Ресми

Көлік апаты көбейіп тұр

Қазақ өткен ғасырда аштықтан қырылды. Содан кейін сталиндік жаппай репрессия басталды. Тізе берсеңіз көп. Қайсыбірін тырнаймыз. Халқымыздың басына нелер келіп, нелер кетпеді. 20 миллионнан аса алмай жатқан бейбіт заманның қазағы бүгінде жол апатынан қырылып жатыр. Мәселен, бір ғана Қарағанды облысында кейінгі 9 айда 236 жол-көлік апаты орын алыпты. Салдарынан 96 адам қаза тапқан. 266 жолаушы жарақаттанған. Былтырғы статистика, тіпті, қорқынышты. 237 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 122 адам көз жұмған. 287-сі жарақаттаныпты. Бұл қоғам болып назар аударатын проблема болып тұр.

Облыс әкімдігінде құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Онда жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Қарағанды мен Алматыны жалғайтын автобан – ажал жолағына айналғалы қашан. Сол жолда қаншама адам опат болды. Жолды қысқартамын деп қарсы бағытқа шыққандар, уақыт ұтамын деп жылдамдықты асырғандар өзіне де, өзгеге де қиянат жасауда. Бала – жетім, жар – жесір қалып жатыр. Мысырдағы Пирамиданы тұрғызу үшін мыңдаған құлдың өмірі қиылған дейді кәрі тарих. Дереу тиісті шаралар қабылданбаса, мына автобанымыз да тарихта қасіретті болып қалайын деп тұр.

Қазір әлгі жолда екі-ақ жолақ бар. Оның өзі шалажансар. Өйткені, құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Полиция жол апатын болдырмау үшін кейбір шақырымдарда төрт жолақты толықтай ашу қажет деп отыр.

– «Алматы-Екатеринбург» жолының ең қауіпті учаскесі – Қарағандыдан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі Ақтоғай, Шет және Абай аудандары бойынша өтетін бағыт. Жолдың төрт жолағы бар тағы жеті учаскесінің ашылуын қарастыру қажет. Жалпы ұзындығы – 154 шақырым. Бұл көлік легін бәсеңдету және қарсы қозғалыс жолағына шығуды болдырмау үшін қажет, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Қайта жаңартылатын учаскелерде бірқатар кемшіліктер анықталып жатыр. Атап айтсақ, жиектегі қиыршық тастар стандартқа сәйкес төселмеген. Асфальт лас. Жол бойында қоқыс жәшіктері, кемпингтер мен қоғамдық дәретханалар жоқ. Құрылысқа жауапты мердігерлерге айыппұл салыныпты.

Жиында «Қарағанды-Қарқаралы» тас жолында 1 қазанда болған жол апаты жөнінде де айтылды. Қайғылы оқиға Матақ ауылының маңында орын алды. Кроссовер мен жеңіл көлік қақтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктегі 2 адам қаза болды. Апаттың себебі анықталуда. Облыстық полиция департаментінің берген ресми ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғасына қатысты 345-баптың 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалыпты. Сараптама тағайындалған. Тергеу жүргізілуде.

Бұл жағдай жолдағы қауіпсіздік мәселесіне назар аудартты. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев полиция департаментіне шараларды пысықтауды тапсырды. Әсіресе, республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы аркаларға жылдамдық өлшейтін құралдарды орнату ұсынылды. Өйткені, апаттың басым бөлігі жылдамдықты шамадан асырғаннан болады.

– Жол қауіпсіздігіне мүмкіндігінше көп көңіл бөліңіздер. Бұл тек республикалық маңызы бар жолдарға ғана емес, облыстық, қалалық, аудандық жолдарға да қатысты. Аралық шаралар қабылдап, барлығына бірлесіп әрекет ету қажет, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жиында күзгі, қысқы кезеңге дайындық туралы да айтылды. «ҚазАвтоЖолдың» директоры Ерлан Жұмағұловтың айтуынша «Осакаров-Қарағанды» жолына техника сатып алынуда. Қазан айының соңына дейін 20 бірлік жеткізілмек. Қосымша 14-і жалданады. «Қарағанды-Балқаш» жолы үшін техника санын 30 бірлікке дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бұлардан бөлек, ұрлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары талқыланды. Құқық бұзушылықтың алдын алудың және оларға дереу ден қоюдың ең пәрменді тәсілі – бейнебақылау камераларын орнату. Бүгінде Қарағандыда 5 мыңға жуық камера бар. 40 заманауи «Рубеж» жүйесін сатып алу жоспарлануда. Оның отызы облыс орталығында орнатылады.

Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button