Бас тақырыпТаным

“Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…»

Бүгін – көрісу күні. Бұл туралы «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» деп жазыпты хәкім Абай «Жазғытұры» өлеңінде. Қыс бойы бірбірімен қатынаса алмай қалған ағайын жер аяғы кеңіп, қатынас жол ашылған соң бір-бірін іздеуі, амандық-саулық сұрасуы – көңілге қонымды жайт. Жалпы, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мейрамдарының барлығы адамды ізгілікке жетелейді…

Көрісу күнінде жасы кішілер үлкендердің үйіне барып, міндетті түрде көрісіп шығады. Кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе, құдайы көршіге бірінші кіріп шыққан жөн. Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деуі тиіс. 14 наурыз күні адамдар үй ішін тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. Таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қарты бар үйлер ерте оянып, дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіріп, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады.

Көрісу күні еліміздің әр аймағында – амал мерекесі, әбдікей, отамалы, көкек және тағы басқа түрлі атауларымен аталады. Бұл мейрамның шығу төркіні туралы да түрлі пікірлер бар. Ғалымдардың айтуынша, қазақ халқы жыл басын наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастаса, батыс аймақта жыл басын наурыздың 14-інде тойлайды. Олар бертінге дейін айлардың «Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді» сияқты арабша атауларын пайдаланған. Сондай-ақ, айдың тууын қазіргі есеп бойынша, әр айдың 14- інен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды – 1 наурыз, яки, айдың бір жаңасы деп есептеген. Сондықтан да, бұл мереке тек батыс аймақта сақталған деп айтылып жүр.

Қарағанды облысының Шет, Жаңаарқа өңірлері тұрғындарының айтуынша, бұл мерекені бала күндерінде кең тойлаған. Онда «қазақтың өмірі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, егер амал мерекесі кезінде қар бетінде сыңсып жатқан қойдың құмалақтары қарға сіңіп кеткен болса, онда, жыл берекелі, құтты болады» деп есептеген.

Қолда бар кей деректер 14 наурыз еліміздің өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Шындығында, халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше – 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы тойлаған.

Әулие, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазыпты. «Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» – делінген. Орыстардың 13 қаңтарды «Ескі жаңа жыл» деп атауы да, осының бір көрінісі болар, мүмкін…

Қалай десек те, жақсылықтан қашпаған жөн. Ағайын-туысты ымыра-бірлікке шақырып, игілікке бастайтын көрісу күні – біз үшін күн мен түннің теңелер тұсы, қалыптасқан жыл басы, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің басталу тұсы іспеттес.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button