғаты түбегейлі өзгерді. Бір сәттік шешім – ұзақ мерзімді табыстың кілтіне айналуы мүмкін, ал, кідіріс – мүмкіндік есігінің тарс жабылғаны.
Сондықтан, қазіргі заман – батыл қадам мен стратегиялық көрегенділікті, технологиялық серпін мен адами әлеуеттің үйлесімін талап етеді. Кез келген кәсіпорын тек өз ісінің шебері ғана емес, уақыттың тамырын дөп басар сарапшы, әр өзгерісті болашақтың мүмкіндігіне айналдыра алатын жаңашыл тұлға болуы тиіс. Бүгінгі өндіріс тек табыс табудың құралы емес, ұлт дамуының, қоғам ілгерілеуінің тірек тетігі. Сондықтан, заманауи бетбұрыстар дәуірінде орталық облыс тек бейімделудің емес, жаңашылдық пен бастамашылдықтың, сын-қатерлерден мүмкіндік тудыру өнерінің символына айналды деп ой тұжырады тәуелсіз сарапшы Әлия Мұратова.
– Қарағанды өңірінің индустриялық-инновациялық дамуындағы осындай айқын серпін мен ауқымды жобаларға куә болып, үлкен қуаныштымын. Асылы, біздің экономикалық дербестігіміздің және технологиялық әлеуетіміздің нақты көрінісі – бұл дегенміз. Жаңа технологиялар мен жоғары қосылған құнды өнімдерге басымдық беру арқылы облысымыз тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да бәсекеге қабілетті болатынына сенімім зор. Жұмыс орындарының көбеюі мен тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруы – біздің басты жетістіктеріміздің бірі. Осылайша, Қарағанды – болашаққа сеніммен қарайтын, тұрақты дамып келе жатқан индустриялық орталық. Барша әріптестеріме осындай тың бастамаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін! – дейді Әлия ханым.
Тобықтай түйін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңаша даму үлгісі – заман ағымымен үндескен ұлы идея. Президент пәрмені әр азаматтың еңбегі мен шығармашылығын, елдің табиғи байлығы мен технологиялық мүмкіндіктерін ұштастырып, жаңа тарихи дәуірдің іргетасын қалап отыр. Мұнда әрбір өндіріс – тек өнім емес, білім мен жаңалықтың, ізденіс пен мақсаттың жемісі. Қарағандының индустриялық серпіні еліміздің болашағын айқындайтын бөлек нышанға айналып, елімізді дамудың жаңа шыңдарына жетелейтін шамшырақ болмақ. Осылайша, өрісті өндіріс – халықтың берекесін арттырып, жүзеге асыратын сенімді жолға бастайды.
Иә, Қарағанды – көмірден басталған күретамыр, болатпен шыңдалған рух және болашақпен өрілген таңғажайып тағдыр. Осы өңір – тарихтың тереңінен бүгінге жеткен еңбек пен табандылықтың нақты символы. Ғасырлар бойы Қазақстанның өндірістік жүрегі болып келген Қарағанды бүгін жаңа дәуірдің дүрсілін сезінуде. Ол – цифрлы өндіріс пен «жасыл» экономика, инновация мен жоғары технологиялар дәуірі. Қарағандының өркендеуі жай ғана өнеркәсіп көрсеткіштері немесе инвестициялық жобалар жиынтығы емес. Еліміздің экономикалық дербестігін айқындайтын, ұлттық қауіпсіздікті бекемдейтін, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеретін ауқымды серпіліс. Әрбір іске қосылған зауыт, әрбір ашылған жұмыс орны, әрбір жаңа технология – бұл болашаққа салынған көпір.
Бүгінгі Қарағанды көмірмен тыныстаған өткеннің емес, болашағына сеніммен қадам басқан жаңа Қазақстанның бет-бейнесі. Оның өн бойында ғылым, білім, кәсіпкерлік, инновация мен ұлт рухы тоғысқан. Өлке өндіріс қуаты емес, ұлттың өріс қуаты. Енді Қарағанды күнде-күнде кен қазатын өңір емес, жарқын болашақ баспалдағын қалайтын аймақ. Жаңа зауыттар, сандық технологиялар, инновациялық жобалар – мұның барлығы ел дамуына бағытталған тегеурінді қадамдар. Яғни, тек аймақтың емес, тұтас ұлттың жаңа индустриялық шежіресі. Сондықтан, Қарағанды – тарихтың темірін балқытып, келешектің керегесін кеңейтіп жатқан алып алаң. Ендігі жерде өндірісті өңір – Қазақстанның интеллектуалдық, технологиялық, әрі әлеуметтік тұрақтылықтың алтын арқауына айналмақ. Болашақ осы жерде басталады!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»