Басты тақырып

Көмір бағасы – бақылауда

    Қарағанды облысында көктемгі тасқынға төтеп беретін бөгеттер салынып жатыр. Бұл туралы кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында айтылды.

Көктемгі тасқын судың салдарынан сақтану үшін аймағымызда бөгеттер салынып, үйінділер жасалуда. Көктемге дайындық қызу жүруде. Қазірдің өзінде-ақ су тасқыны болады деген қауіп бар жерлерде бөгеттер салынып, қоршау тор құрылыстар-габиондар сатып алынып жатыр. Су өткізгіш камералар мен шлюздердің жағдайы тексерілуде.

Қазіргі таңда Бұқар жырау ауданындағы Садовое ауылының маңында үйінді жасалып жатыр. Онда жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталған. Ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын судың жолын бөгейтін кедергі жасалған. Енді, жұмыскерлер қиыршық тастардан үйінді үйіп жатыр.

Чкалов ауылының маңында да үйінді жасалды. Оның жалпы ұзындығы 2,2 шақырым болады деп жоспарлануда.

Қарқаралы ауданында бөгеттер Нүркен Әбдіров атындағы ауылдық округте – 150 метр, және Ақшоқы ауылының жанында – 2,5 шақырым болады. Осы секілді жұмыстар Жаңажол, Қаракөл және Жәнібек ауылдарында да жүргізіліп жатыр. Бөгеттің жалпы ұзындығы 5,8 шақырым болады.

– Біз ауыл тұрғындарымен кездесулер өткіземіз, – деп мәлімдеді табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Төлепбаев. – Ауыл тұрғындары үйінділер олардың аулаларына тимесе деген тілек білдірді, біз олардың өтініштерін ескереміз. Жалпы барлық жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр. Қазір біз Ағадыр кентінде бөгет салудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Габиондардың Тассуат және Майоровка ауылдық жерлеріне жеткізілуін күтіп отырмыз. Байқау процедуралары аяқталды. Орнату келісімшарттарына қол қайылды.

Нұра, Үлкен Құндызды, Шерубай-Нұра және Талды өзендерінің арналары тазартылды. Сонымен қатар, Красная Поляна ауылдық округіндегі екі гектар тал тоғайлары орылды.

Оған қоса, жұмыскерлер су жинағыштарды тазартып, шлюздерді орнатып жатыр. Қазір барлық алдын алу жұмыстары аяқталуға жақын қалған.

Сонымен қатар, облыс басшылығы халыққа арналған көмірдің бағасын бақылауға алмақ. Аппарат жиынында аймақ тұрғындарына арналған көмір мәселесі тағы да көтерілді.

– Өткен аптада тағы да қосымша 180 вагон көмір келіп жетті. Шұбаркөл разрезінде Қарағанды облысына қажетті көмірді шығару көлемі тәулігіне 20-30 вагоннан 60 вагонға дейін ұлғайтылды. Қазақстан Темір Жолымен бос вагондарды уақтылы жеткізу туралы келісім жасалды, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

10 қазанда облысымыздың аудандары үшін «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан 35 вагон көмір жеткізілген. 11 қазанда бұл көрсеткіш 61 вагонға дейін өсті. Қазанның 12-де облысымыздың аудандары мен қалаларына 69 вагон, ал 13 қазанда – 75 вагон болды. Оның ішінде, Қарағанды үшін 46 және 51 вагон.

– Мен өткен аптада Жаңаарқада болып қайттым. Онда көмірдің бағасы тоннасына 12000 теңге. Басқа аудандарда көмірге байланысты жағдай қалай? Бағалары қандай? – деп сұрады Ерлан Қошанов аудан әкімдерінен.

Жауап ретінде көмірдің бағасы бір тоннасына 11000-нан 17000-ға дейін өзгеріп тұратыны айтылды.

– Шұбаркөлдік көмірдің орташа бағасы теміржол тұйықтарында бір тоннасына 11000 теңгені құрайды. Бірақ әрі қарай оның құны жеткізілетін ауданның қашықтығына байланысты өседі,  – деп түсіндірді Алмас Айдаров.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі қарамағындағы қызметкерлерге облысымызда жылыту маусымының алдында көмірге деген сұраныстың күрт өсуіне байланысты пайда болған проблемаларды анықтауға тапсырма берген болатын. Аппарат жиынында Ерлан Қошанов аудандардағы көмірдің бағасын тексеру керектігін айтты. «Бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаңыздар. Әсіресе бағаға қатысты», – деді аймақ басшысы.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button