Ресми

Көл тағдыры – ел тағдыры

Балқаш көлінің экологиялық ахуалына табиғат жанашырлары назар аудара бастады. Шағын шаһарда өткен «Балқаш-2024: сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық су-климаттық форумында Көкше көлдің қазіргі жағдайы талқыланып, су айдынын сақтап қалудың жолдары қарас­тырылды. Екі күнге созылған алқалы жиында жиналғандар көлге қатысты жобалармен танысып, ұсыныстарын тыңдады. Трансшекаралық су ресурстарын сақтау бойынша өткен шараға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС демеушілік жасап, қос министрліктің: Су және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі мұрындық болды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Форумға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, Балқаш көлінің экожүйесін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Балқаш көлін сақтау және жағалау бойынша көгалдандыру Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев­ белгілеген стратегиялық міндеттер болып табылады. Балқаш – бұл өңірдің бірегей табиғи нысаны ғана емес, сонымен қатар, туристік әлеуеті жоғары аумақ. Біз туристік инфрақұрылымды дамыта отырып, көлдің экожүйесін барынша сақтау үшін тепе-теңдікті ұстауға тырысамыз. Біз сондай-ақ, көлдің тозуына жол бермеуге және оның жағдайын жақсартуға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіп жатырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысының мәлім­деу­інше, қоршаған ортаны жақсартуда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы да өз жемісін беруде. Облыс бойынша екі айда 112 мың адам жұмылдырылып, 367 рұқсат етілмеген полигон жойылған. 127 мыңға жуық ағаш егілген. Оның ішінде, балқаштықтар белсенділік танытып, бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Қоршаған ортаға жанашыр азаматтар «Таза су айдындары» акциясына қатыса отырып, көлдің жағасын қоқыс пен лайдан тазартқан.

– Бүгінгі таңда Балқаш көлінің жағдайы жақсы, ал, оны сақтау – біздің міндетіміз. Ол үшін Балқашқа келіп құятын су мен экожүйені бұзуға болмайды. Бізде су ресурстарын реттеу мен қорғауға қатысты жүзден астам нормативтік-құқықтық құжаттар бар. Мен оларды жүйелеп, жалпыға қол жетімді бірыңғай сайт құруды ұсынамын, – деді Қазақстанның су серіктестігі төрағасының орынбасары Анар Тілеулесова.

Сондай-ақ, Балқаш су қорғау аймағының жобасына тоқталды. Онда су қорының жерлері ерекше жағдайларда: су жинау құрылыстары, рекреация үшін ғана берілуі мүмкін екендігі тілге тиек етті.

– «Қазақмыс» корпорациясы, ең алдымен, барлық тау-кен металлургиялық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға өңірлік және республикалық проблемаларды шешуде жұмыла кірісу қажет екенін еске салып, үлгі болғысы келеді. Осылайша, азаматтық қозғалыс­тың дамуына ықпал етпекші. Бұл – біздің басты мақсатымыз және біз барлық айтылған іс-шараларды мемлекеттік биліктің барлық деңгейінде жүзеге асыру үшін адами және физикалық ресурстарымызды жұмсайтын боламыз, – деді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС сыртқы стейкхолдерлермен жұмыс департаментінің директоры Тельман Шуриев.

Форум аясында жергілікті суретшілер мен қолөнершілердің «Климат, Су және Қоғамдастық сабақтастығы» атты көрмесі ұйымдастырылды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button