Басты тақырып

«Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?!»

    Елімізде жаңа автокөлік алу мәселесі оңтайланды дегенімен, жаңа темір тұлпарға деген жаппай сұраныс әлі де байқала қоймайды. Бір ғана Қарағанды шаһарында азды-көпті 9 автосалон бар екен. Мұның аз немесе көп екенін дәлме-дәл кесіп-пішіп айта қою қиын. Мәселе онда да емес. Мәселе – халық сұранысына ие жаңа көліктер бағасының аспандап кетуі.

Бүгінгі таңда көлік дәулет көрсеткіші болудан қалды. Қозғалыс құралы деген түсінік қалыптасып үлгерген сыңайлы. Дамыған елдерде әлдеқашан солай болып келген емес пе еді дерсіз мұндайда. Рас, Еуропа елдеріне ат басын бұрып бара қалсаңыз, пәленбай аттың күші бар сүйегі ауыр тұлпарларды әредік қана кездестірер едіңіз. Бұл – жанар-жағармайдың қымбатшылығымен де тікелей байланысты. Осыдан бес-алты жыл бұрын Қазақстанда 90-100 теңгеден аспаған АИ-92 маркалы бензиннің құны қазіргі күні 160 теңгеден асып жығылды. Өз мұнайымыз, өз газымыз барда мұртымыздың майланбауы қалай деп дал болған жүргізушілерді қайтерсіз. Ол аз дегендей, орақ науқаны кезінде таппай қаласыз-ау сол жанармайды. Ал, көлігіңізге қосалқы сайман қажет болса, тұлпардан таға қымбаттығы өз алдына бөлек әңгіме. Әріден бастайық.

Зерделей келе түсінгеніміз, алғашқы автоиндустрия қазақ даласына тың игеру жылдарымен қатар келген екен. Тегін еместігі де белгілі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қазақстандағы тың жерлерді игеру кезінде Кеңес өкіметі елімізде жаппай трактор шығару зауытын салуды қолға алды. Нәтижесінде, 1966 жылы 4 наурызда Павлодар трактор зауыты құрылды. 1967 жылы осы зауыт негізінде арнайы құрал-жабдықтар мен технологиялық жабдықтар зауыты бой көтерді. Сөйтіп, 1968 жылы Павлодардағы зауыт Волгоградта өндірілетін «ДТ-75» тракторының трансмиссиясына қажет тетіктер жасаса, кейін 1968 жылы 12 тамызда «ДТ-75М «Казахстан» маркалы тракторын шығара бастады. Бұл тракторларды аға буын өкілдері жақсы білуі тиіс. Себебі, зауыт бұл ауыр техниканы 1980 жылдардың соңына дейін шығарды. Бұдан әрі «ДТ-75МЛ» моделі, кейін өндірістік «ДТ-90П» тракторы мен ауыл шаруашылығына қажет «ДТ-75Т» тракторлары құрастырылды.

1984 жылы зауытта өндірістік рекорд орнатылып, 55 мың трактор құрастырылса, 1997 жылы бұл көрсеткіш 1879 данаға дейін төмендеп, Кеңес одағының ыдырауы мен нарықтық бәсекелестікке төзбеген зауыт ақыры банкрот болып жарияланды. Бұл зауытты 1998 жылы «Поршень» Алматы зауыты» сатып алғанымен, қайта құрылған «Казахстантрактор» ААҚ басшылығы мұнда ауыл шаруашылығын түрлі техникамен қамтамасыз ететін техноград құрылатынын мәлімдеген еді. Кейін бұл бастама да аяқсыз қалып, бір кездері жылына 55 мың трактор құрастырып, дүркіреп тұрған зауыттың су аяғы құрдымға кеткені белгілі.

2002 жылы 9 желтоқсанда қазақстандық автоиндустрияның екінші тынысы ашылғандай болды. Нақ осы күні Өскемендегі «АЗИЯ АВТО» автомобиль зауытында ВАЗ-2121 «Нива» маркалы темір тұлпарлардың жаппай құрастырылуы басталды. Бүгінгі таңда еліміздегі автомобиль зауыттарында 25 мыңнан аса адам еңбек етуде. Бұл – еліміздегі жаңа саланың игеріле бастауының көрсеткіші еді. Нәтижесінде, өткен 15-16 жылдың мұғдарында аталған зауыт шамамен 128 мыңнан астам «LADA», «SKODA», «Chevrolet» және «KIA» маркасындағы автокөліктерді нарыққа ұсынған. Бұл – Отанымызда өндірілген бес көліктің төртеуін «АЗИЯ АВТО» құрастырды деген сөз. Бұл жайт мемлекет қазынасына да сүбелі үлесін қосуда. 2013 жылғы көрсеткішке сүйенсек, «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» компаниясы үкіметке 19,5 миллиард теңге сомасындағы салық төлеген екен.

Дегенмен, нарыққа ұдайы сенуге болмасын уақыт дәлелдеп берді. 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімге қол қойылып, ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді. Мұның автокөлік мәселесіне қандай қатысы бар дерсіз. Айтайық. Бұл ретте тағы «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» зауытының мәліметіне сүйенуге тура келеді. 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылдың қаңтарында зауыттың автокөлік сату қызметі 62%-ға дейін төмендеді. Бұған – үш себеп бар. Соның алғашқысы – қазақстандық тұтынушылардың Ресей нарығына жаппай бет алуы. Бұл ретте, көрші мемлекеттен автокөлік сатып алу қарқыны рубльдің құнсыздануымен ғана емес, сонымен қатар, жоғарыда айтып өткен Еуразиялық экономикалық одаққа енген мемлекеттер арасында өзара тауар алмасу жүйесі аясындағы қосымша құн салығының алынып тасталуымен түсіндіріледі. Жол полициясы органдарының мәліметінше, 2015 жылғы қаңтарда елімізге жеткізілген автокөліктер саны ресми нарық көлемінен әлдеқайда асып түскен. Сондағы көліктердің 60%-ы – бұған дейін қолданыста болған ескісі. Бұл – екінші себеп десеңіз, үшіншісі – қазақстандық банктердің жаңа автокөлікті несиелендіру кезіндегі пайыз мөлшерлемесінің жоғары болуы.

Алты құрлық адамзаты жаяу жүргенде, «Арыстандай екі бұтын алшайтып арғымақ мінген» (Доспамбет жырау) ел емес пе едік? Тұлпарға үзеңгі тағып, ауыздық салғаны өз алдына, түбі бір түркі жұрты Алтайдан Арқаға бет алғанда домалақ жер шарын дөңгелетіп әкеткен арба да осы өлкеде пайда болған деседі. Сондағы даңқ кетіп, дақпырттың ғана қалғаны ма? Сонау өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері қолымыздан келгені – өзгенің көлігін құрау ғана екен. Осыған қарап, «Отандық автоиндустрия» ұғымының бар болуына таң қаласың. «Пісірген ет жездеңдікі болған соң, сорпасы да сенікі бола алмайды» деуші еді ағаларымыз кекеткісі келгенде. Өзгенің бұзауын бағып, өзіміздің бұқамыз еткіміз келеді. Бұған да көндік. Көнгенімізбен, түсінбегеніміз бар. Ай санап аспандап бара жатқан жанар-жағармай қымбатшылығын өкілетті органдардан сұрай қалсаң,  «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде солай болуы тиіс» деп ақталған болады. Ал, ендеше неге сол Одақ шеңберінде көршілес мемлекеттерден көлік сатып алуға құқықсызбыз? Сонда дейміз-ау, 2012 жылы «АВТОВАЗ» ААҚ мен «АЗИЯ АВТО» АҚ арасында қол қойылған стратегиялық әріптестік меморандумы зардабын неге қарапайым тұрғындар тартуы тиіс? Қарапайым мысал – «Колеса кз.-ті» аша қалсаң, сүйегі қаусаған 90-шы жылдарда өндірілген «Ауди 80» көлігінің өзі 800 мыңнан кем емес.  Облысымыздағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында бой көтерген «RecyclingCompany» зауыты ескі автокөліктерді әрі кетсе 150000 теңгеге қабылдайды. Ал, бұл бағаға екінің бірі келісе қоймайды. Себебі, әлгінде аталған 90-шы жылдардағы көліктердің 300 мың теңгеден төмені жоқ. Бұл ретте, көршілес мемлекеттерде көнелеу көліктердің құны әлдеқайда қолжетімді. «Қазақстанда жасалған» көліктердің құны 3-17 миллион теңге аралығында болғанын ескерсек, шекараның арғы жағынан шекесінен шертіп темір тұлпар тақымдап қайтуға болар еді ғой. Еліміздегі жаңа көліктер де арзандар ма еді? Ойланарлық жайт. Әлі де жаңа автокөлік алуға ниеттісіз бе?

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button